123-бап. Мәжбүрлеп таратылатын банк кредиторларының талаптарын қанағаттандыру кезектілігі Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Мәжбүрлеп таратылатын банк кредиторларының талаптары осы бапта белгіленген тәртіппен қанағаттандырылады.
2. Тарату ісін жүргізуге байланысты, оның ішінде банктің тарату комиссиясының қызметін қамтамасыз ету бойынша шығыстар мәжбүрлеп таратылатын банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі есебінен кезектен тыс жүргізіледі.
3. Кредиторлардың белгіленген тәртіппен танылған талаптары мынадай кезектілікпен қанағаттандырылады:
1) бірінші кезекте:
тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру арқылы өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілгені үшін мәжбүрлеп таратылатын банк өздерінің алдында жауапты болатын жеке тұлғалардың талаптары;
жалақыдан және (немесе) өзге кірістен ұсталған алименттерді төлеу жөніндегі;
мәжбүрлеп таратылатын банктің басшы қызметкерлерін қоспағанда, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу мен оларға өтемақы төлеу жөніндегі;
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өтеу жөніндегі;
жалақыдан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі;
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі;
міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды төлеу жөніндегі;
авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі талаптар қанағаттандырылады;
2) екінші кезекте депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдік берілетін депозиттер бойынша төлеген (төлейтін) өтем сомасы бойынша және (немесе) банк мүлкінің мөлшері мен реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу шеңберінде басқа банкке (банктерге), тұрақтандыру банкіне берілетін кепілдік берілетін депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері арасындағы орны толтырылған айырманың сомасы бойынша талаптары қанағаттандырылады;
3) үшінші кезекте:
орталық контрагенттің функцияларын жүзеге асыратын клирингтік ұйымның клирингтік қатысушысы болып табылатын мәжбүрлеп таратылатын банк орталық контрагенттің қатысуымен бұрын жасаған және орындамаған мәмілелер нәтижесінде туындаған осы клирингтік ұйымның;
кепіл кредиторларының кепіл мүлкінің құнынан аспайтын мөлшердегі талаптары қанағаттандырылады;
4) төртінші кезекте:
банктің акционерлері болып табылмайтын жеке тұлғалардың депозиттері, оның ішінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар мәжбүрлеп таратылатын банкте, ислам банкінде орналастырылған талап етілгенге дейінгі пайызсыз депозиттер бойынша;
жеке тұлғалардың ақша аударымдары бойынша;
зейнетақы активтері есебінен енгізілген депозиттер бойынша;
"өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша талаптар қанағаттандырылады;
5) бесінші кезекте тек қана қайырымдылықпен айналысатын коммерциялық емес ұйымдардың, Ұлы Отан соғысының ардагерлері ұйымдарының, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер ұйымдарының, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері ұйымдарының, Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының ерікті қоғамының, Қазақ зағиптар қоғамының, Қазақ саңыраулар қоғамының, сондай-ақ көрсетілген заңды тұлғалардың еншілес ұйымдары болып табылатын өндірістік ұйымдардың және мүгедектігі бар адамдардың басқа да ұйымдарының депозиттері бойынша талаптар қанағаттандырылады;
6) алтыншы кезекте банктің акционерлері болып табылмайтын өзге де заңды тұлғалардың депозиттері бойынша талаптар қанағаттандырылады;
7) жетінші кезекте салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша, сондай-ақ республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен берілген қарыздарды қайтару бойынша берешек өтеледі;
8) сегізінші кезекте, қанағаттандырылуы оныншы, он бірінші немесе он екінші кезекте жүзеге асырылатын талаптарды қоспағанда, банктің акционерлері болып табылмайтын өзге де кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
9) тоғызыншы кезекте, қанағаттандырылуы оныншы, он бірінші немесе он екінші кезекте жүзеге асырылатын талаптарды қоспағанда, банктің акционерлері болып табылатын кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
10) оныншы кезекте, қанағаттандырылуы он бірінші немесе он екінші кезекте жүзеге асырылатын талаптарды қоспағанда, банктің залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдары бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
11) он бірінші кезекте мәжбүрлеп таратылатын банктің субординарлық борышы бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
12) он екінші кезекте мәжбүрлеп таратылатын банктің мерзімсіз қаржы құралдары бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады.
4. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.
Кредитордың талабы оның келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
5. Кепіл кредиторларының талаптарын қоспағанда, бір кезектегі кредиторлардың талаптары қанағаттандырылған кезде таратылатын банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі осы кезектегі кредиторлардың арасында қанағаттандырылуға жататын талаптар сомаларына пропорционалды түрде бір мезгілде бөлінеді.
6. Кепіл кредиторының талап ету сомасын айқындау кезінде міндеттеме бойынша берешек кепілмен қамтамасыз етілген бөлігінде ескеріледі.
Кепіл кредиторының талаптары:
кепіл кредиторы кепілге қойылған мүлікті заттай қабылдаудан бас тартқан жағдайда, кепілге қойылған мүлікті өткізуден түскен соманың;
кепіл кредиторы кепілге қойылған мүлікті заттай қабылдауға келіскен жағдайда, кепілге қойылған мүліктің осындай кепілге қойылған мүлікке бағалау жүргізуге және оны күтіп-ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды шегергендегі бағалаушы растаған нарықтық құнының мөлшері шегінде қанағаттандырылады.
Кепіл кредиторы талаптарының кепілге қойылған мүлікті өткізуден түскен соманың мөлшерінен немесе кепілге қойылған мүліктің бағалаушы растаған нарықтық құнының мөлшерінен асатын сомасы сегізінші кезектің құрамына енгізілуге жатады.
Кепілге қойылған мүліктің жоғалғаны немесе бүлінгені үшін сақтандыру төлемі алынған жағдайда, кепіл кредиторының талаптары кепілге қойылған мүліктің қалған құны мөлшерінде, жабылмаған сақтандыру төлемі бөлігінде қанағаттандырылуға жатады.
Кепілге қойылған мүлік жоғалған жағдайда, жоғалған кепілге қойылған мүлікпен қамтамасыз етілген талаптар сегізінші кезектің құрамына енгізілуге жатады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы