Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 291-бабына түсініктеме. Қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды жымқыру не қорқытып алу
1. Атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды жымқыру не қорқытып алу –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Жаппай қырып-жою қаруын, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдарды немесе жабдықтарды жымқыру не қорқытып алу –
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
1) өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалған;
2) бірнеше рет жасалған;
3) өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы жасалған;
4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған болса, –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы жасалған болса, –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды жымқыру не қорқытып алу қоғамдық қауіптіліктің жоғары дәрежесіне ие. Бұл, біріншіден, қылмыс затының өзінің ықтимал қауіпті сипатымен, екіншіден, оларды заңсыз алып қою сипатымен және, үшіншіден, аталған заттардың адамдардың қаза болуына әкеп соғуы мүмкін өзге де ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін екендігімен түсіндіріледі.
Қылмыстың объектісі қару-жарақтың, оның жинақтаушы бөлшектерінің, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылардың айналымы саласындағы қоғамдық қауіпсіздік болып табылады. Қосымша объектілері – адамдардың өмірі мен денсаулығы, меншік.
1-бөлікте көзделген қылмыстың заты болып атыс қаруы, оның жинақтаушы бөлшектері, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылар (ҚК-нің 287-бабына берілген түсініктемені қараңыз); 2-бөлік бойынша – жаппай қырып-жою қаруы, жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтар табылады.
Атыс қаруының жинақтаушы бөлшектері деп оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін – атыс қаруына арнайы арналған және оның жұмыс істеуі үшін қажетті кез келген элементтерді немесе қосалқы бөлшектерді, оның ішінде ұңғыны, корпусты немесе ұңғы қорабын, бекітпені, барабанды, бекітпе осін немесе оқтықты, сондай-ақ атыс кезінде шығатын дыбысты басуға арналған немесе соған бейімделген кез келген бөлшекті түсіну қажет.
Жаппай қырып-жою қаруының, жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдардың немесе жабдықтардың ұғымдары мен белгілері ҚК-нің 286-бабына берілген түсініктемеде келтірілген.
Қылмыстың объективтік жағы атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды жымқыру не қорқытып алу арқылы сипатталады.
ҚК-нің 3-бабының 17) тармағына сәйкес, жымқыру деп пайдакүнемдік мақсатта жасалған, бөтен мүлікті меншік иесіне немесе өзге де иеленушіге залал келтіре отырып, кінәлінің немесе басқа адамдардың пайдасына құқыққа қайшы, өтеусіз алып қою және (немесе) айналдыру түсініледі.
Жымқырудың белгілері:
пайдакүнемдік мақсат. Пайдакүнемдік – кінәлінің өз пайдасына да, сондай-ақ мүліктік жағдайына жымқыруды жүзеге асыратын адам мүдделі болып табылатын басқа адамдардың пайдасына да материалдық, мүліктік пайда алуға ұмтылуы;
құқыққа қайшылық – кінәлі адамның өзінің нақты немесе болжамды құқығы жоқ бөтен мүлікті алып қоюы;
алып қоюдың және (немесе) айналдырудың өтеусіз болуы – кінәлі адамның алып қойылған мүліктің құнын өтемеуі, яғни мүлікті алып қоя отырып, оның орнына баламасын қалдырмауы;
бөтен мүлікті кінәлінің немесе басқа адамдардың пайдасына алып қою және (немесе) айналдыру. Затты бөтеннің иелігінен алып қою дегеніміз – жәбірленушінің нақты иеленуін бұзып, оның орнына мүлік иесінің нақты еркіне қарсы кінәлі тарапынан жаңа иеленуді қалыптастыру. Бұрын болған иеленуді бұзатын бір әрекет сол жаңа иеленудің пайда болуына себеп болуы тиіс. «Айналдыру» термині алып қойылған мүлікті жекелеген адамдардың мүддесіне сай одан әрі пайдалану сипатын толық көрсетеді;
жымқырылған мүліктің меншік иесіне немесе өзге де иеленушісіне тікелей нақты залал келтіру. Залалдың мөлшері ұрланған мүліктің бағасымен айқындалатын құны бойынша белгіленеді.
Аталған белгілердің барлығының болуы міндетті, олардың ең болмағанда біреуінің болмауы жымқыру құрамын жоққа шығарады.
Атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды жымқыру деп оларды кез келген тәсілмен құқыққа қайшы иеленіп, кінәлінің ұрланған заттарды өзіне иемдену немесе басқа адамға беру, сондай-ақ оларды өз қалауы бойынша өзгеше түрде билік ету ниетін түсіну қажет (ҚР Жоғарғы Сотының «Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, қару-жарақты және жарылғыш заттарды жымқыру, оларды заңсыз сатып алу, алып жүру, сақтау, жасау немесе өткізу, сондай-ақ атыс қаруын ұқыпсыз сақтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағы).
Егер адам бөтен мүлікті жымқырған кезде өзінің атыс қаруын жымқырып жатқанын сезінбесе (мысалы, ішінде атыс қаруы сақталған сейфті ұрлау), бірақ кейіннен қаруды иелену және пайдалану мақсатында өзінде қалдырса, оның әрекеттері атыс қаруын жымқыру ретінде сараланады.
Сонымен бірге ҚР ҚК-нің 291-бабының 1-бөлігі өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы және өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы жасалған жымқыру тәсілдерін қамтымайды. Атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды не жаппай қырып-жою қаруын, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар немесе жабдықтарды жымқырудың осындай тәсілдері болған жағдайда, кінәлі адамдардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы және 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша саралануы тиіс.
Басқа құқыққа қайшы әрекеттер жасау үшін немесе өзге де мақсаттарда пайдаланғаннан кейін жымқырылған қаруды жою, қылмыс орнында қалдыру немесе кері қайтару адамды қаруды жымқырғаны үшін жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
ҚК-нің 291-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық қылмыс заты заңды немесе заңсыз түрде иеленген мемлекеттік немесе өзге де кәсіпорындар мен ұйымдардан, сондай-ақ жекелеген азаматтардан жымқырылған жағдайларда туындайды.
Жарылғыш заттары бар жауынгерлік оқ-дәрілердің құрамдас бөліктері мен бөлшектерін (тұтатқыштарды, детонаторларды, жарғыштарды, жарғышсыз гранаталарды және т.б.) жымқыру ҚР ҚК-нің 291-бабы бойынша жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды аяқталған жымқыру ретінде саралануға тиіс.
Атыс қаруын жасау үшін оларды пайдалану ниетін куәландыратын деректер болмаған жағдайда, жекелеген бөлшектерді сақтау қылмыс құрамын құрамайды.
Егер кінәлі пайдалануға жарамсыз атыс қаруын немесе жауынгерлік оқ-дәрілерді, қару-жарақты, жарылғыш заттарды жымқырып, бұл ретте олардың сапасына қатысты жаңылысып, оларды жарамды деп есептесе, жасалған әрекет ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 291-бабы бойынша осы заттарды жымқыруға оқталу ретінде саралануы тиіс.
Атыс қаруының құрамдас бөліктері мен жекелеген бөлшектерін жымқырып, кейіннен атуға жарамды қаруды жинау үшін қажетті жетіспейтін бөлшектерді жасап шығаруды бөтеннің мүлкін жымқыру және қаруды заңсыз жасау (ҚК-нің 288-бабы) қылмыстарының жиынтығы ретінде саралау қажет.
ҚР Жоғарғы Сотының 1995 жылғы 21 шілдедегі жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, атыс қаруын немесе оқ-дәрілерді, қару-жарақты иелену мақсатында оларды пайдалану мақсаты бойынша жарамды атыс қаруын немесе оқ-дәрілерді, қару-жарақты, жарылғыш заттарды жинауға жеткілікті көлемдегі құрамдас бөліктері немесе бөлшектері жиынтық түрінде жымқырылған жағдайларда, жасалған әрекет ҚК-нің 291-бабының тиісті бөліктері бойынша аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы тиіс. Бұл ретте бөлшектердің жеткілікті жиынтығы деп қосымша құрылғыларсыз және өңдеусіз оқ атуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін олардың жиынтығын түсіну қажет (мысалы, винтовканың ұңғысы мен соққы-ағытқыш механизмі), ал оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың құрамдас бөліктерінің жеткілікті жиынтығы деп оларды тікелей мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін жиынтықты түсіну қажет.
Атыс қаруының құрамдас бөліктері мен жекелеген бөлшектерін жымқырып, кейіннен атуға жарамды қаруды жинауға қажетті жетіспейтін бөлшектерді жасап шығаруды бөтеннің мүлкін жымқыру және қаруды заңсыз жасау қылмыстарының жиынтығы ретінде саралау қажет.
Кінәлінің оларды атыс қаруын жасау үшін пайдалануға ниеті болғанын куәландыратын деректер болмаған жағдайда, жекелеген бөлшектерді сақтау қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайды.
Жарылғыш заттары бар жауынгерлік оқ-дәрілердің құрамдас бөліктері мен бөлшектерін (тұтатқыштарды, детонаторларды, жарғыштарды, жарғышсыз гранаталарды және т.б.) жымқыру ҚК-нің тиісті бөліктері бойынша жарылғыш заттарды аяқталған жымқыру ретінде саралануы тиіс.
Күзетке тапсырылған атыс қаруын, жауынгерлік оқ-дәрілерді, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды жымқыру деп оларды қоймадан немесе өзге де сақтау орнынан күзет-қарауыл қызметін атқаратын адам ғана емес, сонымен қатар қызметтік жағдайына байланысты олардың қарауында болған лауазымды немесе материалдық жауапты адамның жымқыруын түсіну қажет.
Күзетілетін объектілерден әскери қарауыл құрамындағы адамдардың күзетке тапсырылған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды жымқыруы жағдайында, бұл адамдардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 290-бабының 1-бөлігінен бөлек, осы қарауылдың тағайындалуына себеп болған зиянды салдарға әкеп соққан қарауылдық қызметтің жарғылық қағидаларын бұзу ретінде ҚР ҚК-нің 446-бабының 1-бөлігі бойынша да саралануы тиіс.
Атыс қаруын, жауынгерлік оқ-дәрілерді, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, сақтау, сатып алу, жасау немесе өткізу дербес қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары болып табылатындықтан, аталған заттарды жымқыру және оларды кейіннен алып жүру, сақтау, сатып алу, жасау немесе өткізу ҚР ҚК-нің 287, 291-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты жиынтығын құрайды.
Атыс қаруын, жауынгерлік оқ-дәрілерді, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды жымқыру, сондай-ақ оларды басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатында алып жүру, сақтау, сатып алу және жасау жағдайларында жасалған әрекет өзге қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға дайындалу және атыс қаруын, жауынгерлік оқ-дәрілерді, қару-жарақты және жарылғыш заттарды аяқталған жымқыру не оларды заңсыз алып жүру, сақтау, сатып алу немесе жасау қылмыстарының жиынтығы ретінде саралануы тиіс.
Қару-жарақты, оның жинақтаушы бөлшектерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды аяқталған жымқыру деп оларды құқыққа қайшы иеленуді, сондай-ақ осы мүлікке кез келген тәсілмен билік ету үшін нақты мүмкіндіктің болуын түсіну қажет (материалдық құрам).
Атыс қаруын, жауынгерлік оқ-дәрілерді, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды қарақшылық шабуыл жасау жолымен жымқыру оларды иелену мақсатында шабуыл жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
Қорқытып алу – қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды беруді талап ету, бұл ретте күш қолдану не бөтен мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін төндіру, сондай-ақ жәбірленушіні немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді не жария етілуі жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді тарату қатерін төндіру. Қорқытып алудың осы түрін жасаған кезде ҚР ҚК-нің 194-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Қорқытып алу жасағаны үшін кінәлі адамдардың әрекеттерін саралау кезінде ҚР Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы «Қорқытып алу туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының ережелерін басшылыққа алу қажет. Қорқытып алу кезінде кінәлі адам күш қолдану қатерін не күш қолдануды немесе жәбірленушіні не оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді тарату қатерін қолданғанымен, осы әрекеттер арқылы жәбірленушінің қару-жарағын, оқ-дәрілерін, жарылғыш заттары мен жарылғыш құрылғыларын тікелей иеленуді мақсат етпейді, керісінше, одан оларды өз еркімен беруді талап етеді. Демек, қорқытып алу қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды жымқыру болып табылмайды, өйткені жымқыру кезінде кінәлі адам оларды жәбірленушінің немесе өзге де адамдардың иелігінен тікелей алып қояды.
Қорқытып алушының қатерінен жәбірленуші ретінде қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылардың меншік иесі немесе олардың қарауында не күзетінде тұрған адам, сондай-ақ олардың жақындары болуы мүмкін.
Қатер нақты әрі шынайы болуы, яғни жәбірленуші оны жүзеге асырылуы әбден мүмкін деп қабылдауы тиіс. Қорқытып алу кезіндегі қатер қылмыс затын иеленуді жеңілдететін құрал ретінде әрекет етеді. Кінәлі адам іс жүзінде қатерді жүзеге асыру ниеті болмаса да, қорқытып алғаны үшін жауаптылыққа тартылады. Кінәлі білдірген қатер жәбірленушіге шынайы болып көрінуі, ал қорқытып алушының өзі осы қатерді жәбірленушіге ықпал етуге қабілетті құрал ретінде пайдалануға есеп жасауы жеткілікті.
Егер қатер жүзеге асырылса, жасалған әрекет қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды қорқытып алу ретінде және негіздер болған кезде қатерді іске асыру барысында жасалған әрекеттер үшін жауаптылық көздейтін бап бойынша саралануы тиіс.
Егер қорқытып алудың белгілері анықталса, кінәлінің әрекеттері қатер төндіру арқылы жасалған жай қорқытып алу ретінде ҚР ҚК-нің 291-бабының 1-бөлігі бойынша, ал күш қолданылған жағдайда өмірге немесе денсаулыққа қауіптілік дәрежесіне қарай ҚР ҚК-нің 291-бабының 3 немесе 4-бөліктерінде көзделген қылмыс ретінде саралануы тиіс. Бұл ретте күш қолдану дене күшін қолдану немесе дене күшін қолдану қатерін төндіру түрінде болуы керек.
Бөтен мүлікті жою қатері деп оны жүзеге асырған кезде мүліктің мүлдем жойылып кетуін немесе толықтай жарамсыз күйге келтірілуін (жою) түсіну қажет. Бүлдірілген жағдайда мүлік жөндеуге немесе қалпына келтіруге жатады. Бөтен мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін қорқытып алушы жәбірленушіні қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды беруге мәжбүрлеу үшін де пайдалануы мүмкін. Мүлік жәбірленушінің өзіне де, оның жақындарына да тиесілі болуы мүмкін.
ҚР Жоғарғы Соты 2006 жылғы 23 маусымдағы нормативтік қаулысының 4-тармағында мүлікті жою немесе бүлдіру қатерімен жасалған қорқытып алу кезінде кінәлінің әрекеттерін саралау үшін қандай мүлік туралы сөз болып отырғанының (жәбірленушіге күзету үшін тапсырылған немесе өзінің жеке мүлкі, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік) және осы қатердің қандай тәсілмен жүзеге асырылатынының маңызы жоқ екенін түсіндіреді.
Егер қорқытып алу кезінде мүлік ҚР ҚК-нің 202-бабының диспозициясында көрсетілген мән-жайларда жойылса немесе бүлінсе, кінәлінің әрекеттері аталған қылмыстардың жиынтығын құрайды (ҚР ҚК-нің 291, 202-баптары).
Жәбірленушіні немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді не жария етілуі жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді тарату қатері деп қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды беруді талап етудің жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі мүмкін кез келген мәліметтерді жария ету қатерімен қатар жүруін түсіну қажет. Бұл ретте қорқытып алу кезінде жария етіледі деп қорқытылатын мәліметтердің шындыққа сәйкес келетін-келмейтіні маңызды емес. Ең бастысы – жәбірленушінің осы мәліметтерді құпия сақтауға ұмтылуы, ал оларды жария ету қатерін кінәлі адамның қойылған талаптарды орындату үшін пайдалануы.
Елеулі зиянды анықтау кезінде жәбірленушінің өзіне келтірілген моральдық зиянның ауырлығына субъективтік бағасы да, жәбірленушінің моральдық және тәндік азап шегу дәрежесін куәландыратын объективтік деректер де ескеріледі. Аяқталған қорқытып алу құрамының болуы үшін мұндай мәліметтерді кем дегенде бір адамға хабарлау қатерінің болуы жеткілікті.
Жәбірленушінің жақындары деп жақын туыстарын, сондай-ақ қалыптасқан өмірлік жағдайларға байланысты өмірі, денсаулығы мен амандығы жәбірленуші үшін қымбат болып табылатын өзге де адамдарды түсіну қажет.
Қорқытып алу қылмыс заты берілгені туралы талап белгілі бір әрекеттерді жасау қатерімен бірге қойылған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адамның қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды жымқырып немесе қорқытып алып жатқанын сезінуі, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала білуі және олардың туындауын қалауы.
Қылмыстың субъектісі – он төрт жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 291-бабының 2-бөлігі жаппай қырып-жою қаруын, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдарды немесе жабдықтарды жымқырғаны не қорқытып алғаны үшін жауаптылықты көздейді.
ҚР ҚК-нің 291-бабының 3-бөлігі 1 және 2-бөліктерде көзделген, мынадай жағдайларда жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгілейді:
өзінің қызмет бабын пайдалана отырып. Қызмет бабын пайдалана отырып атыс қаруын, жауынгерлік оқ-дәрілерді, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды жымқыру түріндегі саралаушы белгі деп қызметтік жағдайына байланысты осы заттарды бақылау, қадағалау, тексеру, есепке алу және сақтау, пайдалану мен оларға билік ету жөнінде белгілі бір билік өкілеттіктеріне ие болған лауазымды адамның жымқыруын түсіну қажет;
бірнеше рет, яғни ҚР ҚК-нің 291-бабында немесе осы баптың белгілі бір бөлігінде көзделген екі немесе одан да көп әрекетті жасау, егер бұрын жасалған қылмыс үшін адам сотталмаған немесе заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған болса. Өзге мүлікті бұрын жымқыру ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігінің 2) тармағында көзделген бірнеше рет жасау белгісін құрамайды;
өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы. Мұндай күш қолдану деп жәбірленушіге дене ауруын келтіруге байланысты, денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына немесе жалпы еңбекке қабілеттіліктің болмашы тұрақты жоғалуына әкеп соқпаған ұрып-соғуды немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін түсіну қажет;
адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша, яғни осы қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан адамдардың жасауы (ҚР ҚК-нің 284-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚР ҚК-нің 291-бабының 4-бөлігі 1, 2 және 3-бөліктерде көзделген, мынадай жағдайларда жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгілейді:
қылмыстық топ жасаған (қылмыстық топ ұғымының анықтамасы ҚР ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында қамтылған);
өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы. Мұндай күш қолдану деп өзінің объективтік белгілері бойынша жәбірленушінің өліміне әкеп соғуы тиіс немесе әкеп соғуы мүмкін күш қолдануды, мысалы, қаруды немесе денсаулыққа зиян келтіру үшін пайдаланылатын заттарды қолдану арқылы денсаулыққа зиян келтіруді, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан өзге де күш қолдануды түсіну қажет.
ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Жымқыру туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 23-тармағының екінші абзацына сәйкес, жеңіл зиян да жәбірленушінің өмірі немесе денсаулығы үшін қауіпті жағдайларда келтірілген болса (мысалы, өмірлік маңызы бар дене мүшелеріне қолмен немесе аяқпен бірнеше рет соққы жасау және т.б.), сондай-ақ сауығу үшін амбулаториялық немесе стационарлық емдеу қажет болған жағдайда, жәбірленушінің өмірі немесе денсаулығы үшін қауіпті деп танылуы мүмкін.
Жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілік дәрежесін бағалау және жаза мөлшерін айқындау кезінде кінәлі адамның іс-әрекеттерінің мақсаттары мен себептерін, қарудың қайдан алынғанын және оны иелену тәсілін, жымқырылған атыс қаруының, оқ-дәрілердің, қару-жарақтың, жарылғыш заттардың түрін, санын, жауынгерлік қасиеттері мен құнын ескеру қажет.
Төтенше жағдай, төтенше ахуал жағдайында, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жасалған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды жымқырғаны үшін жаза тағайындау кезінде ҚК-нің 54-бабы 1-бөлігінің 11) тармағына сәйкес, аталған мән-жайлар сот тарапынан жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар ретінде қарастырылуы тиіс. Бұдан басқа, сот кінәлі адамның мүлікті қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алған-алмағанын анықтап, үкімде көрсетуі қажет.
Осы санаттағы істер бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құралдары және заттай дәлелдемелер деп танылған автомобильдер, мотоциклдер және өзге де көлік құралдары ҚПК-нің 118-бабы 3-бөлігінің 1) тармағының талаптарына сәйкес тәркіленуге не тиісті мекемелерге, белгілі бір адамдарға берілуге немесе жойылуға жатады.
Заңсыз сатып алынған, жымқырылған, басқа адамдардың меншігіне берілген атыс қаруы, жауынгерлік оқ-дәрілер, қару-жарақ және жарылғыш заттар ҚК-нің 48-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес тәркіленуге жатады.
ҚР ҚК-нің 291-бабының 1, 2 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 291-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет аса ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар