227-1-бапқа түсініктеме. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын, абонентті сәйкестендіру құрылғысын заңсыз өзгерту, сондай-ақ абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату туралы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабы
1. Өндірушінің немесе заңды иеленушінің келісімінсіз ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын заңсыз өзгерту, ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасау -
200-ден 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның 2 айдан 5 айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға не 120 сағаттан 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 1 жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз жасау, пайдалану, тарату -
500-ден 800-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның 5 айдан 8 айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға не 1 жылдан 2 жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Дәл сол әрекеттер:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен;
б) бірнеше рет;
в) компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізгені, ЭЕМ-ге арналған зиянды бағдарламаларды жасағаны, пайдаланғаны, таратқаны үшін бұрын сотталған адам жасаған жағдайда -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі ұялы байланыс абоненттік құрылғысының жоғары технологияларының қоғамның экономикалық қызметіндегі маңыздылығымен айқындалады, соның нәтижесінде ұйымдарға немесе жекелеген азаматтарға елеулі залал келтіріледі.
Қазақстан Республикасының заңнамасында «байланыс құралдарын, телекоммуникация құрылыстары мен желілерін бүлдірген, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды дайындаудың, сатып алудың, әкелудің, пайдаланудың және тіркеудің белгіленген тәртібін, барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың жұмыс істеуі үшін радиожиіліктерді пайдалану тәртібін бұзған, сондай-ақ теле- және радио қабылдауға нормадан тыс кедергілер келтіретін жеке және заңды тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады» деп көзделген (Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 18 мамырдағы «Байланыс туралы» Заңының 28-бабы (кейінгі өзгерістер мен толықтыруларымен). Z040000567_
Ұялы байланыс телефондарын ұрлау деңгейін төмендету және оларды кедергісіз әрі заңсыз пайдаланудың мүмкіндігін болдырмау мақсатында аталған қылмыстық-құқықтық норма Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 8 қаңтардағы Заңымен енгізілді.
Осы қылмыстың объектісі өндірушінің меншік құқығына байланысты қоғамдық қатынастар, сондай-ақ байланыс қызметтерін пайдаланушылардың, уәкілетті органдардың және байланыс саласында қызметін жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін реттеу саласында қалыптасатын қатынастар болып табылады. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын заңсыз өзгерту, ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасау, көрсетілген мақсаттарға арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату нөмірлеу ресурсын бөлу және ұялы байланыс нөмірлерін беру тәртібін сөзсіз бұзады, аталған байланыс нөмірлерін пайдалану құқығын алу жөніндегі белгіленген қағидаларға бұзушы әсер етеді.
Ұялы байланыс телефондары (абоненттік құрылғы, ұялы байланыс құрылғысы) деп ақпаратты қабылдау және беру үшін радиобайланыс желілеріне қосылған, абоненттің сәйкестендіру коды мен абонентті сәйкестендіру құрылғысы бар, сертификатталған абоненттік соңғы жабдықты түсіну қажет.
Электрлік байланыс (телекоммуникация) – ақпаратты сымдық, радио-, оптикалық және басқа да электромагниттік жүйелер арқылы белгілер, сигналдар, дауыстық ақпарат, жазбаша мәтін, бейнелер, дыбыстар түрінде беру немесе қабылдау.
Абонент – осы мақсаттар үшін абоненттік нөмір немесе сәйкестендіру кодын бөле отырып, байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасалған байланыс қызметтерін пайдаланушы.
Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды деп IMEI түсініледі, ол International Mobile Equipment Identifier деп ашылады, аудармасы – «мобильді жабдықтың халықаралық сәйкестендіргіші». Басқаша айтқанда, абоненттік құрылғының сәйкестендіру коды (IMEI) – GSM (ұялы байланыстың жаһандық жүйесі) форматындағы әрбір телефонның бірегей сериялық нөмірі болып табылатын 15 цифрдан тұратын сан. Ол құрылғы желіге қосылған кезде оператор желісіне автоматты түрде беріледі. Бұл нөмір телефонды дайындау кезінде зауытта орнатылады және GSM желісінде құрылғыны дәл әрі толық сәйкестендіруге қызмет етеді.
Ұялы телефондағы абонентті сәйкестендіру құрылғысы (абонентті сәйкестендіру картасы) ұялы байланыс аппараты мен абонентті жекелендіруге арналған, телефоннан бөлек сатып алынады, жеке тұлғаға тіркеледі және қатаң белгіленген нөмірі бар аппарат корпусына орнатылады. Басқаша айтқанда, бұл құрылғы SIM-карта деп аталады.
Қылмыстың объективтік жағы бойынша кінәлі адамның әрекеттері ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын, абонентті сәйкестендіру құрылғысын заңсыз өзгертуден, сондай-ақ абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды жасаудан, пайдаланудан, таратудан көрінеді.
Ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодының (IMEI) сәйкес келмеуі тек екі жағдайда болуы мүмкін: не ол телефонды «қайта бағдарламалау» кезінде өзгертілген, не корпус толық ауыстырылған жағдайда (ауыстырмалы панельдер емес, дәл корпусы). Ұялы телефон корпусын ауыстырудың құны жаңа телефонның құнына тең.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының телекоммуникацияның бірыңғай желісінде пайдаланылатын байланыс құралдары, электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті сертификаттауға жатады.
Міндетті сертификаттауға жататын байланыс құралдарының тізбесін уәкілетті орган ұлттық қауіпсіздік органдарымен және стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті органмен келісу арқылы айқындайды.
Осылайша, ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өндірушінің немесе заңды иеленушінің келісімінсіз заңсыз өзгерту деп электрондық-техникалық құралдарды қолдана отырып, GSM форматындағы телефонның 15 таңбалы сериялық нөмірін өз бетінше қайта орнатуды түсіну қажет. Көрсетілген нөмірді ауыстыру толықтай немесе берілген сандық қатардағы қандай да бір цифрды ретсіз өзгерту арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Уәкілетті орган нөмірлерді пайдалану құқықтарын алу тәртібін белгілейтін қағидаларды әзірлейді және бекітеді, оның ішінде нөмірлерді беру негіздерін айқындайды, бөлінген және резервтегі нөмірлеу ресурстарының тізілімін жүргізеді.
Ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасау кінәлі адамның белгіленген қағидаларды бұза отырып, SIM-картаны қолдан жасау, SIM-картаның профилін сканерлеу немесе оның әрекетін басқа абоненттің нөмірімен имитациялау арқылы жүзеге асырылады және қарастырылып отырған қылмыс құрамының объективтік жағын құрайды.
Құрылымы бойынша қарастырылып отырған әрекеттің құрамы формальды болып табылады. Осы нормада көзделген әрекеттер жасалған сәттен бастап, қылмыстық зардаптардың туындағанына қарамастан, қылмыс аяқталған болып есептеледі.
Қылмыстың субъектісі болып қылмыстық жауаптылық жасына, атап айтқанда 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлғалар танылады. Заң бұл адамның компьютерлік ақпарат саласында белгілі бір қызметпен айналысуын немесе арнайы техникалық білім алуын талап етпейді.
Субъективтік жағынан талданып отырған қылмыс тек қасақана кінә нысанымен сипатталады. Кінәлі адам өз әрекеттерінің қоғамдық қауіпті сипатын сезінеді, зиянды зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжайды және олардың туындауын қалайды. Қылмыстың себебі пайдакүнемдік болуы мүмкін.
ҚК-нің 227-1-бабының 2-бөлігінің диспозициясы баламалы болып табылады, өйткені осы норма бойынша жауаптылық мынадай әрекеттердің кем дегенде біреуі жасалған сәттен бастап туындайды:
1 – заңсыз жасау;2 – пайдалану;3 – ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертуге немесе ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды тарату.
Қазіргі заманғы ұялы байланыс телефондары үшінші буындағы смартфондар болып табылады, яғни мәні бойынша арнайы жасалған бағдарламалық қамтамасыз етуде жұмыс істейтін шағын компьютерлер (ЭЕМ) болып саналады.
Компьютерлік ақпарат деп машина тасығышта тіркелген немесе телекоммуникациялық арналар арқылы ЭЕМ қабылдай алатын нысанда берілетін ақпарат түсініледі.
Бағдарлама қандай да бір міндетті іске асыру үшін есептеу машинасы орындайтын операциялардың реттілігін қамтамасыз етеді. Бағдарламалар арнайы машиналық тілдерде жазылады және файлдарда сақталады.
ЭЕМ-ге арналған бағдарлама – белгілі бір бағдарлама шеңберінде берілген нәтижені алу мақсатында ЭЕМ-нің жұмыс істеуіне қажетті деректер мен командалардың жиынтығы түрінде көрініс табады. Бағдарлама қандай да бір міндетті шешу алгоритмін іске асырады.
ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны жасау – оның алгоритмін, яғни логикалық командалардың реттілігін жазу және кейіннен оны ЭЕМ-нің машиналық тіліне түрлендіру болып табылады.
Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге арналған бағдарламалар деп GSM форматындағы ұялы телефонның 15 таңбалы сериялық нөмірін қайта бағдарламалауға қабілетті машина тасығыштағы алгоритм түріндегі өнім түсініледі.
Абоненттік құрылғының қолданыстағы сәйкестендіру кодына өзгерістер енгізу деп оны кейіннен ұялы телефонның қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін оның бөліктерін алып тастау, басқа бөліктермен ауыстыру, толықтыру арқылы өзгертуді түсіну қажет.
Қарастырылып отырған мақсаттарға арналған бағдарламаны жасау кінәлі адам кез келген тасығышта бағдарламалық өнімді дайындаған жағдайда ғана осы қылмыстың объективтік жағының элементі бола алады.
Ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға бағытталған бағдарламаларды жасау, пайдалану немесе тарату белгілерінің объективтік жағын да осыған ұқсас түсіну қажет.
Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге және ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға арналған бағдарламаны пайдалану деп оны қолданысқа енгізу, көбейту және бастапқы немесе өзгертілген нысанда шаруашылық айналымға енгізуге бағытталған өзге де әрекеттерді, сондай-ақ осы бағдарламаны мақсатына сәйкес өз бетінше қолдануды түсіну қажет.
Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге және ұялы байланыс абонентін сәйкестендіру картасының телнұсқасын жасауға арналған бағдарламаны тарату деп бағдарламасы бар машина тасығышты қандай да бір шарттармен үшінші тұлғаларға беруді түсіну қажет.
ҚК-нің 2-бабында көзделген қылмыс құрылымы бойынша формальды құрамға жатады. Ол заңда көзделген әрекеттер жасалған сәттен бастап, зиянды зардаптардың туындағанына қарамастан, аяқталған болып есептеледі.
ҚР ҚК-нің 227-1-бабының 3-бөлігінде заң шығарушы мынадай саралаушы белгілерді көздейді:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен жасауы;
б) бірнеше рет жасауы;
в) компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізгені, ЭЕМ-ге арналған зиянды бағдарламаларды жасағаны, пайдаланғаны, таратқаны үшін бұрын сотталған адамның жасауы.
«Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы» және «ұйымдасқан топ» ұғымдары біз тарапымыздан экономикалық қызмет саласындағы алдыңғы қылмыстарды талдау кезінде қарастырылған (ҚР ҚК-нің 31-бабына түсініктемені қараңыз).
«Бірнеше рет» ұғымын ҚР ҚК-нің 11-бабына түсініктемеден қараңыз.
«Компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізгені, ЭЕМ-ге арналған зиянды бағдарламаларды жасағаны, пайдаланғаны, таратқаны үшін бұрын сотталған адамның жасауы» деген ауырлататын белгі ҚР ҚК-нің 227 және 227-1-баптарында көзделген ортақ объектіге қол сұғу белгісі бойынша қылмыстардың көптігінің арнайы нысанына жатады.
«Компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, ЭЕМ-ге арналған зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату» ұғымы ҚР ҚК-нің 227-бабына түсініктемеде қарастырылады.
Компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізгені, ЭЕМ-ге арналған зиянды бағдарламаларды жасағаны, пайдаланғаны, таратқаны үшін бұрын сотталған адам деп ҚР ҚК-нің 227-бабында көзделген бір немесе бірнеше қылмыс үшін соттылығы бар адам танылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі БОРЧАШВИЛИ И.Ш.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған орны: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Қолданылу өңірі: 100000000000
Нормативтік құқықтық актіге нормашығармашылық орган берген тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: new
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау