55-2-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы жедел ден қою шаралары және оларды қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі
1. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлімшелері бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісі) қызметінде жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар анықталған жағдайда жедел ден қою шараларын қолданады.
2. Тексеруді, тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында және (немесе) оларды жүргізу нәтижелері бойынша қолданылатын, бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) әсер етудің осы бапта көзделген тәсілдері жедел ден қою шаралары болып саналады.
Тексеруді, тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында және (немесе) оларды жүргізу нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайда, әкімшілік іс жүргізу қозғалмай, жедел ден қою шаралары қолданылады.
3. Жедел ден қою шараларының түрлері:
1) бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру, өткізу жөніндегі қызметін тоқтата тұруды;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың актілеріне сәйкес келмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тоқтата тұруы, кері қайтарып алуды және айналыстан алып қоюды қамтиды.
4. Осы Кодекстің 52-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың нысанасы болып саналатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болады.
5. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган тексеруді, тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында және (немесе) олардың нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын талаптарды бұзу фактісін анықтаған кезде осы Кодекстің 54-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген қаулы нысанындағы қадағалау актісін ресімдейді.
6. Қадағалау актісін қолма-қол табыс ету кезінде оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі және актіні қабылдаудан бас тарту фактісін тіркеп-белгілейтін бейнежазба жасалады. Қадағалау актісі оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) заңды мекенжайына, тұрған жеріне немесе нақты мекенжайына жіберіледі.
7. Қадағалау актісін алудан бас тарту оны орындамауға негіз болмайды.
8. Тексеруді, тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында және (немесе) олардың нәтижелері бойынша анықталған, жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын талаптарды бұзушылықтар тексеру, тергеп-тексеру нәтижелері туралы актіде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамада көрсетіледі.
9. Бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын анықталған бұзушылықтарды тексеру нәтижелері туралы актіде, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзімдерде жоюға міндетті.
10. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада, тексеру, тергеп-тексеру нәтижелері туралы актілерде көзделген мерзімдер өткенге дейін бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса беріп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты беруге міндетті.
11. Осы баптың 10-тармағына сәйкес жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат берілген жағдайда немесе тексеруді немесе тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында және (немесе) олардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері өткеннен кейін олардың жойылуын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
12. Жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, жоспардан тыс тексерудің немесе тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту жөніндегі шаралар қабылданады.
13. Бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) тексерудің, тергеп-тексерудің жедел ден қою шараларын қолдануға алып келген нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қадағалау актісін жарамсыз деп тану және оның күшін жою туралы шағым бере алады.
Шағым осы Кодекстің 29-бабында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.
Шағым беру қадағалау актісінің орындалуын тоқтата тұрмайды.
14. Жоғары тұрған органның немесе лауазымды адамның қадағалау актілерін жарамсыз деп тануына және олардың күшін жоюға:
1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіздердің болмауы;
2) осы шараға сәйкес келмейтін негіз бойынша жедел ден қою шараларын қолдану;
3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы бақылау және қадағалау органдарының өздерінің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша жедел ден қою шараларын қолдануы;
4) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабында белгіленген жедел ден қою шараларын келісу және қабылдау тәртібін сақтамау негіз болады.
15. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы ақпарат Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тәртіппен өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберіледі.
2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексі
Бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 7 шiлдедегi № 334-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау