591-бап. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу бойынша шешім ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасары экстрадициялық тексеру материалдарын зерделегеннен кейін шет мемлекетке адамды ұстап беру (экстрадициялау) немесе ұстап беруден (экстрадициялаудан) бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бірнеше мемлекеттің адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы талаптары болған кезде адамның қай мемлекетке ұстап берілуге (экстрадициялануға) жататыны туралы шешімді Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасары қаулы нысанында қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасары өзінің шешімі туралы шет мемлекеттің орталық органына, сондай-ақ осы шешім өзіне қатысты қабылданған адамға және оның қорғаушысына хабарлайды.
3. Ұстап беру (экстрадициялау) туралы шешім қабылданған жағдайда, осы адамға қаулының көшірмесі табыс етіледі және қабылданған шешімге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына шағым жасау құқығы түсіндіріледі.
4. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы қаулы оған шағым жасау мерзімі өткеннен кейін орындауға енгізіледі. Қаулыға шағым жасалған жағдайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясының қаулысы заңды күшіне енгізілгенге дейін адамды ұстап беру (экстрадициялау) жүргізілмейді.
Өзіне қатысты ұстап беру (экстрадициялау) туралы шешім қабылданған адамның және оның қорғаушысының қатысуы бейнеконференция байланысының техникалық құралдары арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.
5. Шет мемлекетке адамды ұстап беруден (экстрадициялаудан) қылмыстық қудалауды жүзеге асыруды жоққа шығармайтын негіздер бойынша бас тартылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шет мемлекеттің құзыретті органының өтінішхаты бойынша осы Кодексте көзделген тәртіппен осы адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуді тапсырады.
Ескерту. 591-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы