Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабына түсініктеме. Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабына түсініктеме. Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабына түсініктеме. Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету

1. Иемденіп алу немесе ысырап ету, яғни кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру –

бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз жазаланады.

2. Дәл сол іс-әрекет:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 217-VI ҚР Заңымен алып тасталды;

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған кезде, –

үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыруға немесе онсыз жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:

1) ірі мөлшерде;

2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның, лауазымды адамның не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса;

3) бірнеше рет жасалса, –

екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда – жымқырылған мүліктің он еселенген мөлшерінен жиырма еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:

1) қылмыстық топпен;

2) аса ірі мөлшерде жасалса, –

мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырумен немесе онсыз жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Талданып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі кінәлі адамның өзіне берілген өкілеттіктерді пайдалана отырып, бөтен мүлікті заңсыз, өтеусіз ұстап қалуынан немесе өз пайдасына айналдыруынан, сол арқылы осы мүліктің меншік иесіне материалдық залал келтіруінен көрінеді.

Иемденіп алу немесе ысырап ету кезінде, бір жағынан, меншік иесі немесе мүліктің өзге де иеленушісі кінәлі адамға өз еркімен және ресми түрде сеніп тапсырған, өзінің меншігінде немесе иелігінде тұрған мүліктен айырылады, соның салдарынан оған мүліктік залал келтіріледі, ал екінші жағынан, кінәлі адам заңды иеленудің орнына заңсыз, яғни материалдық игіліктерді бөлудің белгіленген тәртібін айналып өтіп және оған қайшы келетін түрде, сеніп тапсырылған мүлікке қатысты меншік иесінің немесе заңды иеленушінің барлық құқықтарын өзіне иемденеді, нәтижесінде осы мүліктің құнына тең мөлшерде байиды.

Қылмыстық-құқықтық норманың шеңберінде іс жүзінде жымқырудың екі дербес нысаны: бөтен мүлікті иемденіп алу және ысырап ету біріктірілген.

Жымқырудың аталған нысандарын біріктіретін ортақ белгі кінәлі адамның жымқырылатын мүлікке қатысты ерекше қатынасында, яғни мүліктің оның заңды иелігінде немесе қарауында болуында.

Қылмыстың объектісі меншік, яғни мүлікті иелену, пайдалану немесе оған билік ету жөніндегі қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алудың немесе ысырап етудің нысанасына жымқырудың басқа да нысандарына (ҚК-нің 187 және 188-баптары) тән белгілер тән.

Объективтік жағынан қылмыс екі баламалы әрекеттің бірін жасаудан көрінеді: сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету.

Қарастырылып отырған жымқыру құрамы кінәлі адамның өз пайдасына тек өзіне сеніп тапсырылған мүлікті айналдыруын көздейді. Егер мүлік сеніп тапсырылмаған болса, онда жымқырудың өзге құрамы орын алады. Мүлікті иеленуді адам мүлікке тек қол жеткізе алатын жағдайлардан, мысалы, оның бақылауында немесе күзетілетін объектіде болуынан ажырата білу қажет.

Иемденіп алу ысырап етудің бастапқы кезеңі болып табылады. Алайда кейде адамның бөтен мүлікті заңсыз иеленген уақыты аралығы болмайды (мысалы, базаның қоймашысы өзіне сеніп тапсырылған тауарларды сатып, ал алынған ақшаны өзінің меншігіне айналдырады). Бұл ретте бөтен мүлікті жымқырудың нысаны ретінде ысырап ету туралы сөз болады. Мұндай жағдайда иемденіп алу сатысы болмайды.

Қылмыстық иемденіп алудың мәні мүлікті иеленуге бағытталған әртүрлі әрекеттер жасаудан тұрады: сеніп тапсырылған мүлікті ұстап қалу (кінәлі адамның өзіне берілген заттың сеніп тапсырылған фактісін жоққа шығару арқылы немесе сеніп тапсырылған мүлікке меншік иесінің еркіне сәйкес билік еткені туралы жалған хабарлау арқылы, не болмаса берілген құндылықтардың абайсызда немесе кездейсоқ жоғалғаны, жойылғаны немесе басқа адамдардың ұрлағаны туралы жалған сылтаумен берілген затты жасыруы, қайтармауы); кінәлі адамның сеніп тапсырылған мүлікті қайтарудан заңсыз бас тартуы, жалтаруы; сеніп тапсырылған мүлікті мақсатына сай пайдалануы; сеніп тапсырылған мүлікті оқшаулап, бөліп алып қоюы (оны жалпы массадан бөліп шығару) арқылы өз мүліктік қорына ауыстыруы; сеніп тапсырылған мүлікті өз пайдасына айналдыруы.

Ысырап ету – мүлікті соңғысын өз пайдасына айналдыру мақсатында басқа адамға беру. Бұл ретте берудің қандай нысанда жүзеге асырылғаны (сату, сыйға тарту, айырбастау) немесе сеніп тапсырылған мүліктің иеліктен шығарылғаны маңызды емес, бастысы – бұл мүлік пайдакүнемдік мақсатта басқа адамдарға өтеусіз беріледі немесе кінәлі адамның өзі тұтынады. Сот тәжірибесінде ысырап ету көбінесе қылмыстық істі тергеу кезінде сеніп тапсырылған мүлік кінәлі адамның қолында болмаған және меншік иесіне оның құнын ғана өтеу мүмкін болған жағдайда сараланады.

Ысырап етуді жүзеге асыру кезінде кінәлі адам сеніп тапсырылған мүлікке тіпті қысқа уақытқа да өзінің заңсыз иелігін орнатпайды, оны тұтынады (әдетте, бұл азық-түлік өнімдері) немесе оны заңды иеленуінен тікелей өткізеді, сеніп тапсырылған мүлікті сатудан алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті өзінің не басқа адамдардың пайдасына айналдырады, не болмаса сеніп тапсырылған мүлікпен ақысы төленген мүліктік емес сипаттағы қызметтерді пайдаланады.

Иемденіп алуды ысырап етуден ажырататын белгі – қылмыс аяқталған сәтте мүліктің кінәлі адамның қолында болуы (болмауы). Иемденіп алу кезінде мүлік кінәлі адамның қолында болады, ол заңды иеленудің орнына оған заңсыз иеленуді орнатады, ал ысырап ету кезінде мүлік жоқ болады, өйткені заңды иелену заңсыз пайдалану немесе билік ету арқылы ауыстырылуы нәтижесінде ол құқыққа қайшы түрде иеліктен шығарылған, жұмсалған немесе тұтынылған болады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Жымқыру істері бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 18-тармағының 4-абзацында иемденіп алу – пайдакүнемдік мақсатта кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті өзінің немесе басқа адамдардың пайдасына құқыққа қайшы, өтеусіз айналдырудан тұратын, меншік иесіне немесе осы мүліктің өзге де иеленушісіне залал келтіретін, егер кінәлі адам мүлікті әлі жұмсамаған немесе өзге де жолмен иеліктен шығармаған болса, жымқырудың нысаны екендігі атап көрсетілген. Кінәлі адам мүлікті жұмсаған немесе өзге де жолмен иеліктен шығарған жағдайда, оның әрекеттері ысырап ету ретінде саралануға тиіс.

Егер мүлік кінәлі адамның заңды иелігінде лауазымдық міндеттеріне немесе тиісті заңды құжаттармен (шартпен, еңбек келісімімен, лауазымдық өкілеттіктермен және т.б.) бекітілген шарттық қатынастарға байланысты, сондай-ақ жазбаша шарт ресімделмей-ақ (шопанмен ауызша келісім және т.б.) болған болса, әрекет сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету ретінде саралануға жатады.

Құрылымы бойынша иемденіп алу және ысырап ету қылмыстың материалдық құрамдары болып танылады. Иемденіп алу мүлікке заңсыз иеленуді орнатқан сәттен бастап аяқталған қылмыс деп танылады. Мүлікті белгіленген мерзімде қайтармау, ревизия, тексеру кезінде оны көрсетпеу фактілері аяқталған қылмыс ретіндегі иемденіп алуды куәландыруы мүмкін. Алайда бұл фактілер басқа да себептердің (осы мүліктің жоғалуы, жойылуы, бүлінуі, басқа адамдардың ұрлауы және т.б.) салдары болуы мүмкін. Ысырап ету мүлікті пайдалану (тұтыну немесе өзге де жолмен жұмсау) немесе иеліктен шығару сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.

Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен сипатталады. Адам өзіне сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз ұстап отырғанын не оны иеліктен шығарып жатқанын сезінеді, өзінің әрекеттері арқылы меншік иесіне материалдық зиян келтіретінін алдын ала біледі және пайдакүнемдік ниетті басшылыққа ала отырып, мұны қалайды.

Қылмыстың субъектісі (арнайы) – өзіне мүлік заңды иеленуге сеніп тапсырылған, 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.

Заң шығарушы қарастырылып отырған құрамның саралаушы белгілері ретінде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алуды немесе ысырап етуді мынандай жағдайларда жасауды көздеген:

— адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен (ҚК-нің 189-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы);

— адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған кезде (ҚК-нің 189-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы).

«Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен» деген саралаушы белгі ҚК-нің 188-бабына берілген түсініктемеде қарастырылған.

Қызмет бабын пайдалана отырып жымқырудың субъектілері – меншік нысанына қарамастан ұйымдарда, кәсіпорындарда және мекемелерде тиісті лауазымды атқаратын әрі өзінің лауазымына байланысты өзіне сеніп тапсырылған мүлікке қатысты өкілеттіктерді жүзеге асыратын адамдар (бригадир, экспедитор, сатушы, кассир және т.б.).

Қолма-қол ақшасыз ақшалай қаражатты, оның ішінде электрондық ақшаны, олардың иесінің шотынан өзінің немесе басқа адамның шотына аудару арқылы жымқыру, егер кінәлі адамда атқаратын лауазымына байланысты жәбірленушінің ақшалай шотындағы қаражатқа билік ету құқығы болса, ҚК-нің 189-бабы бойынша кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызмет бабын пайдалану арқылы жымқыру ретінде саралануға тиіс. Мұндай құқық болмаған жағдайда, әрекет ҚК-нің 188-бабы бойынша ұрлық немесе ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде саралануға жатады.

Кінәлі адамның өзінің қызмет бабын пайдалануы жымқырудың саралаушы белгісі болып табылады, осыған байланысты әрекетті ҚК-нің 250, 361 немесе 362-баптары бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

Егер сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам, не лауазымды адам, не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам тарапынан жасалса және олардың өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, олардың әрекеттері ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша саралануға тиіс және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану үшін ҚК-нің 361-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету меншікке қарсы бірқатар басқа қылмыстармен ұқсас белгілерге ие. Ең алдымен, бұл ҚК-нің 188-бабында көзделген ұрлық, қызмет бабын пайдалана отырып жасалған алаяқтық (ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы), сондай-ақ қызмет бабын пайдалана отырып алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіру (ҚК-нің 195-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) туралы болып отыр.

Кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу мен ысырап етуді аралас құрамдағы қылмыстардан ажырату қылмыс объектісі, нысанасының белгілері, қылмыс құрамының объективтік жағы, сондай-ақ субъективтік жағы мен қылмыс субъектісінің белгілері бойынша жүргізіледі.

Объектісі және нысанасының физикалық белгілері бойынша бұл қылмыс ҚК-нің 284, 291, 298-баптарында көзделген, нысанасы радиоактивті заттар, радиоактивті қалдықтар немесе ядролық материалдар, қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылар, есірткі құралдары немесе психотроптық заттар, олардың аналогтары болып табылатын әрекеттерден ажыратылады. Алайда аталған заттар мен нәрселерді жымқырған кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің 189-бабы бойынша емес, объектісі қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп (10-тарау) немесе халықтың денсаулығы мен адамгершілік (11-тарау) болып табылатын, аталған заттарды жымқыру немесе қорқытып алушылық үшін жауаптылық көздейтін баптар бойынша сараланады.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету ұрлықтан жымқыру тәсілі бойынша ерекшеленеді: ұрлық кезінде меншік иесінің немесе өзге де иеленушінің мүлкі жасырын түрде алынады, ал иемденіп алу немесе ысырап ету кезінде алып қою болмайды және жымқырылатын мүлік кінәлі адамға заңды негіздерде сеніп тапсырылған болады.

Жымқырудың аталған нысандарын ажыратудың негізгі белгісі субъективтік жағы, яғни қылмыс субъектісінің жымқырылатын мүлікке қатынасы болып табылады. Ұрлық жасау кезінде субъектінің жымқырылатын мүлікке мүлдем қатысы болмайды немесе оны тек техникалық не өндірістік функцияларды орындау үшін ғана қол жеткізу мүмкіндігі болады, бұл функциялар мүлікті иелену, пайдалану, оған билік ету немесе оны күзету жөніндегі қандай да бір өкілеттіктерді туындатпайды. Иемденіп алу немесе ысырап ету үшін кінәлі адамның жымқырылатын мүлікке қатысты өзінде бар өкілеттіктерді пайдалануы тән. Ал мүлікке қатысты өкілеттіктері жоқ, бірақ атқаратын жұмысына байланысты оған қол жеткізу мүмкіндігі бар адамның мүлікті жымқыруы ұрлық ретінде саралануға жатады.

Бұл қылмыстар субъектісі бойынша да ерекшеленеді. ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігі бойынша ұрлықтың субъектісі 16 жасқа толған, ал ҚК-нің 188-бабының 2–4-бөліктері бойынша 14 жасқа толған адам болып табылады, ал иемденіп алу немесе ысырап етудің субъектісі – арнайы субъект.

Кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап етуді алаяқтықтан (ҚК-нің 190-бабы) да ажырату қажет. Алаяқтық жасау кезінде кінәлі адам бөтен мүлікті тікелей өзі алып қоймайды, алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы оны жәбірленушінің қолынан алады, яғни жәбірленуші өз мүлкін қылмыскерге өз еркімен береді. Алаяқтық иемденіп алу немесе ысырап етуден кінәлі адамның алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы бөтен мүлікке құқықты заңсыз иеленетіндігімен де ерекшеленеді, бұл ретте мүлікті алып қою жүзеге асырылмайды.

Жымқырудың нысаны ретіндегі иемденіп алуды мүлік қарауында болған адамның бөтен мүлікті уақытша қарызға алуынан ажырату қажет. Егер сеніп тапсырылған мүлік заңсыз пайдаланылса, бірақ оны өзінің немесе үшінші тұлғалардың меншігіне айналдыру ниеті болмаса, онда мұндай әрекеттер жымқыру ретінде қарастырылмауға тиіс. Тиісті белгілер болған кезде кінәлі адамның әрекеттері өз бетінше билік ету (ҚК-нің 389-бабы) ретінде саралануы мүмкін. Кінәлі адамның пайдакүнемдік ниетінің жоқтығына кейіннен алынған мүлікті немесе оның баламасын қайтару ниеті дәлел бола алады.

ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігінде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап етудің аса саралаушы белгілері көзделген:

ірі мөлшерде;

мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам, лауазымды адам немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасқан жағдайда;

бірнеше рет.

ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес, ҚК-нің 189-бабындағы ірі мөлшер немесе ірі залал – мүліктің құны немесе залал мөлшері айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын мөлшер.

«Бірнеше рет» ұғымына ҚК-нің 188-бабын қарастыру кезінде түсініктеме берілген.

ҚК-нің 3-бабының 27) тармағына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты жатады.

Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар және жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар ұғымдары ҚК-нің 3-бабының 27), 28), 26) және 16) тармақтарына берілген түсініктемеде келтірілген.

ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты – көрсетілген адамның бөтен мүлікті иемденіп алу және ысырап ету кезінде өзінің қызмет бабын пайдалануы.

ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі осы баптың 1, 2 немесе 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер мынадай жағдайларда жасалғаны үшін жауаптылық белгілейді:

қылмыстық топпен;

аса ірі мөлшерде.

Осы аса саралаушы белгілердің ұғымдары ҚК-нің 188-бабына берілген түсініктемеде келтірілген.

ҚК-нің 189-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.

ҚК-нің 189-бабының 3, 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар.

22-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру Құқық қорғау қызметі туралы Заңы

22-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруҚұқық қорғау қызметі туралы Заңы      1. Қызметкерлерге мынадай арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беріледі:      1) қат...

Толық оқу »

26-бап. Көтермелеу тәртібімен арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру Құқық қорғау қызметі туралы Заңы

26-бап. Көтермелеу тәртібімен арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруҚұқық қорғау қызметі туралы Заңы      1. Қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік мін...

Толық оқу »

363-бап. Лауазымды адамның өкiлеттiктерін иемденіп алу  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

363-бап. Лауазымды адамның өкiлеттiктерін иемденіп алу ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының Лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымды ад...

Толық оқу »

30-бап. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру Техникалық реттеу туралы Заңы

30-бап. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беруТехникалық реттеу туралы Заңы      1. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодт...

Толық оқу »

189-бап. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

189-бап. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының 1. Кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi...

Толық оқу »

309-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК лауазымды тұлғасына өкілеттік беру

309-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК лауазымды тұлғасына өкілеттік беру Лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттік қызметшілерге лауазым...

Толық оқу »

Адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде жасаған кінәліге сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау (жымқыру)

Адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде жасаған кінәліге сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау (жымқыру)Сот істің нақты мән-жайларын дұрыс анықтап, сотталғандар...

Толық оқу »