Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 213-бабына түсініктеме. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын, абонентті сәйкестендіру құрылғысын заңсыз өзгерту, сондай-ақ абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату
1. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгерту, ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасау, егер бұл әрекеттер өндірушінің немесе заңды иеленушінің келісімінсіз жасалса, —
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз жасау, пайдалану, тарату —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған жағдайда —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Түсіндіріліп отырған әрекеттің қоғамдық қауіптілігі қоғамның экономикалық қызметіндегі ұялы байланыс абоненттік құрылғысының маңыздылығымен, ұйымдарға немесе жекелеген азаматтарға келтірілетін зиянның елеулілігімен айқындалады.
Байланыс Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады және жеке және заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, сондай-ақ қауіпсіздік, қорғаныс, құқықтық тәртіпті сақтау, мемлекеттік органдардың байланыс қызметтеріне деген қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған.
Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын заңсыз өзгерту, ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын заңсыз жасау, сондай-ақ осы мақсаттарға арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату нөмірлеу ресурсын бөлу және ұялы байланыс нөмірлерін беру тәртібін сөзсіз бұзады, аталған байланыс нөмірлерін пайдалану құқықтарын алу жөніндегі белгіленген қағидаларға күйретуші әсер етеді.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктері — қылмыстар) өндірушінің меншік құқығымен байланысты қоғамдық қатынастар, сондай-ақ байланыс қызметтерін пайдаланушылардың, уәкілетті органдардың және байланыс саласында қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін реттеу саласында қалыптасатын қатынастар болып табылады.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығымен бекітілген Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына сәйкес, ұялы байланыс — қызмет көрсетілетін аумақты бірқатар ұяшықтарға бөлуді пайдаланатын, абонент бір ұяшықтан екінші ұяшыққа ауысқан кезде байланыстың үздіксіздігін қамтамасыз ететін және радиотолқындар арқылы берілетін ақпаратпен екіжақты (көпжақты) алмасуға арналған электр байланысының түрі; абоненттік құрылғы — абонент белгілеген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысының сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдалануға арналған байланыс құралы.
Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды деп өндіруші зауыт беретін, осы құрылғы оған қосылған кезде байланыс операторының желісіне жіберілетін абоненттік құрылғының немесе абоненттік станцияның кодын түсінеміз.
Халықаралық стандарттарда абоненттік құрылғының сәйкестендіру коды IMEI (International Mobile Equipment Identifier — «мобильді жабдықтың халықаралық сәйкестендіргіші») ретінде белгіленеді. Ол 15 цифрдан тұратын тізбекті білдіреді және өндіруші зауыт орнататын әрбір ұялы телефонның бірегей сериялық нөмірі болып табылады.
Ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасы деп байланыс құралы оған қосылған кезде байланыс операторының желісіне берілетін абоненттік нөмірді тұрақты сақтайтын құрылғыны түсіну қажет.
Ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру құрылғысы абоненттік құрылғы мен абонентті дараландыруға арналған, телефоннан бөлек сатып алынады, жеке тұлғаның атына тіркеледі және аппараттың корпусына орнатылады. Басқаша айтқанда, бұл құрылғы SIM-карта деп аталады.
Абоненттік құрылғы деп абонент белгілеген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысының сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдалануға арналған байланыс құралын түсінеміз.
Абонент — байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасалған, осы мақсаттар үшін абоненттік желі, абоненттік нөмір және (немесе) сәйкестендіру коды бөлінген жеке немесе заңды тұлға.
Объективтік жағынан қылмыстық құқық бұзушылық түсіндіріліп отырған баптың әртүрлі бөліктерінде көзделген бірнеше баламалы әрекеттер арқылы көрініс табады:
1-бөлігінде — ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын заңсыз өзгерту; ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын заңсыз жасау;
2-бөлігінде — ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз жасау; осындай бағдарламаларды заңсыз пайдалану; осындай бағдарламаларды заңсыз тарату.
Заңсыздық деп көрсетілген әрекеттерді жасауға өндірушінің немесе заңды иеленушінің келісімінің болмауын түсінеміз.
Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодының (IMEI) сәйкес келмеуі тек екі жағдайда болуы мүмкін: не телефонды «қайта бағдарламалау» («перепрошивка») кезінде ол өзгертілген, не корпус толығымен ауыстырылған (ауыстырмалы панельдер емес, дәл корпустың өзі). Ұялы телефонның корпусын ауыстыру құны жаңа телефонның құнына тең.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының телекоммуникациялардың бірыңғай желісінде пайдаланылатын байланыс құралдары, электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар заңнамаға сәйкес міндетті сертификаттауға жатады.
Міндетті сертификаттауға жататын байланыс құралдарының тізбесін уәкілетті орган ұлттық қауіпсіздік органдарымен және стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
Осылайша, ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өндірушінің немесе заңды иеленушінің келісімінсіз заңсыз өзгерту деп электрондық-техникалық құралдарды қолдана отырып, байланыс құрылғысының сериялық нөмірін өз бетінше қайта орнатуды түсіну қажет. Көрсетілген нөмірді толықтай өзгертуге немесе берілген сандық қатардан кез келген цифрды ретсіз енгізу арқылы өзгертуге болады.
Уәкілетті орган нөмірлерді пайдалану құқықтарын алу тәртібін белгілейтін қағидаларды әзірлейді және бекітеді, оның ішінде нөмірлерді беру негіздерін айқындайды, бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының тізілімін жүргізеді.
Кінәлі адамның белгіленген қағидаларды бұза отырып, SIM-картаны қолдан жасау, SIM-картаның профилін сканерлеу немесе оның әрекетін басқа абоненттің нөмірі бойынша имитациялау арқылы ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауы да қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық құрамының объективтік жағын құрайды.
Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе абонентті сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға арналған бағдарламаны жасау және пайдалану деп бағдарламаның жұмысқа қабілетті кодын әзірлеуді және осы бағдарламаны мақсатына сай қолдануды түсінеміз.
Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе абонентті сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға арналған бағдарламаны тарату деп оны үшінші тұлғаларға машиналық жеткізгіште немесе ақпараттық-коммуникациялық желі арқылы беруді түсінеміз.
Құрылымы бойынша қарастырылып отырған әрекеттің құрамы формальды болып табылады. Осы қылмыстық құқық бұзушылық осы нормамен көзделген әрекеттер жасалған сәттен бастап, зиянды салдардың туындағанына қарамастан, аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылық тек қасақана кінә нысанымен сипатталады. Қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудың себебі саралау үшін маңызға ие емес.
Субъектісі — қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа, атап айтқанда 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға. Заң бұл адамның компьютерлік ақпарат саласында белгілі бір қызметпен айналысуын немесе арнайы техникалық білім алуын талап етпейді.
ҚР ҚК 213-бабының 3-бөлігіндегі саралаушы белгі — қылмыстық топ (ҚР ҚК 206-бабының 3-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
ҚР ҚК 213-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚР ҚК 213-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК 213-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар