Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 358-бабына түсініктеме. Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруы, осындай адамға кемені басқаруды беру немесе оны кемені басқаруға жіберу
1. Алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруы не осындай кемені алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамға басқаруға беруі, сондай-ақ лауазымды адам немесе осы кеменің меншік иесі не иеленушісі жасаған осындай адамды кемені басқаруға жіберуі –
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
2. Адам денсаулығына абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
3. Адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттер –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
4. Адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттер –
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
5. Екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттер –
жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық, 2, 3, 4 және 5-бөліктері – қылмыстар) әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені масаң күйде басқару не оны басқаруды масаң күйдегі адамға беру немесе көрсетілген көлік құралдарын басқаруға осындай адамды жіберу олардың қозғалысы немесе пайдаланылуы қауіпсіздігіне, азаматтардың көп санының өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға ірі материалдық залал келтіруге нақты қауіп төндіретінімен байланысты.
Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кеменің қозғалысы немесе пайдаланылуы қауіпсіздігі саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объект ретінде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды, меншіктің сақталуын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар танылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемелер болып табылады.
2010 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңының 1-бабының 40) тармақшасына сәйкес, әуе кемесі – жер (су) бетінен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуді қоспағанда, ауамен өзара әрекеттесу есебінен атмосферада ұсталатын аппарат.
Әуе кемелеріне ұшақтар, гидроұшақтар, тікұшақтар, сондай-ақ ұшу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды талап ететін өзге де әуе көлігі құралдары (аэростаттар, дирижабльдер, планерлер, дельтапландар, әуе шарлары және т.б.) жатады.
Теңіз кемесі – су бетімен (теңіздер, мұхиттар және оларға іргелес акваториялар) қозғалуға, сондай-ақ жүзіп жүріп, жүктерді тасымалдауға, ауыстырып тиеуге, сақтауға, өңдеуге, жолаушыларды тасымалдауға және оларға қызмет көрсетуге байланысты белгілі бір функцияларды орындауға қабілетті теңіз көлігінің түрі.
Өзен кемесі – жүктер мен жолаушыларды табиғи (өзендер, көлдер) және жасанды (каналдар, су қоймалары) ішкі су жолдары арқылы кемелермен тасымалдауды жүзеге асыратын өзен көлігінің (ішкі су көлігінің) түрі.
Теңіз және өзен кемелеріне барлық өздігінен жүретін кемелер мен жүзу құралдары жатады: жолаушылар, ғылыми-зерттеу, өндіруші (балық аулайтын, краб аулайтын және т.б.), өңдеуші (жүзбелі базалар, жүзбелі зауыттар), қосалқы (буксирлер және т.б.), техникалық (түбін тереңдететін, түбін тазалайтын, кабель төсейтін және т.б.), құтқару, спорттық кемелер, оның ішінде әуе жастығымен, суасты қанаттарымен жүретін кемелер, сондай-ақ шағын көлемді теңіз және өзен кемелері.
Шағын көлемді кеме ұғымының анықтамасы 2004 жылғы 6 шілдедегі «Ішкі су көлігі туралы» ҚР Заңының 1-бабының 45) тармақшасында қамтылған (ҚК-нің 344-бабына түсініктемені қараңыз).
Механикалық қозғалтқышы жоқ және буксирмен сүйретілетін кемелер (баржалар, плашкоуттар және т.б.), ескекті қайықтар, стационарлық теңіз платформалары, сондай-ақ бекітілген балық аулау құралдары мен салдар қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы болып табылмайды.
Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруынан не осындай кемені алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамға басқаруға беруінен, сондай-ақ лауазымды адамның немесе кеменің меншік иесінің не иеленушісінің осындай адамды кемені басқаруға жіберуінен көрінеді.
Әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқару – бұл кеменің ішінде отырған адамның басқару тетіктері мен аспаптарына әсер ету арқылы оның тұрақ орнынан немесе тоқтаған жерінен қозғалысын бастауы, бұл ретте жүріп өткен жолдың ұзақтығына қарамастан жүзеге асырылатын әрекеттері. Демек, әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқару көлік құралы қозғалысқа келген сәттен бастап тікелей басталады (ұшақтың, теплоходтың, су мотоциклінің және т.б. қозғалысты бастауы).
Кабинаның, квартердектің есіктерін ашу, оталдыру жүйесін қосу, қозғалтқышты іске қосу, жарықтандыруды тексеру сияқты дайындық әрекеттері, сондай-ақ кемені қолмен жылжыту, тоқтап тұрған көлік құралының (ұшақтың, кеменің және т.б.) кабинасында болу, көлік құралының тікелей жанында қандай да бір жұмысты орындау (жанармай құю, жөндеу жұмыстарын жүргізу және т.б.) көлік құралын басқару болып табылмайды.
Адамды қарастырылып отырған бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартудың міндетті шарты – әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруы болып табылады.
2015 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңының 54-бабының 10-тармағына сәйкес, әуе кемелерінің ұшуын орындауға және қамтамасыз етуге, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге байланысты адамдарға мұндай қызметті алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде (олардың аналогтарында) жүзеге асыруға немесе өз міндеттерін орындау барысында осындай масаң күй туғызатын заттарды тұтынуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 28 шілдедегі бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларының 22, 23-тармақтарына сәйкес, экипаж мүшесі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер етуі мүмкін психобелсенді заттардың (алкогольдің, есірткілік немесе дәрілік заттардың) әсерінде болған жағдайда, ұшуды орындауға жіберілмейді. Экипаж мүшелері:
1) міндеттерін орындаудың жоспарланған басталу уақытына дейін кемінде 12 сағат бұрын немесе ұшу алдындағы демалыс кезінде алкоголь тұтынбайды;
2) қандағы алкоголь мөлшері рұқсат етілген деңгейден асқан жағдайда, өз міндеттерін орындауға жіберілмейді;
3) ұшу кезінде немесе резервтегі кезекшілік уақытында алкоголь тұтынбайды.
Қазақстан Республикасы теңіз көлігі кемелеріндегі қызмет Жарғысының 12-бөлімінің 8-параграфының 258-тармағына сәйкес, кеме экипажы мүшелеріне спирттік ішімдіктер ішуге, есірткі заттарын тұтынуға және кемеде алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде болуға жол берілмейді.
Әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруды беру деп ұшқыштың не көлік құралын басқарып отырған адамның аталған көлік құралдарын басқару құқығын басқа ұшқышқа немесе кемені басқаратын, оны қозғалысқа келтіріп, басқаратын адамға ерікті түрде беруі түсініледі. Бұл ретте басқаруды беретін адам көлік құралын басқаруды беріп отырған адамның масаң күйде екенін білуге (немесе оның масаң күйде екенін болжауға) тиіс.
Осы санаттағы қылмыстық істерді тергеген кезде көлік құралының басқа адамға қандай мақсатпен және қандай мән-жайларда берілгенін анықтау қажет. Егер ол лауазымды адам, меншік иесі немесе иеленуші тарапынан масаң күйдегі адамға басқару үшін емес (мысалы, масаң күйдегі адамға сақтау үшін беріліп, алайда соңғысы өз бетінше оны басқара бастаған жағдайда) берілсе, мұндай адамдардың ҚК-нің 358-бабы бойынша жауаптылығы туындамайды.
Әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына жіберу деп лауазымды адамдардың, кеменің меншік иесінің немесе иеленушісінің кез келген нысанда (ауызша, жазбаша, үнсіз келісім беру арқылы) білдірілген, кемені басқарудың толықтай масаң күйдегі адамға өтуіне байланысты құқыққа қайшы әрекеттері (әрекетсіздігі) түсініледі.
Бұл ретте ұшқыштың немесе кемені басқаратын адамның масаң күйде болу фактісі лауазымды адамға, меншік иесіне немесе кемені иеленушіге анық көрініп тұруға тиіс (мысалы, кеме капитаны матростың масаң күйде екенін көре тұра, оны кемені басқаруға жібереді).
Мұндай жағдайларда басқаруды бергені немесе кемені басқаруға жібергені үшін кінәлі адам, сондай-ақ масаң күйде кемені нақты басқарған адам ҚК-нің 358-бабының 1-бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылады.
Қауіпсіздік қағидаларын бұза отырып, қызметтік бағыныстылығындағы адамдарды кемені басқаруға жіберген лауазымды адамның, кеменің меншік иесінің немесе иеленушісінің әрекеттері де осыған ұқсас түрде сараланады. Бұған қызметтік міндеттерін атқарып жүрген лауазымды адамдар (тікелей басшы немесе қауіпсіздік қызметінің, полицияның қызметкерлері) оларды көлік құралын басқарудан немесе оған билік етуден шеттеткен жағдайлар кірмейді.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты әуе көлігіндегі лауазымды адамның функцияларын ұшу қызметінің басшысы, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекцияның бастығы, инженерлік-авиациялық қызметтің басшысы; әуе кемелерін пайдалануға, ұшуды орындауға және оған дайындыққа, авиация персоналын дәрігерлік-ұшу сараптамалық комиссияларында куәландыруды ұйымдастыруға және т.б. жауапты басшылар атқарады; теңіз және өзен көлігінде – су көлігі ұйымдары мен кәсіпорындарының басшылары, олардың орынбасарлары, бас инженерлер, техникалық бақылау бөлімінің бастығы және т.б. атқарады.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларының 1-тарауының 7-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, әуе кемесінің меншік иесі (иеленушісі) – әуе кемесі меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғасы.
2002 жылғы 17 қаңтардағы «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» ҚР Заңының 1-бабының 24) тармақшасына сәйкес, кеме иесі – кеменің меншік иесі болып табылатынына немесе кемені өзге де заңды негізде пайдаланатынына қарамастан, кемені өз атынан пайдаланатын тұлға.
2004 жылғы 6 шілдедегі «Ішкі су көлігі туралы» ҚР Заңына сәйкес, кеме иеленушісі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес иелену және пайдалану құқығында кемені өз атынан пайдаланатын тұлға (1-баптың 13) тармақшасы).
Кеменің меншік иесі – осы Заңның 1-бабының 19) тармақшасына сәйкес, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес кеме меншік иесі ретінде тіркелген тұлға.
Кемелер мынадай тұлғалардың меншігінде болуы мүмкін: мемлекет; Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары; егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттер, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар.
Қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауына байланысты, оның ішінде кеменің меншік иесімен немесе өзге де иеленушісімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде не олардың жазбаша нысанда мәміле жасамай білдірген ерік білдіруі негізінде кемені басқаратын адам кеме иеленушісі болып табылмайды.
Көлік құралының иеленушісі – әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кеменің меншік иесі не сенімхат, жалдау шарты және жоғарыда аталған өзге де негіздер бойынша оны иеленетін тұлға.
ҚК-нің 358-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады, сондықтан адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін қандай да бір жағымсыз салдардың туындауы талап етілмейді. Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқару фактісінің өзі не осындай адамға кемені басқаруды беру немесе лауазымды адамның, кеменің меншік иесінің не иеленушісінің осындай адамды кемені басқаруға жіберу фактісінің болуы жеткілікті.
ҚК-нің 358-бабының 2, 3, 4, 5-бөліктерінде көзделген қылмыс құрамдары өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Тиісінше, осы әрекеттердің объективтік жағы үш міндетті белгіні қамтиды. Біріншіден, бұл алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруынан не осындай адамға кемені басқаруды беруінен немесе оны кемені басқаруға жіберуден көрінетін қоғамға қауіпті әрекет; екіншіден, адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруден көрінетін қоғамға қауіпті салдар; үшіншіден, заңда көрсетілген бұзушылықтар мен салдарлар арасындағы себепті байланыс. Тиісінше, әрекеттер қоғамға қауіпті салдарлар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруы не осындай адамға кемені басқаруды беруі немесе оны кемені басқаруға жіберуі нәтижесінде туындайтын қоғамға қауіпті салдар ретінде заң шығарушы ҚК-нің 358-бабының 2-бөлігінде адамның денсаулығына абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтіруді, қарастырылып отырған баптың 3-бөлігінде адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруді, 4-бөлігінде абайсызда адам өліміне әкеп соғуды, 5-бөлігінде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуды көздеген.
ҚК-нің 358-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық құрамының субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады, өйткені кінәлі адам әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруға құқығы жоқ екенін сезіне отырып, масаң күйде оны басқаруға отырады және мұны жасауды қалайды не лауазымды адам, кеменің меншік иесі немесе иеленушісі ұшқыштың немесе кемені басқаратын адамның масаң күйде екенін сезіне тұра, оған көлік құралын басқаруды беруді немесе осындай адамды кемені басқаруға жіберуді қалайды. Қарастырылып отырған әрекетті жасау жанама қасақаналықпен де мүмкін, бұл жағдайда кінәлі адамдар масаң күйдегі адамға кемені басқаруды беруге саналы түрде жол береді.
ҚК-нің 358-бабының 2, 3, 4, 5-бөліктерінде көзделген әрекеттер кінәнің екі нысанымен (ҚК-нің 22-бабы) сипатталады, яғни әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқару фактісіне не осындай кемені басқаруды беруге, сондай-ақ оны басқаруға жіберуге қатысты қасақана кінә нысаны, ал неғұрлым ауыр салдарға қатысты абайсызда кінә нысаны анықталады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлғалар:
а) алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқарған адамдар;
б) кеменің лауазымды адамдары, меншік иелері немесе иеленушілері.
ҚК-нің 358-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 358-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 358-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 358-бабының 4 және 5-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар