Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 395-бабына түсініктеме. Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу
1. Жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды бірнеше рет жұмысқа қабылдауы, сол сияқты жұмыс берушінің Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзуы —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
ҚК-нің 395-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықтың қоғамдық қауіптілігі оның Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану бойынша белгіленген қағидаларға қол сұғуымен сипатталады. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке салықтар төленбейді, шетелдік жұмыскерлердің тұру жағдайлары, өндірістегі қауіпсіздік техникасы, әлеуметтік қорғау қағидалары сақталмайды, яғни жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіріледі.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың объектісі Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану саласында жеке тұлғалардың қызметін реттеу аясындағы басқару тәртібін белгілейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
ҚК-нің 395-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағы жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз бірнеше рет жұмысқа қабылдауынан, сондай-ақ жұмыс берушінің Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзуынан көрінеді.
Шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы», 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңдарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу қағидаларын бекіту, шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты талап етілмейтін еңбек қызметін жүзеге асыру үшін адамдарды айқындау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» қаулысымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 27 маусымдағы «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.
Жұмысқа қабылдау — жұмыс беруші қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті қасиеттерге ие кандидаттарды тарту мақсатында жұмыс беруші жүзеге асыратын бірқатар әрекеттер.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 39) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші — жұмыскермен еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға.
Осыған ұқсас ұғым Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту қағидалары мен шарттарында, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидаларында бекітілген.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер деп Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілі екенін растайтын дәлелдері бар адамдар танылады.
Азаматтығы жоқ адамдар деп Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілі екенін растайтын дәлелдері жоқ адамдар танылады.
Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, шетелдіктер Қазақстан Республикасында заңнамада және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша еңбек қызметін жүзеге асыра алады. Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек ету бостандығына қатысты конституциялық құқығын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық актілермен шетелдіктердің Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруына шектеулер белгіленуі мүмкін.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілі бір лауазымдарға тағайындалу немесе белгілі бір еңбек қызметімен айналысу Қазақстан Республикасының азаматтығына тиесілі болумен байланысты болса, шетелдіктер мұндай лауазымдарға тағайындала алмайды немесе осындай қызмет түрлерімен айналыса алмайды.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей құқықтарға ие және бірдей міндеттер атқарады.
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 1-бабының 23) тармақшасына сәйкес, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат — жұмыс берушіге Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат.
Аталған Заңның 37-бабында жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды, шетелдік жұмыскерлерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтамаларды беру және оларды корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тарту тәртібі бекітілген.
Жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуы халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін квота шегінде жергілікті атқарушы органдар беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы орган өз аумағының және (немесе) басқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің шегінде беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты бергені немесе ұзартқаны үшін жұмыс берушілерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алым алынады.
Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде ауыстырылған, сондай-ақ өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген шетелдік жұмыскерлер болу мақсаттарына сәйкес уақытша еңбек қызметін жүзеге асырады және үш жылдан аспайтын мерзімге жасалған еңбек шартында көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін елден кетуге міндетті.
Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе оны ұзарту тәртібі мен шарттары, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру тәртібі халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен бекітіледі.
Шетелдік жұмыскерлер басым экономиканың салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша және жергілікті атқарушы орган берген біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы алу шартымен өз бетінше жұмысқа орналасу үшін үш айдан аспайтын мерзімге келе алады. Бұл мерзім еңбек шартының қолданылу мерзіміне, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Шетелдік жұмыскерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы беру тәртібін, экономиканың басым салаларының (экономикалық қызмет түрлерінің) тізбесін және оларда сұранысқа ие шетелдік жұмыскерлердің өз бетінше жұмысқа орналасуына арналған кәсіптерді халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
Жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 22) тармақшасына сәйкес, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота — жұмыс берушіге Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартуға рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті рұқсат етілген саны.
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 36-бабына сәйкес, шетелдік жұмыскерлерге елге кіру визаларын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелері ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша шетелдік жұмыскерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде берілген рұқсаттың негізінде және оның қолданылу мерзіміне береді.
Қазақстан Республикасымен визасыз кіру және болу тәртібі туралы келісімдер жасасқан мемлекеттерден келген шетелдік жұмыскерлерге уақытша тұруға рұқсаттарды ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес береді.
Шетелдік жұмыскерлерге елге кіру визалары мен уақытша тұруға рұқсаттарды ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша шетелдік жұмыскердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің алдағы жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде берілген рұқсаты болған жағдайда бір жылға ұзартады.
Мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне елге кіру визаларын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелері тиісті мемлекеттік органмен жасалған еңбек шартының негізінде және оның қолданылу мерзіміне береді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 27 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту қағидалары мен шарттарының 24-тармағына сәйкес, мынадай жағдайларда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейді: бөлінген квота мөлшерінің асып кетуі; жұмыс берушінің мынадай шарттарды сақтамауы: бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 70 пайызын Қазақстан Республикасының азаматтары құрауы, үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 90 пайызын Қазақстан Республикасының азаматтары құрауы; төртінші санат бойынша шетелдік жұмыс күшін ауыстыру жөніндегі міндеттемелердің орындалмауы; жұмыс берушінің шетелдік жұмыскерлерді рұқсатсыз тарту фактісінің анықталуы, сондай-ақ шетелдік жұмыскердің рұқсатта көрсетілген кәсіпке немесе мамандыққа сәйкес келмейтін кәсіп немесе мамандық бойынша тартылуы; шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейінің (кәсіптік даярлығының) және практикалық жұмыс тәжірибесінің (өтілінің) жұмысшылар кәсіптері мен басшылар, мамандар және қызметшілер лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына, кәсіптік стандарттарға, Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілердің біліктілік анықтамалығына, ұйымдар басшыларының, мамандарының және басқа да қызметшілерінің лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келмеуі.
Жұмыскерлердің бірінші санатына басшылар мен олардың орынбасарлары жатады; екінші санатқа кәсіптік стандарттарда, Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілердің біліктілік анықтамалығында, ұйымдар басшыларының, мамандарының және басқа да қызметшілерінің лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін құрылымдық бөлімшелердің басшылары жатады; үшінші санатқа кәсіптік стандарттарда, Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілердің біліктілік анықтамалығында, ұйымдар басшыларының, мамандарының және басқа да қызметшілерінің лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандар жатады; төртінші санатқа кәсіптік стандарттарда, Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында және жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін білікті жұмысшылар жатады.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат мынадай жағдайларда өзінің қолданысын тоқтатады: ол берілген мерзімнің аяқталуы; рұқсаттың кері қайтарып алынуы; жұмыс беруші жеке тұлғаның қызметін тоқтатуы, жұмыс беруші заңды тұлғаның таратылуы; жұмыс берушінің рұқсатты жергілікті атқарушы органға ерікті түрде қайтаруы; рұқсатты бергені және ұзартқаны үшін алымның төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін енгізбеу; рұқсатты басқа шетелдік жұмыскерге қайта ресімдеу.
Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін пайдалану қағидаларын бұзу деп шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану тәртібін реттейтін жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтамау, орындамау түсініледі.
Аталған құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылықтың шарты олардың бірнеше рет жасалуы, яғни осы әрекеттердің екі немесе одан да көп рет жасалуы болып табылады.
Қылмыстық теріс қылық құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыстық теріс қылық жұмысқа бірнеше рет қабылдау немесе жұмыс берушінің Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу фактісі орын алған кезден бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады. Кінәлі адам Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзып отырғанын түсінеді және соны қалайды.
Субъектісі он алты жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар болуы мүмкін.
ҚК-нің 395-бабында көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.*
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Жолдаулар