7-бап. Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріндегі өкілеттіктері Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Заңы
1. Борышкер:
1) осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен уәкілетті органға жүгінуге;
2) Осы Заңның 6-бабында көзделген негіздер бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге;
3) осы Заңда көзделген тәртіп сақталған жағдайда өз мүлкін иеліктен шығару бойынша мәмілелер жасасуға;
4) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінде өзі және өзінің асырауындағы отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелері үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс шамасы мөлшеріндегі ақшаны ай сайын өз иелігінде қалдыруға құқылы.
Борышкер ай сайын өз иелігінде қалдыратын ақша мөлшерін кредиторлар ұлғайта алады;
5) осы Заңда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.
2. Борышкер:
1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, кредиторды төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен жүгінгені туралы хабардар етуге;
2) егер соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде өзінің меншігіне кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін толық немесе отыз пайыздан асырып орындауына мүмкіндік беретін мүлік түскен немесе өзінің мүліктік жағдайы өзгеше түрде өзгерген не кредитормен кредитордың алдындағы берешекті реттеу туралы келісім жасасқан жағдайда уәкілетті органға "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы, "электрондық үкiмет" веб-порталы және (немесе) арнаулы мобильдік қосымша арқылы мұндай рәсімді тоқтату туралы арызбен жүгінуге;
3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын әзірлеуге қатысуға;
4) уәкілетті органның, қаржы басқарушысының, сондай-ақ кредиторлардың жазбаша сұрау салуы негізінде, оны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, оларға өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі және міндеттемелері туралы анық ақпаратты беруге;
5) қаржы басқарушысына өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі және міндеттемелері туралы ақпарат алуда жәрдем көрсетуге;
6) қаржы басқарушысының осы Заңда көрсетілген талаптарын орындауға және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына кедергі келтірмеуге;
7) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының іс-шараларын орындауға;
8) осы Заңның 32-бабының 1-тармағына сәйкес кредиторға (кредиторларға) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат беруге;
9) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген мәмілелерді қоспағанда, өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдамауға;
10) оқиға басталған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде кредиторларды еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлар кезінде төтенше және алдын алуға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери қимылдар, төтенше жағдай және басқалар) салдарынан не үшінші тұлғалардың кінәсінен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындаудың мүмкін болмағаны туралы хабардар етуге;
11) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзімі аяқталғаннан кейін немесе ол мерзімінен бұрын орындалған кезде сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау туралы өтінішхатпен жүгінуге;
12) соттың мынадай:
сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы;
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімдерінің бірі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мүліктік массаны қаржы басқарушысының басқаруына беруге;
13) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматы төлемге қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға арналған негіздерді, оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын белгілейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы