Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 222-бабы. Тауар белгісін заңсыз пайдалану туралы түсініктеме
1. Егер бұл әрекет ірі залал келтірсе, бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе соларға ұқсас белгілерді біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін заңсыз пайдалану —
сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Егер бұл әрекет ірі залал келтірсе, Қазақстан Республикасында тіркелмеген тауар белгісіне немесе тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескерту таңбалауын заңсыз пайдалану —
сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескертпе. Осы бапта көзделген әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Зияткерлік меншік институтының дамуымен, оның мазмұны авторлық әзірлемелермен, жеке бағдарламаларды, тауар белгілерін және ең жаңа компьютерлік технологияларды пайдаланумен сипатталатындықтан, зияткерлік меншікті әртүрлі заңнамалық құралдар арқылы қорғау маңызды болып танылады. Қарақшылық, контрафактілік өнім және плагиат — қоғамды жаңғыртуға кедергі келтіретін факторлар.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың қоғамдық қауіптілігі авторларға, тауар белгілерінің иелеріне өз жетістіктерін толық көлемде іске асыруға, тиісті кірістер алуға және өндірісті дамытуға мүмкіндік бермейтін елеулі экономикалық залалда көрініс табады. Бұдан басқа, адал бәсекелестік, басқа меншік иелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу сияқты нарықтық тетік құралдары бұзылады. Жосықсыз бәсекелестік нарықта сапасыз, ал кейде азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіпті тауарлардың басым болуына әкеледі.
Қылмыстық теріс қылықтың объектісі адал бәсекелестік құқығын және тауар белгісін пайдалану құқығын реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Тауар белгілері туралы ұлттық заңнама 1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясының ережелеріне негізделеді, онда тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, фирмалық атаулар және тауарлардың шығарылған жерін көрсететін белгілер өнеркәсіптік меншікті қорғау объектілеріне жатқызылады (1-баптың 2-бөлігі).
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңымен Қазақстан Республикасында тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастар реттеледі. Аталған Заңның 1-бабының 8) тармақшасына сәйкес тауар белгісі және қызмет көрсету белгісі — осы Заңға сәйкес тіркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттардың күшімен тіркеусіз қорғалатын, бір заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын (көрсетілетін қызметтерін) басқа заңды немесе жеке тұлғалардың біртекті тауарларынан (көрсетілетін қызметтерінен) ажыратуға қызмет ететін белгі.
Тауар шығарылған жердің атауы — ерекше қасиеттері тек қана немесе негізінен оны өндіру орнына, оның ішінде табиғи жағдайларға және (немесе) адами факторларға байланысты болатын тауарды белгілеу үшін пайдаланылатын географиялық көрсеткіш.
Қазақстан Республикасында тауар белгілерінің, қызмет көрсету белгісінің және тауар шығарылған жер атауының құқықтық қорғалуы аталған Заңда белгіленген тәртіппен оларды тіркеу негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының күшімен тіркеусіз жүзеге асырылады.
Тауар белгісіне құқық куәлікпен расталады. Тауар белгісінің иесі куәлікте көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты өзіне тиесілі тауар белгісін пайдалану және оған билік ету жөніндегі айрықша құқыққа ие.
Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесінің рұқсатынсыз ешкім пайдалана алмайды (Заңның 4-бабы).
ҚР ҚК-нің 222-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасына мыналар жатады:
тауар белгісі — бір заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын басқа тұлғалардың біртекті тауарларынан тиісінше ажыратуға арналған, белгіленген тәртіппен тіркелген белгі. Ол материалдық сипаттағы тауарларға — заттарға беріледі;
қызмет көрсету белгісі — бір кәсіпорынның көрсететін қызметтерін барлық басқа кәсіпорындардың қызметтерінен ажырату үшін қолданылатын белгі. ҚР-ның «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңында және ҚР АК-де «тауар белгісі» және «қызмет көрсету белгісі» терминдері біртектес санаттар ретінде қолданылады;
фирмалық атау — бір коммерциялық ұйымды басқа коммерциялық ұйымдардан ажыратуға қызмет ететін құрал;
тауар шығарылған жердің атауы — ерекше қасиеттері тек қана немесе негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен немесе өзге де факторлармен не табиғи жағдайлар мен осы факторлардың жиынтығымен айқындалатын тауарды белгілеу үшін пайдаланылатын елдің, елді мекеннің, жергілікті жердің немесе басқа географиялық объектінің атауы. Тауар шығарылған жердің атауы географиялық объектінің тарихи атауы болуы мүмкін.
Қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағы бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе соларға ұқсас белгілерді біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін заңсыз пайдаланудан көрінеді.
Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалану деп оларды тауарларға және (немесе) олардың қаптамасына орналастыру, жарнамада, баспа басылымдарында, маңдайшаларда пайдалану, көрмелер мен жәрмеңкелерде экспонаттарды көрсету кезінде қолдану, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға енгізудің өзге де тәсілдері танылады.
Жоғарыда көрсетілген Заңның 1-бабының 9) тармақшасына сәйкес тауар белгісін немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалану — тауар белгісін немесе тауар шығарылған жердің атауын олар қорғалатын тауарларға және қызметтер көрсету кезінде қолдану және (немесе) олардың қаптамасына орналастыру, тауар белгісі немесе тауар шығарылған жердің атауы белгіленген тауарды дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, маңдайшаларда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада қолдану, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға енгізудің өзге де тәсілдері.
Тауар белгісін заңсыз пайдалану деп мыналар танылады:
- бөтен тауар белгісін оның заңды иесінің рұқсатынсыз пайдалану;
- тауар белгісін сапасы тауар белгісінің иесіне тиесілі тауарлардың сапасынан төмен тауарларда пайдалану.
Тауар шығарылған жердің атауын пайдалану оны жарнамада, қаптамада, проспектілерде, шоттарда, бланкілерде, тауарды шаруашылық айналымға енгізуге байланысты өзге де құжаттамада қолданудан көрінеді.
Тауар шығарылған жердің атауын мынадай жағдайларда пайдалану заңсыз болып табылады:
- осы атауды тіркеу туралы куәлік болмаған жағдайда, тіпті тауардың шынайы шығарылған жері көрсетілгеннің өзінде;
- атау аудармада немесе «тек», «түр», «имитация» және т.б. сияқты сөздермен тіркесте пайдаланылған кезде, сондай-ақ тұтынушыларды тауардың шығарылған жері мен ерекше қасиеттеріне қатысты жаңылыстыруға қабілетті біртекті тауарлар үшін ұқсас белгі пайдаланылған жағдайда;
- біртекті тауарларға қатысты тіркелген тауар шығарылған жердің атауымен бірдей немесе араластыру дәрежесіне дейін ұқсас географиялық объектінің атауы тіркеусіз пайдаланылған жағдайда;
- минералды суларды, шараптарды немесе күшті спирттік ішімдіктерді сәйкестендіретін географиялық объектілердің атауларынан тұратын немесе осындай атауларды қамтитын тауар шығарылған жерлердің атаулары осы жерден шықпаған тауарларды белгілеу үшін пайдаланылған жағдайда, тіпті тауардың шынайы шығарылған жері көрсетілген немесе аударма қолданылған не белгі «түрінде», «типінде», «стилінде» немесе басқа да осындай сөздермен сүйемелденген жағдайда да.
Тауар шығарылған жердің атауына қатысты құқықты иеліктен шығаруға, оны пайдалану құқығын беру жөніндегі өзге де мәмілелер жасауға және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын лицензиялық шарт негізінде беруге жол берілмейді.
ҚР ҚК-нің 222-бабының 2-бөлігінде, егер бұл әрекет ірі залал келтірсе, ҚР-да тіркелмеген тауар белгісіне немесе тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескерту таңбалауын заңсыз пайдаланғаны үшін де қылмыстық жауаптылық көзделген.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген әрекет 1-бөлікте көзделген әрекеттен қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы бойынша ерекшеленеді. Мұндай нысана Қазақстан Республикасында тіркелмеген тауар белгісіне немесе тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескерту таңбалауы болып табылады.
Заңның 20-бабына сәйкес тауар белгісіне куәліктің иесі тауар белгісінің жанына латынның R әрпі түрінде немесе пайдаланылатын белгінің Қазақстан Республикасында тіркелген тауар белгісі болып табылатынын көрсететін сөздік белгілер түрінде ескерту таңбалауын орналастыра алады. Ескерту таңбалауы отандық тауарларды шетелдік тауарлардан ажыратуға мүмкіндік береді.
ҚР ҚК-нің 222-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер өз құрылымы бойынша материалдық құрамды болып табылады. Қылмыстық теріс қылықтар ірі залал келтірілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармақшасына сәйкес ірі залал деп азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залалды не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген залалды түсіну қажет.
Субъективтік жағынан ҚР ҚК-нің 222-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыстық теріс қылықтар қасақана жасалады. Адам бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе соларға ұқсас белгілерді біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін заңсыз пайдаланатынын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелмеген тауар белгісіне қатысты ескерту таңбалауын заңсыз пайдаланатынын сезінеді, осының салдарынан азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіру мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны тілейді не оған саналы түрде жол береді.
Қылмыстық теріс қылықтың субъектісі он алты жасқа толған, есі дұрыс кез келген жеке тұлға болуы мүмкін.
Авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектілерін заңсыз пайдаланумен, авторлықты иеленумен, өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, селекциялық жетістіктерге немесе интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды бұзумен ұштасқан тауар белгісін заңсыз пайдалану әрекеттің сипатына қарай осы баптың және ҚР ҚК-нің 198, 199-баптарының жиынтығы бойынша саралауға әкеп соғады.
Егер бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе соларға ұқсас белгілерді біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелмеген тауар белгісіне немесе тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескерту таңбалауын заңсыз пайдалану нәтижесінде келтірілген залал ірі болып табылмаса, кінәлі адамның әрекеті ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша саралануға тиіс.
ҚР ҚК-нің 222-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилиден.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Нұсқау Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар