327-бап. Қылмыстық iстi тоқтату ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Судья алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауында істі осы Кодекстiң 35-бабының бiрiншi бөлiгiнде және 36-бабының бірінші бөлігінде көрсетiлген негiздер бойынша, сондай-ақ басты сот талқылауында мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда тоқтату туралы қаулы шығарады. Судья істi тоқтату туралы шешiм қабылдай отырып, бұлтартпау шарасын, азаматтық талап қоюды және мүлікті тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларының күшін жояды және заттай дәлелдемелер, егер қорғалатын адамның қауіпсіздігі шаралары қолданылған болса, олардың күшін жою немесе жүзеге асырылуын жалғастыру туралы мәселенi шешедi. Судьяның iстi тоқтату туралы қаулысының көшiрмесi прокурорға жiберiледi, сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамға және жәбiрленушiге табыс етіледі. Қауіпсіздік шараларының күшін жою немесе жүзеге асырылуын жалғастыру туралы шешім қабылданған кезде қаулының көшірмесі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін органдарға жіберіледі.
Ескерту. 327-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы