Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 290-бабына түсініктеме. Қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау
1. Өзіне тапсырылған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамау, егер бұл олардың ұрлануына немесе жойылуына не өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соқса, —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Жаппай қырып-жою қаруын не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтарды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау, егер бұл ауыр зардаптарға әкеп соқса не олардың туындау қаупін тудырса, —
екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігі қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды, жаппай қырып-жою қаруын не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтарды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау нәтижесінде басқа адамдардың қаруды қылмыс жасау, жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіру үшін пайдалануына жағдай жасалуында.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі атыс қаруының, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың немесе жарылғыш құрылғылардың, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруының не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтардың айналымы саласындағы қоғамдық қауіпсіздік болып табылады.
Қылмыстың заты 1-бөлік бойынша атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғылар болып табылады (ҚК-нің 287-бабына түсініктемені қараңыз); 2-бөлік бойынша — жаппай қырып-жою қаруы, жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтар (ҚК-нің 286-бабына түсініктемені қараңыз).
Қылмыстың объективтік жағы әрекетсіздікпен — өзіне атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету тапсырылған адамның өз міндеттерін тиісінше орындамауымен сипатталады, егер бұл олардың ұрлануына немесе жойылуына не өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соқса.
Көрсетілген заттарды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау әрекетсіздік жолымен, яғни атыс қаруының, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, жарылғыш құрылғылардың сақталуын қамтамасыз ету үшін өзіне тапсырылған жұмысқа байланысты орындауға міндетті болған әрекеттерді адамның орындамауы арқылы немесе өзіне жүктелген міндеттерді орындауға адал қарамау түріндегі әрекетсіздік арқылы жасалуы мүмкін.
Қылмыс заттай сақталатын орындарды (қару өндіретін кәсіпорындардың қоймаларын) күзету кезінде де, сондай-ақ қылмыс заты тасымалданған кезде жылжымалы уақытша сақтау орындарын күзету кезінде де жасалуы мүмкін.
Қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты қаруды күзететін адамның әрекеттері мен туындаған зардаптар арасында себептік байланыстың болуы болып табылады.
Қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау ұғымы ҚК-нің 291-бабына түсініктемеде қарастырылған.
Жою деп қылмыс затын толық жарамсыз күйге келтіру түсініледі.
Өзге де ауыр зардаптар деп адамның өлуіне не денсаулығына зиян келтіруге немесе мүліктік зиян келтіруге, ұрланған қаруды пайдалана отырып қылмыс жасауға және т.б. әкеп соғуды түсіну қажет.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау қылмыс құрамы олар ұрланған, яғни осы заттарға билік етуге нақты мүмкіндік болған жағдайда оларға заңсыз иелік етілген сәттен бастап не олар жойылған немесе өзге де ауыр зардаптар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен, яғни менмендік немесе немқұрайлылық түрінде сипатталады.
Кінәлі адам қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды күзету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамайтынын сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала біледі, алайда жеткілікті негіздерсіз бұл зардаптардың алдын алуға өз бетінше сенім артады немесе қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжамайды, бірақ қажетті ұқыптылық пен сақтық танытқан жағдайда мұндай зардаптарды алдын ала білуге тиіс әрі біле алатын болады.
Қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады — 16 жасқа толған, атыс қаруын, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды күзету жөніндегі міндеттер жүктелген адам. Бұл міндет адамның атқаратын лауазымына, орындайтын жұмысына, шартқа, арнайы тапсырмаға және т.б. байланысты жүктелуі мүмкін. Арнайы субъект болып тек күзет-қарауыл функцияларын орындайтын адам ғана емес, сондай-ақ атқаратын қызметтік жағдайына байланысты көрсетілген заттар өз қарамағында болған лауазымды адам, сондай-ақ материалдық жауапты адам да болуы мүмкін.
ҚК-нің 290-бабының 2-бөлігі жаппай қырып-жою қаруын не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтарды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін, егер бұл ауыр зардаптарға әкеп соқса немесе олардың туындау қаупін тудырса, жауаптылықты көздейді.
Ауыр зардаптардың туындау қаупі — жаппай қырып-жою қаруын не жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтарды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаудың салдары болып табылатын қылмыстық нәтиженің туындау мүмкіндігі жағдайының қалыптасуы.
Ауыр зардаптар деп үшінші тұлғалардың жаппай қырып-жою қаруын ұрлауын; оны тікелей мақсаты бойынша қолдануын, соның салдарынан адамдардың қаза табуын, денсаулыққа зиян келтірілуін, экологиялық апаттардың және т.б. орын алуын түсіну қажет.
2-бөлікте көзделген қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық-материалдық болып табылады. Қылмыс ауыр зардаптар туындаған сәттен бастап та, олардың туындауының нақты қаупі жасалған кезде де аяқталған болып есептеледі.
ҚК-нің 290-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 290-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилиден.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар \