Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 161-бабына түсініктеме. Мүлікке тыйым салу
1. Азаматтық талап қою, өзге де мүліктік өндіріп алулар немесе мүлікті ықтимал тәркілеу бөлігінде үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мүлікке тыйым салу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Егер азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшін негіздер сот тергеуі сатысында туындаса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен мүлікке билік етуге он тәуліктен аспайтын мерзімге уақытша шектеу қоюға, егер мүлік иесінің жеке басы анықталған болса, бұл туралы оған жиырма төрт сағат ішінде хабарлауға құқылы.
Мүлікке билік етуге шектеу қойылған мерзім өткеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 162-бабында көзделген тәртіппен мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатпен сотқа жүгіну туралы қаулы шығаруға не белгіленген шектеуді алып тастауға міндетті.
Мүлік иесіне өзіне тиесілі мүлікке билік етуге уақытша шектеу қойылғаны туралы хабарлау мынадай жағдайларда жүргізілмейді:
1) террористік немесе экстремистік қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
2) қылмыстық топ жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
3) мүлік иесіне оған билік етуге уақытша шектеу қойылғаны туралы хабарлау қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан жасырын тергеу әрекеттері туралы ақпараттың жария етілуіне қатер төндіретін жағдайда.
2. Мүлікке тыйым салу мүліктің меншік иесіне немесе иеленушісіне осы мүлікке билік етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салуды не мүлікті алып қоюды және оны сақтауға беруді білдіреді.
3. Тәркіленуге жататын мүлікті қарап-тексеру және сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабымен айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда міндеттемелері қайта құрылымдауға жататын қаржы ұйымдарының кредиторлары болып табылатын күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын адамдардың мүлкіне азаматтық талап қою бөлігінде үкімнің орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдауға жол берілмейді.
5. Азаматтық талап қоюшы немесе прокурор мәлімдеген азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшін тыйым салынатын мүліктің құны талап қою бағасынан аспауға тиіс.
6. Бірнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін жауап беретін адамдардың әрқайсысының тыйым салынуға жататын мүліктегі үлесін айқындау кезінде күдіктіге, айыпталушыға тағылатын қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесі ескеріледі, алайда басқа адамдардың мүлкі болмаған жағдайда азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшін тиісті адамдардың біреуінің мүлкіне толық көлемде тыйым салынуы мүмкін.
7. Бірінші кезекте қажетті заттар болып табылатын мүлікке және тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын өзге де заттарға тыйым салуға болмайды.
Мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының банктік шоттардағы активтеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылыс жинақтары түріндегі тұрғын үй құрылыс жинақ банктеріндегі банктік шоттарда тұрған ақшаға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалған шарттар бойынша міндеттемелерді орындамау туралы істер бойынша сот шешімдерінің негізінде өндіріп алуды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақ түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттарда тұрған ақшаға, нотариус депозиті шарттарымен енгізілген ақшаға, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы шарты бойынша банктік шоттарда тұрған ақшаға, уәкілетті мемлекеттік орган лицензиясынан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына, өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған жеке сот орындаушысының ағымдағы шотындағы ақшаға мүлікке билік етуге уақытша шектеу қоюға, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, сондай-ақ тыйым салуға жол берілмейді.
Осы бөліктің екінші абзацының ережесі аталған өндіріп алынған сомаларды өндіріп алушылардың пайдасына сақтауға арналған жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға қатысты атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары қоятын шектеулерге, лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушысына қатысты қолданылмайды.
8. Егер күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы немесе қаруы ретінде не экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған немесе пайдалануға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, басқа адамдардың иелігіндегі мүлікке де тыйым салынуы мүмкін.
9. Тыйым салынуға жататын мүліктің жасырылуы немесе жоғалуы мүмкін деп пайымдауға негіздер болған жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот санкциясын алғанға дейін мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауды тоқтата тұруға не оны алып қоюға, бұл туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурор мен сотты хабардар ете отырып, құқылы.
Ескерту. 161-бапқа Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 5 шілдедегі № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 114-VI (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 284-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VI (қолданысқа енгізу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2020 жылғы 26 маусымдағы № 349-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен өзгерістер енгізілді.
ҚР АК-не сәйкес мүлік азаматтық құқықтардың объектісі болып табылады және оған заттар, ақша, оның ішінде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, шығармашылық және зияткерлік қызметтің объективтендірілген нәтижелері, фирмалық атаулар, тауар белгілері және бұйымдарды дараландырудың өзге де құралдары, мүліктік құқықтар және басқа да мүлік жатады (ҚР АК-нің 115-бабының 1—2-тармақтары). Өзінің қасиеттеріне қарай мүлік жылжымайтын (жылжымайтын заттар, жылжымайтын мүлік) және жылжымайтын мүлікке жатпайтын мүлік болып бөлінеді, оның ішінде ақша мен бағалы қағаздар жылжымалы мүлік деп танылады (ҚР АК-нің 117-бабы).
ҚР ҚПК-нің 161-бабы 1-бөлігінің нормаларының мәні бойынша мүлікке тыйым салу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады: қылмыстан жәбірленген адам және басқа да тұлғалар азаматтық талап қойған қылмыстық істер бойынша; ҚК Ерекше бөлімінің баптарында қылмыс үшін мүлікті тәркілеу көзделген жағдайда (ҚК-нің 48-бабы); сотталған адамнан процестік шығындарды (қылмыстық іс бойынша мемлекеттік ақшалай шығыстарды) өндіріп алу қажет болған кезде (ҚПК-нің 177—178-баптары).
Жоғарыда көрсетілген негіздер туындаған кезде мүлікке тыйым салу сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және басты сот талқылауының екінші кезеңінде — сот тергеуі барысында жүзеге асырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, мүліктік өндіріп алулардың кез келген нысанда орындалуын кепілді түрде қамтамасыз ету үшін заң мүлікке тыйым салу туралы актіні тергеу судьясының санкциясымен толық ресімдегенге дейін қылмыстық қудалау органы қаулысының негізінде прокурордың келісімімен аталған мүлікке билік етуге уақытша шектеу қоюға (мүліктің заңдық тағдырын айқындаудың заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі) он тәуліктен аспайтын мерзімге жол береді (ҚПК-нің 161-бабының 1-бөлігі, ҚР АК-нің 188-бабының 1—2-тармақтары), мысалы, банкте тұрған ақшаға билік етуді шектеу (ҚР АК-нің 740-бабы).
Сонымен бірге мүліктің жасырылуы немесе оған тыйым салудан өзгеше жолмен шығарылып кетуі мүмкін екендігі туралы мәліметтер болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қаулысы бойынша бұл туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурор мен тергеу судьясына хабарлай отырып, тергеу судьясының санкциясын алғанға дейін аталған мүлік алып қойылуы немесе оған қатысты барлық мәмілелер мен өзге де операцияларға тыйым салынуы (олар тоқтатыла тұруы) мүмкін (ҚПК-нің 161-бабының 9-бөлігі).
Жоғарыда баяндалғандармен қатар, ҚПК-нің 161-бабы 1-бөлігінің бесінші абзацында сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының мүлік иесіне оның мүлкіне билік етуге уақытша шектеу қойылғаны туралы хабарламайтын жағдайлар көзделген. Мұның негізіне қылмыстардың ерекше қауіптілігі, қылмыстардың қылмыстық топпен жасалуы, қылмыстық істер бойынша жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілуі алынған. Бұл ерекшеліктер, ең алдымен, қылмыстық процестің міндеттерін тиімді шешу мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерінің жария етілуіне жол бермеуге бағытталған және қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуымен байланысты емес (ҚПК-нің 8-бабының 1-бөлігі, 201-бабы).
- Сондай-ақ, мүлікке тыйым салу оған билік етуге уақытша шектеу қоюдан ерекшеленетінін атап өткен жөн, өйткені ол қосымша түрде мүлікті иеленуге (мүлікті нақты иеленуді жүзеге асырудың заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі) немесе пайдалануға (мүліктің пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі) тыйым салуды, оның ішінде сақталуын қамтамасыз ету үшін мүлікті басқа жерге ауыстыруды қамтуы мүмкін (ҚПК-нің 161-бабының 2-бөлігі, ҚР АК-нің 188-бабының 1—2-тармақтары).
Тыйым салынған мүлікке қатысты іс-әрекеттерді (қарап-тексеру, сақтау) жүзеге асыру мәселесіне келетін болсақ, бұл ретте ҚПК-нің 118-бабының 4-бөлігінің, 220, 221-баптарының нормаларын, яғни заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру және сақтау қағидаларын басшылыққа алу қажет (ҚПК-нің 161-бабының 3-бөлігі).
Мүлікке тыйым салу кезінде оның құны азаматтық талап қоюшы немесе прокурор мәлімдеген талап қою бағасынан, яғни мүліктік талаптардың ақшалай көрінісінен аспауға тиіс деген заң талаптары аса маңызды болып табылады (ҚПК-нің 161-бабының 5-бөлігі).
Дәлелдеу нысанымен, яғни іс бойынша анықталуға жататын мән-жайлармен (ҚПК-нің 113-бабы 1-бөлігінің 4, 7-тармақтары) тығыз байланысты ҚПК-нің 161-бабының 6-бөлігіндегі ережелер болып табылады. Өтелуге жататын зиянның сипаты мен мөлшері, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының жауаптылығының дәрежесі мен сипатына әсер ететін мән-жайлар қаншалықты терең әрі дәл анықталса, қылмысқа қатысушылардың тыйым салынуға жататын мүліктегі үлестерін және тағы басқаларды дұрыс айқындау да соған байланысты болады.
ҚПК-нің 161-бабының 7-бөлігінің нормаларын толық түсіну үшін ҚПК-ге қосымшаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 61-бабын басшылыққа алу қажет (тыйым салынуы мүмкін емес мүліктің тізбесі ҚПК-нің 670-бабының нормаларына берілген түсініктемеде келтірілген).
Осы тұрғыдан алғанда, ҚПК-нің 161-бабы 8-бөлігінің 1-абзацындағы нормаларды қолдануды да қарастыру қажет, өйткені олар ҚК-нің «Тәркілеу» деп аталатын 48-бабының және ҚПК-нің «Үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы іс жүргізу» деп аталатын 71-тарауының нормаларымен (ҚПК-нің 667—672-баптары) өзара тығыз байланысты. Ал ҚПК-нің 161-бабы 8-бөлігінің 2-абзацындағы нормалар ҚР АК-нің «Зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер» деп аталатын 47-тарауының нормаларымен (917—952-баптар) байланысты, онда азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына құқыққа қайшы әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілген зиянды (мүліктік және (немесе) мүліктік емес) толық көлемде өтеудің талаптары мен негіздері, зиян келтіруші болып табылмайтын адамның зиянды өтеу міндеті және тағы басқалар көзделген.
Басқаша айтқанда, ҚК, ҚПК және ҚР АК-нің аталған нормалары мүлкіне тыйым салынуы мүмкін адамдар тобын жеткілікті дәрежеде нақты айқындайды және ҚПК-нің 161-бабы 8-бөлігінің талаптарын заңды әрі негізді орындау мақсатында оларды басшылыққа алу қажет.
ҚПК-нің 161-бабының 4-бөлігінің нормаларында міндеттемелері қайта құрылымдауға (кредитті қайтару талаптарын қайта қарауға) жататын қаржы ұйымдарының кредиторлары (қарыз берушілері) болып табылатын күдіктілердің, айыпталушылардың немесе олардың әрекеттері үшін материалдық жауаптылықта болатын адамдардың мүлкіне тыйым салуға тікелей тыйым салынған. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Заңына сәйкес қаржы ұйымы — қаржылық қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға (1-баптың 4) тармақшасы). Бұларға банктер, сақтандыру ұйымдары, жинақтаушы зейнетақы қорлары, қор биржалары және тағы басқалар жатады (ҚР-ның 1995 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы»; 2000 жылғы 18 желтоқсандағы «Сақтандыру қызметі туралы»; 2003 жылғы 2 шілдедегі «Бағалы қағаздар рыногы туралы»; 2013 жылғы 21 маусымдағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңдарын және тағы басқаларды қараңыз). Аталған қаржы ұйымдарының кредиторлары ретінде ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық компания, ұлттық холдинг, банктік және сақтандыру холдингтері, жеке және заңды тұлғалар түріндегі қаржы ұйымдарының ірі қатысушылары, инвесторлар және тағы басқалар болуы мүмкін.
Қаржы ұйымдарын және банк конгломератының құрамына бас ұйым ретінде кіретін әрі қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы істер бойынша іс жүргізу ҚР АПК-нің 41-тарауымен реттелетінін атап өткен жөн. Қаржы ұйымдарын және банк конгломератының құрамына бас ұйым ретінде кіретін әрі қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы істер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, АПК-де көзделген жалпы қағидалар бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралады (349—354-баптар).
Мәселен, қаржы ұйымын қайта құрылымдауды жүргізу туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап: 1) қайта құрылымдауға жататын міндеттемелер бойынша талаптарды қанағаттандыру туралы бұрын қабылданған соттардың, төреліктің шешімдерін орындау; қайта құрылымдауға жататын міндеттемелері бар қаржы ұйымының кредиторларының қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы сот шешімі күшіне енгенге дейін және оны қайта құрылымдау кезеңінде мәлімделген талаптарын орындау тоқтатыла тұрады; 2) қаржы ұйымының мүлкінен өндіріп алуға жол берілмейді. Қаржы ұйымын қайта құрылымдауды жүргізу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесін сот қаржы ұйымына, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және аумақтық тиесілілігі бойынша тиісті әділет органдарына жібереді (ҚР АПК-нің 352-бабының 2-бөлігі).
Осыған ұқсас, бірақ анағұрлым кең талаптарды, оның ішінде ҚПК-нің 161-бабы 7-бөлігінің екінші абзацында көрсетілген құқық субъектілерінің ақшасына тыйым салуға ғана емес, сонымен бірге олардың мүлкіне билік етуге уақытша шектеу қоюға немесе мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге сөзсіз тыйым салуды ҚПК-нің 161-бабының 7-бөлігі белгілейді («Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 51-бабын да қараңыз: «Банктегі ақша мен мүлікке тыйым салу және олардан өндіріп алу»).
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Құқықтық қызмет Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік даулар Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар