275-бап. Өздеріне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде:
1) олардан мәліметтер алу мақсаттарында оларды заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыруға немесе құқықтарына қысым көрсетуге (оның ішінде алдау, азаптау, қатыгез қарым қатынас, зорлық-зомбылық, қорқыту және өзге де заңсыз шаралар қолдану арқылы);
2) көрсетілген адамдарды медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрілік заттарды клиникалық зерттеулердің субъектілері ретінде пайдалануға;
3) хирургиялық араласуды көздейтін зерттеу әдістерін қолдануға тыйым салынады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамға сот-сараптама зерттеуінің баламалы әдістерін қоса алғанда, пайдаланылатын әдістері туралы, ықтимал ауырсыну сезімдері мен жанама әсерлер туралы қолжетімді нысанда хабарлауға тиіс. Көрсетілген ақпарат өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізіліп жатқан адамның заңды өкілінің өтінішхаты бойынша оған да беріледі.
3. Өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізіліп жатқан адамға медициналық көмек заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана көрсетілуі мүмкін.
4. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар және өтінішхаттар беру мүмкіндігі беріледі. Осы Кодексте көзделген тәртіппен берілген шағымдарды және өтінішхаттарды медициналық ұйымның әкімшілігі жиырма төрт сағат ішінде адресатқа жібереді және олар цензураға жатпайды.
5. Өзі келісім берген адамға қатысты жүргізілетін сот сараптамасы көрсетілген адамның бастамасы бойынша оның кез келген сатысында тоқтатылуы мүмкін.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы