41-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалатын ерікті зейнетақы жарналары салымшысының (зейнетақы төлемдерін алушының) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі
1. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті зейнетақы жарналары салымшыларының (зейнетақы төлемдерін алушылардың) құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін және өзге де құқықтық қатынастарын белгілейді.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібі және оның үлгілік нысаны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотын ашу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ерікті зейнетақы жарналарын аудару кезінде агенттер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде жүзеге асырылады.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотын ашу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ерікті зейнетақы жарналарын аудару кезінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеке тұлғадан өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына түскен бастапқы жарнаның негізінде жүзеге асырылады.
4. Ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы (зейнетақы төлемдерін алушы) ерікті зейнетақы жарнасының сомасы келіп түскен күннен бастап ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.
Бұл ретте ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу үшін кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің келісімі талап етілмейді.
5. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшының (алушының) кепілдік берілетін депозиті бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасын аударған жағдайда, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған келісімде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым ұсынған кепілдік берілетін депозиттер бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомалары бар салымшылардың (алушылардың) тізімі негізінде жасалады.
Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы