280-бап. Сараптама объектiлерi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесi мен психикасының жай-күйі, мәйiттер, жануарлар, үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама нысанасына жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады.
2. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң анықтығы мен жол берілетіндігіне сараптаманы тағайындаған адам, орган кепiлдiк бередi.
3. Сараптамалық зерттеу объектiлерi, егер олардың көлемі мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сарапшыға қапталған және мөрленген түрде берiледi. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған адам сарапшыны зерттеу объектiлерi тұрған жерге жеткiзудi, оларға кедергісіз қол жеткiзудi және зерттеу жүргізу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс.
4. Сот сараптамасы объектілерімен жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
5. Сараптама жүргізу кезінде оның объектілері сараптаманы тағайындаған органның рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін.
Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы уәжді қаулыда қамтылуға тиіс.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы