Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 70-бабына түсініктеме. Қорғаушының өкілеттіктері
1. Қорғаушы күдіктіге, айыпталушыға қатысты күдікті немесе айыптауды жоққа шығаратын не олардың жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды анықтау мақсатында қорғаудың барлық заңды құралдары мен тәсілдерін пайдалануға және оларға қажетті білікті заң көмегін көрсетуге міндетті.
2. Қорғаушының:
1) күдіктімен, айыпталушымен оңаша және құпия түрде кездесулер саны мен ұзақтығын шектемей кездесуге;
2) осы Кодексте көзделген тәртіппен заң көмегін көрсету үшін қажетті заттарды, құжаттарды, мәліметтерді, сондай-ақ өзге де деректерді жинауға және ұсынуға құқығы бар, олар қылмыстық істің материалдарына міндетті түрде қоса тіркелуге жатады;
3) күдіктіден, айыпталушыдан жауап алу кезінде, сондай-ақ олардың қатысуымен немесе олардың өтінішхаты бойынша не қорғаушының өзінің өтінішхаты бойынша жүргізілетін өзге де тергеу және процестік әрекеттерге, оның ішінде қарап-тексеруге, тінтуге, алуға қатысуға;
4) қарсылық білдіруге;
5) ұстап алу хаттамасымен, бұлтартпау шарасын қолдану және күзетпен ұстау, үйқамақ мерзімін ұзарту туралы қаулымен, іс бойынша мерзімдердің үзілгені туралы хабарламамен, күдіктінің немесе қорғаушының қатысуымен жүргізілген және күдіктіге, айыпталушыға таныстырылған не таныстырылуға тиіс болған тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін – барлық материалдармен танысуға, олардан кез келген көлемде кез келген мәліметтерді көшіріп алуға, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және айыптау куәларының тізімін қоспағанда, ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен көшірмелер түсіруге, күдіктіге күдікті деп тану туралы қаулыны, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезінде қатысуға;
6) өтінішхаттар, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаттар мәлімдеуге;
7) істі алдын ала тыңдауға, кез келген сатыдағы сотта сот талқылауына қатысуға, сот жарыссөздерінде сөз сөйлеуге, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс қайта басталған кезде сот отырысына, бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхатты соттың қарауына, күзетпен ұстау, үйқамақ мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қарауға, қорғаушы тараптың шағымдары мен өтінішхаттарын тергеу судьясының қарауына, айғақтарды сақтауға қоюға қатысуға;
8) сот отырысының хаттамасымен танысуға, бұл ретте хаттаманың соңына, ал сот отырысы хаттамасының бір бөлігімен танысқан кезде осы бөліктің соңына өз қолтаңбасын қоюға және оған ескертулер беруге;
9) өзіне және өзінің қорғауындағы адамға табыс етілуге жататын процестік құжаттардың көшірмелерін алуға;
*10) қылмыстық процесті жүргізетін адамның және қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қарсылық білдіруге, осы қарсылықтардың процестік құжаттарға енгізілуін талап етуге;
анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдар келтіруге және оларды қарауға қатысуға;*
11) заңға қайшы келмейтін кез келген басқа да қорғау құралдары мен тәсілдерін пайдалануға;
12) қылмыстық процесті жүргізетін органнан қорғауындағы адамның қатысуымен жүргізілетін процестік әрекеттің уақыты мен орны туралы, сондай-ақ қорғаушы тараптың шағымдарын, бұлтартпау шарасын қолдану, күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттарды қарауға, айғақтарды сақтауға қоюға байланысты барлық сот отырыстары туралы алдын ала хабардар етілуге құқығы бар.
3. Іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың осы баптың екінші бөлігінде көзделген құқықтармен қатар:
1) тергеу судьясының алдында куә мен жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат беруге;
2) сұрау салуды орындаудан бас тартылған немесе ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайларда, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, күдіктінің, айыпталушының, қорғауға құқығы бар куәнің мүдделерін қорғау және білікті заң көмегін көрсету үшін қажетті кез келген мәліметтерді, құжаттарды, заттарды алдыру туралы тергеу судьясының алдында өтінішхат беруге;
3) егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылдамаған жағдайда, жасырын тергеу әрекетін қоспағанда, сараптама тағайындау немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тергеу әрекетін жүргізуі туралы тергеу судьясының алдында өтінішхат беруге;
4) іс бойынша мән-жайлар туралы қандай да бір мәліметтер білетін адамдардан, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, сауалнама жүргізуге және осындай жолмен алынған нақты деректерді іс материалдарына қоса тіркеу туралы өтінішхат беруге;
5) шарттық негізде іс бойынша сарапшының, маманның қорытындыларын алуға және осындай қорытындыларды іс материалдарына қоса тіркеу туралы өтінішхат беруге;
6) өзі бұрын сауалнама жүргізген, айғақтар беру үшін келуін қамтамасыз ету қиындық туғызатын куәні қылмыстық процесті жүргізетін органға мәжбүрлеп әкелу туралы тергеу судьясының алдында өтінішхат беруге құқығы бар.
4. Тергеу әрекетіне қатысатын қорғаушы жауап алынатын адамдарға сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алуды аяқтағаннан кейін сұрақтар қоюға құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушының сұрақтарын қабылдамай тастай алады, бірақ қойылған барлық сұрақтарды хаттамаға енгізуге міндетті. Тергеу әрекетінің хаттамасында қорғаушы оның жазылуының дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескертулер жасауға құқылы.
5. Қорғаушының: қорғауындағы адамның мүдделеріне қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға және оған тиесілі құқықтарды жүзеге асыруға кедергі келтіруге; қорғауындағы адамның ұстанымына қайшы келіп, оның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын және оны жасаудағы кінәлілігін мойындауға, қорғауындағы адамның жәбірленушімен татуласқаны туралы мәлімдеуге; азаматтық талап қоюды мойындауға; қорғауындағы адам берген шағымдар мен өтінішхаттарды кері қайтарып алуға; заң көмегіне жүгінуіне және оны жүзеге асыруына байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етуге құқығы жоқ.
6. Қорғаушының осы Кодексте көзделген басқа да құқықтары болады және ол басқа да міндеттерді атқарады.
Ескерту. 70-бапқа Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 378-V (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен өзгерістер енгізілді.
70-баптың «Қорғаушының өкілеттіктері» деген атауы қылмыстық процесті жүргізетін органдарға жатпайтын қылмыстық процестің басқа қатысушыларының арасынан қорғаушыны нақты бөліп көрсетеді. Бұл мән-жай қорғаушыға қорғауындағы адамның тағдыры үшін жауапкершілік жүктейді және оған Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының әлеуетін қылмыстық іс бойынша өз қорғауындағы адамға тағылған күдік пен айыптаудан тиімді қорғауды жүзеге асыру бөлігінде барынша пайдалану міндетін жүктейді. Дәл осы оның Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы нормаларын терең әрі нақты білуін заң іс бойынша білікті заң көмегін көрсетумен байланыстырады (ҚПК-нің 70-бабының 1-бөлігі).
Қорғаушының өкілеттіктері – бұл, ең алдымен, оның құқықтары, онсыз ол өз қорғауындағы адамға қарсы тағылған күдік пен айыптаудан қорғау функциясын орындай алмайды. Жалпылама түрде қорғаушының құқықтарына ҚПК-нің 70-бабының 2-бөлігі арналған, алайда оны бір маңызды ескертпемен егжей-тегжейлі қарастырған жөн. ҚПК-нің 70-бабының 2-бөлігінде жалпы қорғаушының құқықтары, ал баптың 3-бөлігінде адвокаттың қосымша құқықтары қамтылған. Олардың арасындағы және тиісінше жалпы қорғаушының құқықтары мен жеке алғанда адвокаттың құқықтары арасындағы түбегейлі айырмашылық осында.
Сонымен, ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 1) тармағындағы қағида қылмыстық істе күдікті, айыпталушы тұлғасы алғаш пайда болған кезден бастап қолданыла бастайды. Бұл мәселелер бізбен ҚПК-нің 64-бабының 1-бөлігіне, 64-бабының 9-бөлігінің 5) тармағына, 65-бабының 1, 5-бөліктеріне түсініктеме беру кезінде қарастырылған.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 2) тармағының қағидалары ҚПК-нің 122-бабының 3-бөлігімен реттеледі: сотқа дейінгі тергеп-тексеруге немесе сот талқылауына қатысуға жіберілген қорғаушы, жәбірленушінің өкілі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу тәртібін сақтай отырып, қорғауды жүзеге асыру, жәбірленушінің мүдделерін білдіру үшін қажетті мәліметтерді:
заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды талап ету арқылы алуға құқылы. Анықтамаларды, мінездемелерді және өзге де құжаттарды қорғаушы, жәбірленушінің өкілі мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, сондай-ақ өзге де заңды тұлғалардан талап ете алады. Аталған тұлғалар қорғаушыға, жәбірленушінің өкіліне олар сұратқан құжаттарды немесе олардың куәландырылған көшірмелерін он тәулік ішінде ұсынуға міндетті. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы мәселені қарау кезінде талап етілетін анықтамалар, мінездемелер және өзге де құжаттар қорғаушыға жиырма төрт сағат ішінде ұсынылады;
шарттық негізде сот сараптамасын жүргізуді бастамашылық ету арқылы;
сараптама мекемесіне тиісті сараптаманы шарттық негізде жүргізу туралы сұрау салу жолдау арқылы;
маманды шарттық негізде тарту арқылы;
өз келісімімен қылмыстық іске қатысты ақпараты бар деп болжанатын адамдардан, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, сауалнама жүргізу арқылы алуға құқылы.
Бұдан басқа, қорғаушы ҚПК-нің 259-бабының қағидалары бойынша заттар мен құжаттарды ұсынуға құқылы: тараптар, сондай-ақ өзге де адамдар, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, олардың пікірінше, іс үшін маңызы болуы мүмкін заттар мен құжаттарды ұсынуға құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ұсынылған затты, құжатты қарап-тексеруге және егер заттың немесе құжаттың іс үшін маңызы бар немесе болашақта болуы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, оны қабылдауға міндетті. Іс үшін маңызы болмаса да, айналымнан алынған заттар мен құжаттар да қабылдануға тиіс. Іс үшін маңызы жоқ және айналымнан алынбаған зат, құжат ұсынылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қарап-тексергеннен кейін оны дереу тиесілілігі бойынша қайтарады.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 3) тармағының қағидалары қорғаушының қорғауындағы адамның қатысуымен жүргізілетін барлық процестік немесе тергеу әрекеттеріне, оларды жүргізу негіздеріне қарамастан, міндетті түрде қатысуын көздейді, өйткені бұл әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық құрамын және қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің кінәсін дәлелдеу процесімен ажырамас байланысты. Демек, егер ол оларға қатыспаса, бұл процестік әрекетті жүргізу тәртібінің елеулі түрде бұзылуына және алынған нақты деректердің дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деп танылуына әкеп соғады (ҚПК-нің 112-бабы 1-бөлігінің 5) тармағы).
Осыған байланысты заң қылмыстық процесті жүргізетін органдардың назарын қорғаушының осы құқықты іске асыруына, әсіресе оның қорғауындағы адамнан жауап алу кезінде, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының қатысуымен немесе олардың өтінішхаты бойынша не қорғаушының өзінің өтінішхаты бойынша қарап-тексеру, тінту, алу жүргізу кезінде қатысуына аударады.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 4) тармағындағы қағида қорғаушының, егер олардың істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі деп пайымдауға негіздер болса, кең ауқымды тұлғаларға қарсылық білдіру құқығына қатысты (ҚПК-нің 86–93-баптары).
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 5) тармағының қағидалары, алып тастауларды қоспағанда, күдіктінің құқықтарын едәуір шектейтін не оның мүдделерін өзгеше түрде қозғайтын маңызды процестік құжаттар тобын айқындайды. Қорғаушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және ол аяқталған кезде осы құжаттармен танысуға құқылы. Мұнда мемлекеттік құпияларды қамтитын іс құжаттарынан мәліметтерді көшіріп алуға және олардың көшірмелерін түсіруге тыйым салынады. Істің мүддесі үшін қорғаушының айыптау куәларының тізімімен танысуына жол берілмейді. Сонымен қатар заң күдіктіге күдікті деп тану туралы қаулыны, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезінде қорғаушының міндетті түрде қатысуын ерекше атап көрсетеді. Бұл түсінікті де, өйткені күдіктіге қатысты күдікті қылмыстық процесті жүргізетін органның түсіндіруінен бөлек, қорғаушының да түсіндіруін талап етуі мүмкін.
ҚПК-нің 70-бабы 1-бөлігінің 6) тармағының қағидалары ҚПК-нің 95–99-баптарымен реттеледі. Қылмыстық процестің кез келген қатысушысы сияқты, қорғаушы да іс бойынша іс жүргізу кезінде мемлекеттің қорғауында болады және негіздер болған кезде оның өтінішхаты бойынша оған қатысты қауіпсіздік шаралары қабылдануы мүмкін. Қылмыстық істің кең ауқымды мәселелері бойынша өтінішхаттар қорғауындағы адамның бастамасымен берілуі немесе қорғаушының өзінің бастамасы болуы мүмкін және оларды қылмыстық процесті жүргізетін органдармен қарым-қатынаста оның жұмысының маңызды әдісі ретінде қарастыру қажет.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 7) тармағының қағидалары қорғаушының негізінен сот сатыларында, сондай-ақ тергеу судьясымен оның құзыретіне жатқызылған, қылмыстық іс бойынша туындайтын және қорғауындағы адамның құқықтарын едәуір шектейтін мәселелерді қарау кезінде өзара қарым-қатынаста жүзеге асыратын құқықтарының жиынтығын қамтиды. Заң тергеу судьясының ҚПК-нің 217-бабында көзделген тәртіппен оның өтінішхаты бойынша куәның, жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қоюы кезінде адвокаттың міндетті түрде қатысуын жеке бөліп көрсетеді.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 8) тармағының қағидалары қорғаушыға сот отырысының барысын, мазмұнын және нәтижелерін сот отырысының хаттамасымен танысу негізінде бағалауға мүмкіндік береді. Аталған хаттама сот отырысы барысында сотта жүргізілген барлық сот әрекеттерін бекітеді, ал оның нысаны мен мазмұны, оған берілетін ескертулер және оларды қарау тәртібі заңмен егжей-тегжейлі реттелген (ҚПК-нің 347-бабы, 429-бабының 8-бөлігі).
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 9) тармағының қағидаларын қорғауындағы адамдардың өз мүдделерін қозғайтын негізгі процестік құжаттардың көшірмелерін алуға қатысты ұқсас құқықтарымен өзара байланыста түсіну қажет. Олардың тізбесі ҚПК-нің 64-бабы 9-бөлігінің 7) тармағында, 65-бабы 5-бөлігінің 2) тармағында және айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның құқықтық мәртебесін реттейтін ҚПК-нің өзге де баптарында келтірілген.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 10, 11-тармақтарының қағидалары қорғаушының қылмыстық іс бойынша қызметінің тағы екі әдісін қамтиды: қылмыстық процесті жүргізуші органның, оның өзге де қатысушыларының заңсыз әрекеттеріне қарсылықтарды дәлелді түрде білдіру және оларды процестік құжаттарда тіркеу; негіздер болған кезде қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне прокурорға, жоғары тұрған прокурорға не тергеу судьясына немесе тиісті сатыдағы сотқа дәлелді түрде жазбаша шағым жасау және оларды қарауға қатысу.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 12-тармағының қағидаларын ҚПК-нің 70-бабының 6-бөлігінің нормасы арқылы түсіну қажет. Аталған норма қорғаушыға өз қызметінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының барлық құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл толықтай түсінікті, өйткені қорғау функциясы қылмыстық істің мән-жайларын анықтау және қылмыстық іс бойынша дұрыс шешім қабылдау мақсатында қорғаудың заңды құралдары мен тәсілдерін пайдалануда шектелмеуге тиіс.
ҚПК-нің 70-бабы 2-бөлігінің 13-тармағының қағидалары қылмыстық процесті жүргізуші органдардың қорғаушының өзінің қорғауындағы адам қатысатын барлық процестік әрекеттерге не қорғау тарапының шағымдары мен өтінішхаттарына, әсіресе бұлтартпау шараларын қолдану, күзетпен ұстау мерзімдерін ұзарту, куәлар мен жәбірленушілердің айғақтарын депонирлеу мәселелеріне қатысты барлық сот отырыстарына қатысу құқығын қандай да бір заңсыз шектеу жағдайларын болдырмауға бағытталған заң шығарушының әрекеті болып табылады. Сондықтан іс бойынша іс жүргізу кезінде, сондай-ақ қорғауындағы адамның қатысуымен процестік немесе тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қорғаушының міндетті түрде қатысуы ҚПК нормаларында нақты көзделген.
Қорғаушының жалпы құқықтарымен қатар адвокаттың нақты құқықтары да жеке көрсетілген. Олар қорғаушының құқықтарын толықтырады, бірақ тек адвокат қана пайдалана алады. Оның осындай негізгі құқықтары алтау.
ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 1-тармағының қағидасы адвокатқа іс бойынша куәнің, жәбірленушінің айғақтарын депонирлеу туралы тергеу судьясына өтінішхат беру арқылы қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер жинауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Адвокат бұл тәсілді өзінің мәліметтері бойынша оларды сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында не сот отырысында кейіннен жауап алу объективті себептерге байланысты мүмкін болмай қалуы ықтимал жағдайларда (Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұруы, шетелге кетуі, денсаулық жағдайының ауыр болуы, қауіпсіздік шараларының қолданылуы), сондай-ақ психологиялық жарақат келтіретін әсердің алдын алу мақсатында кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау үшін қолдана алады (ҚПК-нің 217-бабының 1-бөлігі).
ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 2, 3-тармақтарының қағидалары қылмыстық қудалау органдарының адвокаттың іс бойынша дәлелдемелер жинауға, оның ішінде сот сараптамасын тағайындауға қатысты өтінішхатына тиісті деңгейде ден қоймауының салдары болып табылады. Бұл адвокатты осындай өтінішхатпен тергеу судьясына жүгінуге мәжбүр етеді. Қылмыстық қудалау органдарының адвокаттың өтінішхатын орындамауы оны қанағаттандырудан қаулы шығару арқылы бас тарту түрінде де, сондай-ақ ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылдамау түрінде де көрініс табуы мүмкін. Адвокаттың бұл құқығы тергеу судьясының өтінішхатты мәні бойынша қарау және шешім қабылдау міндетіне сәйкес келеді (ҚПК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 6, 7-тармақтары, 272-бабының 6-бөлігі).
Тергеу судьясы адвокаттың өтінішхатын қарауға кіріспес бұрын адвокаттың қылмыстық қудалау органына бұрын өтінішхат бергеніне көз жеткізуге тиіс. Жалпы, ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 2–3-тармақтарында көрсетілген мәселелер бойынша адвокаттың өтінішхаттарын қарау нәтижелері бойынша тергеу судьясы негіздер болған кезде оларды өзінің өкілеттіктерін пайдалана отырып қанағаттандыруға не адвокатқа білікті заң көмегін көрсету және қорғауындағы адамның мүдделерін қорғау үшін қажетті осындай процестік әрекеттерді жүзеге асыруды қылмыстық қудалау органына тапсыруға, сондай-ақ олардың сапалы орындалуын бақылауға құқылы (ҚПК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 6–7-тармақтары, 56-бабының 4-бөлігі).
Осыған ұқсас тапсырмаларды тергеу судьясы ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 6-тармағындағы қағиданы сақтау қажеттілігі туындаған кезде де қылмыстық қудалау органына бере алады.
ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 4-тармағының қағидасы адвокат қызметінің басқа қырын, атап айтқанда, іс бойынша маңызы бар мәліметтер алу мақсатында адамдардан сауалнама жүргізуін көрсетеді. ҚПК адвокаттың белгілі бір адамға сауалнама жүргізуінің процестік нысанын, яғни сауалнама жүргізудің шарттарын, негіздерін, реттілігін, сондай-ақ оны ресімдеу тәртібін белгілемейтінін атап өткен жөн: түсініктеме алады, ауызша өтініш жасайды, анықтама не акт жасайды (ҚПК-нің 122-бабы 3-бөлігінің 5-тармағына сәйкес сауалнаманың барысы мен нәтижелері жазбаша түрде немесе электрондық жеткізгіште көрсетіледі, олар қорғаушының, жәбірленуші өкілінің өтінішхаты бойынша қылмыстық іске қоса тіркелуге жатады және ҚПК талаптарына сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші орган оларды зерттеп, бағалағаннан кейін дәлелдеме мәртебесіне ие болады). Меніңше, мұндай қажеттілік жоқ, өйткені сауалнама жүргізу кезінде алынған мәліметтер кейіннен осы адамның айғақтарына айналуы адвокаттың өтінішхаты бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органның не тергеу судьясының куәдан жауап алу қағидалары бойынша оның айғақтарын депонирлеу тәртібімен жауап алуы барысында жүзеге асырылады. Мысалы, мұндай құжат адамның ауызша сауалнамасы туралы анықтама болуы мүмкін. Сауалнама деректерін бекіту үшін адвокатқа (сауалнама жүргізілетін адамның келісімімен деп пайымдауға болады) дыбыс-, бейнежазбаны, кино-, фототүсірілімді, қалыптар, бедерлер, жоспарлар, схемалар жасауды және ақпаратты тіркеудің басқа да тәсілдерін қолдануға рұқсат етіледі. Олар адамның ауызша сауалнамасы туралы анықтамаға қоса тіркеледі. Әрбір қосымшада сауалнама жүргізілген жердің, күннің, уақыттың көрсетілуімен оның атауы белгіленген түсіндірме жазба жасалуға тиіс. Бұл жазба адвокаттың қолымен куәландырылады.
ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 5-тармағының қағидалары (сондай-ақ ҚПК-нің 272-бабының 7, 8, 11-бөліктеріндегі оны жүзеге асырудың процестік нысанын қараңыз) адвокатқа қылмыстық процесті жүргізуші органды айналып өтіп (зерттеу объектілерін аталған органнан талап ету қажет емес), бірақ оны міндетті түрде хабардар ете отырып, тікелей ақылы шарттық негізде сот сараптамасын немесе зерттеуді тағайындауға және сарапшының, маманның тиісті қорытындыларын алуға, сондай-ақ оларды қылмыстық істің материалдарына қоса тіркеу туралы өтінішхат беруге рұқсат етеді. Қорытындылар барлық жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші орган арқылы қылмыстық істің материалдарына қоса тіркелуге тиіс, ҚПК-нің 111-бабының 2-бөлігіне сәйкес олар қылмыстық іс бойынша дәлелдемелердің көздері болып табылады. Оларды зерттеу сотта дәлелдемелерді бағалау қағидалары бойынша жүргізіледі (ҚПК-нің 124–125-баптары).
ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 6-тармағының қағидалары ҚПК-нің 70-бабы 3-бөлігінің 4-тармағының қағидасымен өзара байланысты және адвокаттың адамға сауалнама жүргізу нәтижелерін аяқтаудың нысаны болып табылады, бірақ бұл жолы ол куә мәртебесінде болады. Осы мақсатта адвокат бұрын өзі сауалнама жүргізген адамның қылмыстық қудалау органдарына айғақтар беру үшін келуін қамтамасыз етуде жалтаруы немесе өзге де проблемалар туындаған жағдайда тергеу судьясының көмегіне жүгіне алады не негіздер болған кезде тергеу судьясының алдында куәнің өзінің қатысуымен айғақтарын депонирлеу туралы өтінішхат бере алады.
ҚПК-нің 70-бабының 4-бөлігінің нормалары қорғаушының қатысуымен адамнан сол немесе өзге процестік мәртебеде жауап алу тәртібін нақтылайды, мұнда да оның құқықтары көрініс табады: анықтаушы, тергеуші жауап алуды аяқтағаннан кейін сұрақтар қоюы, тіпті олар қабылданбаған жағдайда да оның сұрақтарының жауап алу хаттамасында міндетті түрде көрсетілуі, жауап алу барысын, мазмұнын, нәтижелерін хаттамада сипаттау сапасына қатысты ескертулерінің жауап алу хаттамасына енгізілуі. Қорғаушының қатысуымен жауап алу мысалында бұл нормалар тергеу әрекеттері, тергеу әрекетінің хаттамасы және оны ресімдеуге қойылатын талаптар туралы жалпы нормалардың дамуы болып табылады (ҚПК-нің 197-бабы, 199-бабының 3, 6-бөліктері).
Заң қорғаушыға құқықтар бере отырып, сонымен бірге оған қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға бағытталған қызметін қамтамасыз ететін белгілі бір міндеттер де жүктейді. Мәселен, адвокаттың қорғау функциясын толыққанды орындауы үшін «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заң оған тиісті құқықтар көлемін береді, сондай-ақ оның кәсіби қызметі барысында ұстануға тиіс міндеттерін, кәсіби мінез-құлық нормаларын, адвокаттық қызмет кепілдіктерін, адвокат қызметін сақтандыруды реттейді (33–37-баптар).
Заң адвокаттық құпияға ерекше назар аударады. Адвокаттық құпия деп адвокатқа жүгіну фактісі, көмек сұрап жүгінген адаммен және басқа адамдармен ауызша және жазбаша келіссөздердің мазмұны туралы мәліметтер, көмек сұрап жүгінген адамның мүддесі үшін жүзеге асырылатын әрекеттердің сипаты мен нәтижелері, сондай-ақ заң көмегін көрсетуге қатысты өзге де ақпарат түсініледі. Адвокаттар, олардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері, адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультациясының, адвокат кеңсесінің қызметкерлері, сондай-ақ адвокаттық қызметпен айналысу құқығы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған адам заң көмегін көрсетуге байланысты алынған қандай да бір мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ оларды өзінің немесе үшінші тұлғалардың мүддесі үшін пайдалануға құқылы емес. Адвокат көмек сұрап жүгінген адамның келісімінсіз адвокаттық құпияға жататын мәліметтерді жария еткен жағдайда заңға сәйкес жауаптылықта болады. Қазақстан Республикасының «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға мәліметтер мен ақпарат беру адвокаттық құпияны жария ету болып табылмайды. Адвокаттық құпияны сақтау міндеті уақытпен шектелмейді. Адвокаттар, олардың көмекшілері, тағылымдамадан өтушілері, адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультациясының, адвокат кеңсесінің қызметкерлері адвокаттық құпияны сақтау, оның ішінде оны рұқсатсыз қол жеткізуден қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті («Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның 37-бабы).
Жалпы қорғаушыға және атап айтқанда адвокатқа арналған өкілеттіктер көлемі мұнымен шектелмейді: қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында оның қатысуын, өкілеттіктерін қолдануын немесе белгілі бір міндеттерді орындауын талап ететін әртүрлі күрделілік дәрежесіндегі өзге де мәселелер туындауы мүмкін (ҚПК-нің 70-бабының 6-бөлігі). Бұл оның қылмыстық процестегі қызметінің сипаты мен әдістеріне сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне Марат Чекишевич Когамовтың, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкерінің 2020 жылғы түсіндірмесі.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Арбитраждық істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Жолдаулар