38-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалатын салымшының (алушының) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар және шартты зейнетақы шоттары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың (зейнетақы төлемдерін алушылардың) құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін және өзге де құқықтық қатынастарын белгілейтін, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар қосылу шарттары болып табылады, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы Кодекстің негізінде әзірлейді, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжатымен бекітіледі және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының интернет-ресурсында орналастырылады.
2. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шотын ашу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын немесе өсімпұлды аудару кезінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функцияларын іске асыруға қажетті жеке тұлғаның азаматтығы, мәртебесі, әрекетке қабілеттілігі, жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі туралы мәліметтерді және болған жағдайда, ол туралы өзге де мәліметтерді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.
Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы, агент және өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлға міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ашылған жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары немесе өсімпұл есепке жазылған күннен бастап міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу үшін кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің келісімі талап етілмейді.
3. Жеке тұлғаның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ашылған жеке зейнетақы шоты болған жағдайда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотын қайтадан ашу жүзеге асырылмайды.
Бұл ретте жеке тұлғаның пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген агент міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін бұрын ашылған жеке зейнетақы шотына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары немесе өсімпұл есепке жазылған күннен бастап міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.
4. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шартты зейнетақы шоттарын ашу бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде агент бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ұсынатын жеке тұлғалар тізімінің негізінде жүзеге асырылады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке тұлғаның атына ашылған шартты зейнетақы шоты болған жағдайда, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бұрын ашылған шартты зейнетақы шотына аударылады.
Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы