Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 67-бабына түсініктеме. Қорғаушының міндетті түрде қатысуы
1. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қорғаушының қатысуы мынадай жағдайларда міндетті болып табылады:
1) бұл туралы күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам өтінішхат білдірсе;
2) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам кәмелетке толмаған болса;
3) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты өзінің қорғалу құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмаса;
4) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам сот ісі жүргізілетін тілді меңгермесе;
5) адам он жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру, өмір бойына бас бостандығынан айыру не өлім жазасы түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін қылмысты жасады деп күдікке ілінсе, айыпталса;
6) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылса немесе олар сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін мәжбүрлеп стационарға орналастырылса;
7) қорғаушысы бар күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталған адамдардың, ақталған адамдардың мүдделері арасында қайшылықтар болса;
8) қылмыстық процеске жәбірленушінің (жеке айыптаушының) немесе азаматтық талапкердің өкілі қатысса;
9) істі сотта қарау кезінде мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қатысса;
10) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болып, қылмыстық қудалау органдарына немесе сотқа келуден жалтарса;
11) процестік келісім туралы және оны жасасу туралы өтінішхат мәлімделсе.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1)—6), 10) тармақтарында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы адам күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам деп танылған кезден бастап қамтамасыз етіледі, 7) тармағында — күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталған адамдардың, ақталған адамдардың мүдделері арасындағы қайшылық анықталған кезден бастап, 8), 9) тармақтарында — жәбірленушінің өкілі, прокурор іске қатысқан кезден бастап, 11) тармағында — күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеген кезден бастап қамтамасыз етіледі.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болған кезде, егер қорғаушыны күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өзі, олардың заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмасы бойынша басқа адамдар шақырмаса, қылмыстық процесті жүргізетін орган процестің тиісті сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге міндетті, бұл туралы ол адвокаттардың кәсіби ұйымы үшін міндетті болып табылатын қаулы шығарады.
Баптың атауынан-ақ онда қорғаушының міндетті түрде қатысуын көздейтін нормалар тобы бекітілгені байқалады. Яғни, бұл — олардың туындауына қарай қылмыстық процесті жүргізетін органға заңның қорғаушының іске міндетті түрде қатысуы туралы талабын, қорғалушы адамның пікірін ескере отырып, орындау қажеттігін білдіретін негіздер. Адамға белгілі бір процестік мәртебеде оның құқықтары, соның ішінде қорғаушы шақыру құқығы түсіндірілгеннен кейін, ол адам қорғаушыны өзі немесе басқа адамдар арқылы шақыруға құқылы; мұны жасау мүмкін болмаған жағдайда — қылмыстық процесті жүргізетін органнан осы туралы өтініш білдіруге; тіпті заңда мұндай қатысу тікелей көзделген жағдайлардың өзінде қорғаушының іске қатысуынан толық бас тартуға құқылы.
Қорғаушының қызметтерінен бас тарту қорғаушы іске енгізілгеннен кейін де орын алуы мүмкін.
Алайда заң заң көмегіне ақы төлеуге қаражатының болмауы себептері бойынша, сондай-ақ ҚПК-нің 67-бабы бірінші бөлігінің 2—6-тармақтарында көзделген жағдайларда қорғаушыдан бас тартуды қабылдауға жол бермейді. Бұл негіздердің мазмұны әркімнің білікті заң көмегін, оның ішінде тегін негізде алу құқығы туралы конституциялық ережені (Конституцияның 13-бабының 3-тармағы, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның 14-бабы), жасалған қылмыстың санатын, оның жазаланушылық белгісін, сондай-ақ қорғалушы адамның жасына, психикалық және өзге де ерекшеліктеріне байланысты. Осыған байланысты ҚПК-нің 69-бабының 1—2-бөліктерінде көзделген жағдайларда күдіктінің, айыпталушының қорғаушыдан бас тартуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қабылдай алмайды.
ҚПК-нің 67-бабының 1-бөлігінің нормалары іс бойынша қорғаушының міндетті түрде қатысуының 11 негізін реттейді, яғни адвокаттардың немесе заң көмегін көрсетуге қабілетті өзге де қорғаушылардың жетіспеушілігіне сілтеме жасалмастан, олар туындаған барлық жағдайларда орындалуға тиіс негіздерді белгілейді. Оларды қарастырайық.
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 1-тармағындағы қағида іске күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам, қорғалуға құқығы бар куә мәртебесіндегі адамның пайда болу кезінен бастап қолданыла бастайды. Осы мәселе бойынша ҚПК-нің 65-бабы 1-бөлігінің 1—4-тармақтарына берілген түсініктемеге жүгінуді ұсынамын.
Кәмелетке толмаған адамның сот ісін жүргізудің барлық кезеңдерінде адвокат ұстау құқығы оның құқықтарының негізгі процестік кепілдіктерінің бірі болып табылады, — деп БҰҰ-ның кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға арналған ең төменгі стандартты қағидалары (Бейжің қағидалары, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылғы 29 қарашадағы 40/33 қарарымен қабылданған, 7-бөлім, 7.1-тармақ) және 1989 жылғы 20 қарашадағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 44/25 қарарымен қабылданған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияның 40-бабы 2-тармағының «iii» тармақшасы бекітеді. Сондықтан ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 2-тармағындағы қағида қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып табылатын кәмелетке толмаған адамның немесе ақталған адамның, яғни он сегіз жасқа толмаған адамның жасына және соған байланысты эмоциялық, рухани әрі зияткерлік ерекшеліктерін ескереді (ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 3-тармағындағы қағида адамның әртүрлі дереккөздермен расталатын: іс материалдарымен, медициналық көрсетілімдермен, сарапшының қорытындысымен, кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің мәліметтерімен анықталатын және қорғаушының міндетті түрде қатысуын талап ететін дене және психикалық кемістіктерін білдіреді. Жоғарғы Сот 2002 жылғы 6 желтоқсандағы «Қорғалу құқығын реттейтін қылмыстық-процестік заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысында осы мәселеге қатысты мынадай түсіндірме берген: «Заңда қорғаушының міндетті түрде қатысуына негіз болатын дене және психикалық кемістіктердің тізбесі көрсетілмегендіктен, әрбір нақты жағдайда қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның және ақталған адамның өз кемістіктеріне байланысты қорғалу құқығын өз бетінше толық көлемде жүзеге асыруға нақты мүмкіндігі бар-жоғын не олардың кемістіктерінің дәрежесі заңмен берілген құқықтарды пайдалануды едәуір қиындататынын анықтау қажет. Дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты өз құқықтарын өздері жүзеге асыра алмайтын адамдар қатарына есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылыстары бар адамдарды, сондай-ақ сөйлеу, көру, есту қабілетінің елеулі кемістігі немесе өзге де ауыр сырқаты бар адамдарды жатқызу керек. Егер адамның психикалық немесе дене кемістіктеріне байланысты өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау қабілетіне күмән туындаса, ҚПК-нің 271-бабы 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес сараптама тағайындау және жүргізу міндетті» (10-тармақ).
Сот-психиатриялық практикада таралу дәрежесіне қарай (кему тәртібімен) жекелеген авторлар есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын мынадай психикалық ауытқуларды бөліп көрсетеді: а) алкоголизм; б) нашақорлық; в) уытқұмарлық; г) шекаралық жағдайлардың барлық түрлері; д) бас-ми жарақаттарының қалдық құбылыстары; е) бас миы ауруының алыс кезеңінде пайда болған психикалық бұзылыстар (органикалық деменция); ж) дебильдік дәрежесіндегі олигофрения; з) эпилепсия; и) қан тамырлары аурулары; к) дебют немесе ремиссия кезеңіндегі шизофрения, шизотиптік бұзылыстар (баяу ағымды шизофрения); л) циклотимия түріндегі маниакальды-депрессиялық психоз; м) мидың мерездік зақымдануы салдарынан туындаған кейбір психикалық бұзылыстар; н) бастапқы сатыдағы немесе емдік ремиссия кезеңіндегі үдемелі салдану (Қараңыз: Сирожидинов Д.В. Ограниченная вменяемость: Дис. ... канд. юрид. наук: 12.00.08 / Сирожидинов Д.В. — Екатеринбург, 1998. 199 с.).
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 4-тармағындағы қағида сот ісін жүргізу тілі қағидаты талаптарының орындалуын көрсетеді. Сот ісін жүргізу тілін білмеу қорғалушының қылмыстық іс бойынша ұстанымын едәуір әлсіретеді, сондықтан бұл қылмыстық іс бойынша қорғаушының міндетті түрде қатысуының дербес негізі болып табылады (ҚПК-нің 30-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 5-тармағындағы қағида қылмыстың санатына (ауыр немесе аса ауыр) және оны жасағаны үшін тағайындалуы мүмкін жазаға (он жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға, не өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе өлім жазасына) байланысты.
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 6-тармағындағы қағида таңдалатын бұлтартпау шарасының сипатына немесе сараптама түріне байланысты туындаған, өйткені олар адамның бостандығын іс жүзінде шектейді және оның құқықтарына елеулі түрде әсер етеді.
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 7-тармағындағы қағида қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушыларға немесе ақталған адамдарға қатысты. Олардың мүдделері арасында тергеп-тексеру, сот талқылауы, жазаны өтеу барысында немесе ақтау үкімі шығарылғаннан кейінгі қорытындылар бойынша кең ауқымды мәселелерге қатысты келіспеушіліктер туындауы мүмкін (әрекетті саралау, сыбайлас қатысу нысаны, бұлтартпау шарасын таңдау, жазаның түрі мен мөлшері, ақтау негіздері, өтелуге жататын зиянның сипаты мен мөлшері және т.б.).
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 8-тармағындағы қағида айыптау тарапының (жәбірленушінің, жеке айыптаушының, азаматтық талапкердің) мүдделерін қылмыстық істер бойынша адвокаттар мен заңға сәйкес олардың мүдделерін қылмыстық істе білдіруге құқылы басқа да адамдардың (ҚПК-нің 76-бабы) білдіру жағдайларын көздейді. Конституцияның 13-бабының 3-тармағындағы нормалардың мәні бойынша білікті заң көмегі — бұл мемлекет кепілдік берген, тек қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға, ақталған адамға, қорғалуға құқығы бар куәға ғана емес, сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен тарапқа да көрсетілетін заң көмегі.
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 9-тармағындағы қағида өз тұжырымынан-ақ іске прокурордың — мемлекеттік айыптаушының атынан кәсіби заңгердің қатысуына байланысты қорғаушының іске қатысу қажеттігін көрсетеді. Заң бойынша оған қылмыстық құқық бұзушылық құрамын және адамның оны жасаудағы кінәсін дәлелдеу міндеті жүктелген (ҚПК-нің 19-бабы, 121-бабының 2-бөлігі). Бұл жағдайда заң шығарушы айыптау тарапы мен айыптаудан қорғану тарапының ұстанымдарын теңестіруге ұмтылады. Бұл сот тергеуі мен басты сот талқылауындағы тараптардың сот жарыссөзі барысында қылмыстық іс бойынша анықталуға жататын мән-жайларды дәлелдеу жөніндегі прокурор мен қорғаушының қызметінде ерекше айқын көрінеді.
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 10-тармағындағы қағида тергеп-тексеру, сот талқылауы немесе жазаны өтеу орны бойынша дәлелді себептерсіз болмаған жағдайда, қылмыстық процестің барлық сатыларында қорғалушы адамның құқықтарын толыққанды қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігінен туындаған. Осыған байланысты заң қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің қатысуынсыз қорғаушының іске қатысу тәртібін реттейді (ҚПК-нің 206-бабының 8-бөлігі, 304-бабының 2—3-бөліктері, 335-бабы және т.б.).
ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 11-тармағындағы қағидалар қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің құқықтарын кінәсіздік презумпциясы қағидатын (ҚПК-нің 19-бабы) және күдіктінің, айыпталушының қорғалу құқығын қамтамасыз ету қағидатын (ҚПК-нің 26-бабы) орындау тұрғысынан қозғайды. Бұл жағдайда қорғаушының міндетті түрде қатысуының негізін енгізу заң шығарушының кінәні мойындау туралы мәміле немесе ынтымақтастық туралы келісім жасасудың процестік нысанының заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың келісу рәсімдерінде туындайтын кез келген заңсыз, күмәнді әрекеттері мен шешімдерін болдырмауға ұмтылуынан туындаған (ҚПК-нің 612—613, 618—619-баптары).
- Қорғаушының міндетті түрде қатысу негіздерімен қатар, заң оның іске енгізілуінің ҚПК-нің 67-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қағидаларын қатаң сақтауды талап етеді. Бұл — ең алдымен, қылмыстық іс материалдарына негізделетін белгілі бір заңдық фактілер.
Мәселен, адамның күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам деп танылу фактісі ҚПК-нің 65-бабының 1—4-бөліктерімен реттеледі және қорғаушының іске белгіленген тәртіппен қатысуының басталуына негіз болады (ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 1—6, 10-тармақтары).
Қылмыстық құқық бұзушылық субъектілерінің, ақталған адамдардың мүдделері арасындағы қайшылықтар іске қорғаушыны енгізу негізі ретінде (ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 7-тармағы) тергеу және сот әрекеттерін жүргізу барысында анықталуы мүмкін. Олардың арасында қайшылықтың бар екендігінің белгісі — олардың біреуінде қорғаушының пайда болуы.
Жәбірленуші өкілінің іске қатысуы туралы (ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 8-тармағы) процеске қатысушыларға қылмыстық процесті жүргізетін орган хабарлайды. Прокурордың басты сот талқылауына қатысуы жеке-жариялы және жариялы қудалау мен айыптау істерінің барлығы бойынша міндетті болып табылады (ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 9-тармағы). Бұл мән-жайлардың өзі-ақ қорғаушыны қорғалушының бастамасы бойынша немесе оның келісімімен, бірақ қылмыстық процесті жүргізетін органның бастамасы бойынша процеске енгізу қажеттігін туындатады (ҚПК-нің 23, 337-баптары).
Кінәні мойындау туралы мәміле немесе ынтымақтастық туралы келісім нысанындағы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі оның кез келген нысанында мәлімдей алады. Мұндай келісім досудебное тергеп-тексеру басталған кезден бастап сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, ал сотталған адам ынтымақтастық туралы келісім нысанындағы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты жазасын өтеу кезеңінде де мәлімдей алады. Сондықтан бұл туралы өтінішхаттың берілуі осы рәсімнің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаушының пайда болуы мен оған қатысуы үшін елеулі негіз болып табылады (ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігінің 11-тармағы).
ҚПК-нің 67-бабының 3-бөлігінің мәні бойынша, қорғаушының іске міндетті түрде қатысуы қажет болған жағдайларда ол мынадай тәртіппен шақырылуы мүмкін: қорғау тарапының бастамасы бойынша; егер қорғау тарапы мұны өз бетінше жасай алмаса және қылмыстық қудалау органынан осыны өтінсе, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша; аталған құқық түсіндірілгеніне қарамастан, олар қорғаушы шақырмаған немесе одан бас тарту мәлімделген жағдайда, қорғаушының міндетті түрде қатысуының жекелеген жағдайларына қатысты қылмыстық процесті жүргізетін органның бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкін. Бұл мәселеге біз жоғарыда назар аудардық (осы баптың 1-тармағына берілген түсініктемені қараңыз).
Қорғаушыны іске қатысуға жіберу тәртібінің немесе оның іске қатысу тәртібінің бұзылуы (мысалы, қорғаушы іске тиісті уақыттан кеш енгізілсе, тергеу органының кінәсінен оның өтінішхаты бойынша немесе қорғалушымен бірге жүргізілетін процестік әрекеттерге қатыспаса және т.б.) дәлелдемелерді жинауға байланысты тергеушінің процестік әрекеттері мен шешімдерінің жарамсыз деп танылуына, олардың заңдық күшінің болмауына әкеп соғады. Сонымен қатар қорғаушының міндетті түрде қатысу тәртібі бұзылып алынған нақты деректер тиісті бұзушылықтардың болғанын және оларды жол берген адамдардың кінәлілігін дәлелдеу үшін дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін (ҚПК-нің 112-бабының 4—5-бөліктері).
Заң шығарушының күдіктен, айыптаудан қорғану құқығының қамтамасыз етілмеу фактілеріне қаншалықты теріс қарайтынын, мысалы, егер іс заң бойынша қатысуы міндетті болып табылатын қорғаушының қатысуынсыз қаралса немесе сотталушының қорғалу құқығы өзге де түрде бұзылса, апелляциялық соттың үкімді кез келген жағдайда бұзуға міндетті екендігі туралы заң ережесі көрсетеді (ҚПК-нің 436-бабының 3-бөлігі).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы — Қоғам қайраткері Марат Чекишевич Когамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар