146-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін жүзеге асыруының ерекше шарттары Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Заңы
1. Жеке сот орындаушысының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шарты болмаса, жеке сот орындаушысы өз қызметін жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты оның мүліктік мүддесі жеке сот орындаушысының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.
2-1. Жеке сот орындаушысының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшері оның талаптарымен айқындалады және қызметін республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жүзеге асыратын жеке сот орындаушылары үшін – шарт жасалған күнге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген кемінде бір мың еселенген, өзге де жеке сот орындаушылары үшін кемінде бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткішті құрауға тиіс.
2-2. Сақтандырылған тұлғаның атқарушылық құжаттарды орындау кезінде кәсіби қателер жіберуі салдарынан үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі жеке сот орындаушысының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады.
Осы баптың мақсаттары үшін:
1) процестік құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
2) атқарушылық құжатты орындағаннан, жеке сот орындаушысының қызметіне және борышкерге зиян келтіруге алып келген орындау жөніндегі шығыстарға ақы төленгеннен кейін мәжбүрлеп орындату шараларын уақтылы жоймау;
3) өзіне қатысты атқарушылық әрекеттер жүргізілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген жасалатын әрекеттердің салдары туралы оған хабар бермеу;
4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) атқарушылық іс жүргізу тараптарынан алған құжаттарды жоғалту немесе бүлдіру;
5) қызметі нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз жария ету жеке сот орындаушысының кәсіби қателері деп түсініледі.
Жеке сот орындаушысының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартында сақтандырылған тұлға атқарушылық құжаттарды орындау барысында үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне зиян келтіруге алып келген өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) айқындалуы мүмкін.
3. Алып тасталды - ҚР 26.06.2020 № 349-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4. Егер келтірілген зиянның мөлшері кәсіби жауапкершілікті сақтау шарты бойынша сақтандыру төлемінің мөлшерінен асатын болса, жеке сот орындаушысы оларға келтірілген зиянды жеке өзіне тиесілі мүлікпен, оның ішінде ақшамен қайтарады.
5. Өтелуге тиіс зиян келтіру фактісі мүдделі тараптардың келісімімен белгіленеді, ал дау болған жағдайда оны сот белгілейді.
6. Алып тасталды - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 146-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.06.2020 № 349-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы