72-бап. Оңалту рәсімінде кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру Оңалту және банкроттық туралы Заңы
1. Уақытша әкімші оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға оңалту туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастыру үшін жібереді.
Кредиторлардың талаптарын қабылдауды уақытша әкімші борышкердің орналасқан жері бойынша не әкімші ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламада өзі көрсеткен әкімшінің тіркелген орны бойынша жүзеге асырады.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Борышкердің интернет-ресурсы болған кезде көрсетілген интернет-ресурста хабарды жариялау міндетті болып табылады.
2. Кредиторлардың борышкерге қоятын талаптарын кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей өздері мәлімдеуге тиіс.
Кредиторлардың талаптарында:
1) талаптың сомасы туралы (негізгі борыштың, сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық айыбы мен өзге де айыппұл санкцияларының, залалдар сомасы туралы жеке-жеке) мәліметтер қамтылуға тиіс. Талап сомасы көрсетілген талап мәлімделген күнге айқындалады;
2) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында көзделген, кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама тәсілдерінің бірін көрсету қамтылуға тиіс.
Салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары ұсыныла отырып, талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттардың (заңды күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышты мойындауы) көшірмелері талапқа қоса беріледі.
Кредиторлар талаптың негізі мен сомасын растайтын өзге құжаттарды да ұсынуға құқылы.
Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент синдикатталған қарыз шарты негізінде кредиторлар синдикатына әрбір қатысушы бойынша жеке талаптарды мәлімдейді.
Егер сыйақы (мүдде) және залалдар бойынша осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген талап сомасы сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге өзгерсе, онда кредитор сот осындай шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде көрсетілген өзгерісті ескере отырып, өзінің талаптарын қайта мәлімдейді.
Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен ескеріледі.
Оңалту туралы іс дара кәсіпкерге қатысты қозғалған жағдайда, кредиторлардың оның кәсіпкерлік қызметінен туындамайтын талаптары да, егер осындай міндеттемелер бойынша орындау мерзімі басталса, мәлімделуі мүмкін.
3. Кредитордың осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп мәлімделген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімде мәлімделген кредиторлар талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
4. Кредиторлардың талаптарын уақытша әкімші немесе оңалтуды басқарушы олар мәлімделген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
Қарау нәтижелері бойынша танылған талаптар кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізуге жатады.
Кредиторлардың бұрын сотқа өздері мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
Кредиторлар талаптарының тізіліміне осы Заңның 90-бабының 7-тармағында көзделген талаптар енгізілмейді.
5. Кредиторлардың оңалту рәсiміне қатысуына байланысты шығыстары орнын толтыруға жатпайды.
6. Кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (талапты толық көлемде немесе бір бөлігін тану немесе танымау себептерін көрсете отырып танымау туралы) уақытша әкімші шешім қабылданған күннен кейінгі күні әрбір кредиторды жазбаша хабардар етуге міндетті.
Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігін) тану туралы хабарламада уақытша әкімші кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілетін күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
Уақытша әкімшінің шешімімен келіспеген кезде кредитор уақытша әкімшінің хабарламасын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оңалту туралы істі қарайтын сотта оған шағым жасауға құқылы.
7. Уақытша әкімші соттың оңалту туралы іс қозғау жөнінде ұйғарымы шығарылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша қалыптастыруға және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган уақытша әкімшіден кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Қалыптастырылған кредиторлар талаптарының тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен енгізіледі.
8. Кредитор кредиторлар талаптарының тізілімі жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде басқа кредиторлар талаптарының мөлшері мен негіздеріне шағым жасауға құқылы.
Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ.
Осы Заң кредиторлардың талаптарын борышкер толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, берешекті қайта құрылымдау рәсімін, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану, борышкерді банкроттық рәсімін қозғамай тарату үшін негіздерді белгілейді, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы