254-бапқа түсініктеме. Қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау туралы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің түсіндірмесі
1. Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету тапсырылған адамның өз міндеттерін тиісінше орындамауы, егер бұл олардың ұрлануына немесе жойылуына не өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соқса, —
үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не үш айдан алты айға дейінгі мерзімге қамаққа алуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Жаппай қырып-жою қаруын не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдарды немесе жабдықтарды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау, егер бұл ауыр зардаптарға әкеп соқса не олардың туындау қаупін тудырса, —
екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігі қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау нәтижесінде басқа тұлғаның қаруды қылмыс жасау, жеке тұлғаның мүдделеріне зиян келтіру және т.б. мақсаттарда пайдалануына жағдай жасалуынан көрінеді.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды, сондай-ақ қылмыстың нысанасы болып табылатын жаппай қырып-жою қаруын не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар мен жабдықтарды сақтау саласындағы қоғамдық қауіпсіздік болып табылады. Факультативті объектілері адамдардың өмірі мен денсаулығы, меншік болуы мүмкін.
Қылмыс құрамының нысаналары түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігі бойынша атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар болып табылады. Олардың ұғымдары ҚР ҚК-нің 251-бабына берілген түсініктемеде қарастырылған. Атыс қаруының құрамдас бөлшектері қылмыс нысанасы болып табылмайды. ҚР ҚК-нің 254-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының нысаналары жаппай қырып-жою қаруына жататын қару (ядролық, химиялық және т.б.) не осындай қаруды жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар мен жабдықтар болып табылады (ҚК-нің 158 және 250-баптарына берілген түсініктемені қараңыз).
Қылмыстың объективтік жағы әрекетсіздікпен — атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету тапсырылған адамның өз міндеттерін тиісінше орындамауымен сипатталады, егер бұл олардың ұрлануына немесе жойылуына не өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соқса.
Күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау ҚР Үкіметі немесе белгіленген тәртіппен қабылданған өзге де ведомстволық ережелермен белгіленген нақты қағидаларды бұзуды білдіреді.
Ауыр зардаптар деп адамның өліміне әкеп соғуды не денсаулыққа ауыр зиян келтіруді немесе ірі мөлшерде материалдық залал келтіруді түсіну қажет.
Жою деп қылмыс нысанасын толық жарамсыз күйге келтіруді түсінеміз. Ұрлау кезіндегідей, жоюды да басқа тұлға жүзеге асырады.
Қылмыс қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды стационарлық сақтау орындарын (қару өндіретін кәсіпорындардың қоймаларын) күзету кезінде де, сондай-ақ қылмыс нысанасын тасымалдау кезіндегі жылжымалы уақытша сақтау орындарын күзету кезінде де жасалуы мүмкін.
Бұл құрам материалдық болып табылады, өйткені оны аяқталған деп тану үшін зардаптардың туындауы қажет.
Қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты — қаруды күзететін адамның әрекеттері мен туындаған зардаптар арасында себепті байланыстың болуы.
Субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады, ол менмендік немесе немқұрайлылық түрінде көрініс табуы мүмкін.
Қылмыстың субъектісі — өзіне қаруды күзету міндеті жүктелген, 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 254-бабының 2-бөлігі жаппай қырып-жою қаруын не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтарды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін, егер бұл ауыр зардаптарға әкеп соқса не олардың туындау қаупін тудырса, жауаптылықты көздейді.
Ауыр зардаптар деп мыналарды түсіну қажет: жаппай қырып-жою қаруын үшінші тұлғалардың ұрлауы; оны тікелей мақсаты бойынша қолдану, соның салдарынан адамдардың қаза табуы, денсаулыққа зиян келтірілуі, экологиялық апаттардың орын алуы және т.б. Қару-жарақты күзету тапсырылған адамның оны ұрлауы ҚР ҚК-нің 255-бабы 3-бөлігінің «а» тармағы бойынша сараланады.
Қылмысты ауыр зардаптар туындаған сәттен бастап та, сондай-ақ олардың туындауының нақты қаупі жасалған кезде, яғни зардаптардың туындау қаупі пайда болған немесе зардаптар орын алған кезден бастап та аяқталған деп есептеу қажет.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі И.Ш. БОРЧАШВИЛИ.
Актіге өзгеріс енгізілген күні: 02.08.2007 ж.
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007 ж.
Қабылданған орны: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Қолданылу өңірі: 100000000000
Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: new
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау