СЫЙЛЫҚ БЕРУ, МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ЖӘНЕ БОНУС ТӨЛЕУ ҚАҒИДАЛАРЫ
К. Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не сыйлықақы төлеу туралы талап қоюмен жүгінген.
Қостанай қалалық сотының 2022 жылғы 5 қазандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Сот өз шешімін көтермелеу, оның ішінде сыйлықақы төлеу жұмыс берушінің құқығы болып табылатындығымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымын негізсіз деп таныған, өйткені сыйлықақы беру туралы бұйрықтар Басқарманың барлық қызметкерлеріне қатысты қабылданған, ал сыйлықақы төлеуден тек алынбаған тәртіптік жазалары бар қызметкерлер ғана айырылған. Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшыны тәртіптік жауаптылыққа тарту сот тәртібімен заңсыз деп танылып, күші жойылғандықтан, оның сыйлықақы алу құқығы қалпына келтірілуге тиіс болған.
2022 жылғы 29 қарашадағы азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясының 2023 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен (3г-2595) апелляциялық сатыдағы сот қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты сот отырысында қарау үшін беруден бас тартылған.
Н. ШЖҚ РМК-ға бұйрықты заңсыз деп тану және оның күшін жою, жалақыға қосымша ақы мен сыйлықақы өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласы Байқоңыр ауданының сотының 2022 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, 2022 жылғы 29 шілдедегі сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп тану және оның күшін жою бөлігіндегі бас тарту туралы шешімнің күші жойылған, осы бөлікте талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Сот шешімінің жалақыға қосымша ақы мен сыйлықақы төлеуден бас тарту бөлігіндегі шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жалақыға қосымша ақы есептеу және сыйлықақы төлеу міндетін жүктеу туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тарта отырып, соттар қызметкерлерді сыйлықақымен және еңбекті ынталандырудың өзге де нысандарымен көтермелеу мәселесі жұмыс берушінің құқығы және оның дербес шешімі болып табылатынын көрсеткен.
Кассациялық сатыдағы судьяның 2023 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты сот отырысында қарау үшін беруден бас тартылған (3г-716(2)).
Мемлекеттік қызметшілер қатысатын осындай дауларды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысымен Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен сыйлықақымен марапаттау, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу қағидалары, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге бонус төлеу қағидалары бекітілгенін ескеру қажет (бұдан әрі – № 1127 Қағидалар).
№ 1127 Қағидалардың 1-2-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу туралы шешімді:
1) бюджеттік бағдарламаның (кіші бағдарламаның) әкімшісі болып табылатын мемлекеттік органның басшысы не оны алмастыратын адам;
2) орталық мемлекеттік органның басшысымен келісілген аппарат басшысы қабылдайды.
№ 1127 Қағидалардың 2-тармағына сәйкес осы Қағидалардың 1-2-тармағында көрсетілген тұлғалар аталған Қағидаларды басшылыққа ала отырып, тиісті органдар қызметкерлеріне сыйлықақы беру туралы ережелерді дербес әзірлеуге және бекітуге құқылы.
Қызметкердің сыйлықақы алуға құқығын беретін оның қызмет нәтижелерін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер Қағидалардың 3-тармағында көзделген.
№ 1127 Қағидалардың 4-тармағына сәйкес қызметкерге мынадай жағдайларда сыйлықақы берілмейді:
1) алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде;
2) тиісті органда бір айдан кем жұмыс істеген кезде;
3) сынақ мерзімінен өту кезеңінде.
Демек, егер қызметкер сыйлықақыдан тек алынбаған тәртіптік жазасының болуына байланысты айырылса, ал ұжымның қалған барлық қызметкерлеріне сыйлықақы берілген болса және тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылса, мұндай қызметкердің алынбаған сыйлықақыны өндіріп алу туралы талаптары қанағаттандырылуға жатады.
Ал егер жекелеген қызметкерлерге, мысалы, лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, аса маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, шұғыл әрі алдын ала болжанбаған жұмыстарды орындағаны және жұмыстағы өзге де жетістіктері үшін сыйлықақы беру туралы сөз болса, онда бұл жағдайда мемлекеттік орган басшысының құқығы негізге алынуға тиіс.
Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген, еңбек заңнамасының сыйлықақы төлеуге, оның ішінде тәртіптік жазасы бар қызметкерлерге сыйлықақы беруге қатысты нормаларына өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы талқыланып жатқанын ескеру қажет.
СОТТЫЛЫҚ
Азаматтық процестік кодекстің 26-бабына сәйкес осы санаттағы азаматтық істер аудандық және оларға теңестірілген соттардың соттылығына жатады.
М. «Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ-не жұмысқа қайта орналастыру туралы талап қоюмен жүгінген.
Өскемен қалалық сотының 2021 жылғы 26 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюдың соттылығы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жататынына байланысты талап қоюшыға қайтарылған.
Апелляциялық сатыдағы сот төмендегі негіздер бойынша сот ұйғарымының күші жойылуға жатады деп есептеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар қаралады. Ал ӘРПК-нің 3-бабы 7-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес, іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.
Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар – бұл жария-құқықтық қатынастар субъектілері, билік пен бағыныстылық қатынастары субъектілері арасындағы, бір тарап екінші тарапқа қатысты жария өкілеттіктерге ие болатын даулар.
Ал М. мәлімдеген талаптың нысанасы еңбек шартының бұзылуы туралы бұйрыққа дау айтуға, бұрынғы лауазымына жұмысқа қайта орналастыруға, жалақы мен моральдық зиянды өтеу сомасын өндіруге байланысты еңбек дауы болып табылады.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының осы мәселе бойынша ұстанымын дұрыс деп тану қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да осындай ұстанымды қолдайды. Аталған сот алқасының 2022 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен (6ап/431) Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымы және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 қаңтардағы ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Аталған сот актілерімен РММ «Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына» қатысты қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері бойынша жасалған қорытынды мен тәртіптік комиссияның шешімін заңсыз деп тану туралы М.-ның талап қоюы ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде, яғни істің әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығына байланысты қайтарылған.
Жергілікті соттардың сот актілерін күшінде қалдыра отырып, кассациялық сатыдағы сот төмендегіні көрсеткен.
ӘРПК-нің 4-бабының 9) тармақшасына сәйкес әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Дауланып отырған қорытынды мен тәртіптік комиссияның шешімі мемлекеттік органның жария-құқықтық қатынастар шеңберінде қабылдаған өкімдік актілері болып табылмайды, талап қоюшы үшін құқықтар мен міндеттер туындатпайды және ұсынымдық сипатқа ие.
Бұдан бөлек, аталған құжаттар талап қоюшының атқарып отырған лауазымынан босату туралы бұйрыққа дау айтуы кезінде дәлелдемелер ретінде сот актілерінде бағаланған.
Осы санаттағы даулардың соттылығы Азаматтық процестік кодекстің 29-бабында белгіленген жалпы қағидалар бойынша айқындалады, яғни талап қоюлар жауапкердің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Қ.-ның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне (бұдан әрі – ҚР) тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күшін жою жөніндегі талап қоюы бойынша Өскемен қалалық сотының шешімінің күшін жойған. Себебі іс жауапкердің орналасқан жері бойынша, яғни Астана қаласында қаралуға тиіс болған.
Азаматтық процестік кодекстің 30-бабының 12-бөлігіне сәйкес бірнеше жауапкерге қатысты талап қоюлар талап қоюшының таңдауы бойынша жауапкерлердің біреуінің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
Е. ҚР Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті» РММ-не және «Қандыағаш станциясындағы полиция бөлімі» ММ-не бұйрықтың күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Мұғалжар аудандық сотының ұйғарымымен іс жауапкер – Көліктегі полиция департаментінің орналасқан жері бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына соттылығы бойынша жолданған.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымының күшін жоя отырып, апелляциялық сот іс бойынша екінші жауапкердің «Қандыағаш станциясындағы полиция бөлімі» ММ болып табылатынын және талап қоюшының онымен еңбек қатынастарында тұрғанын көрсеткен. Осыған байланысты талап қоюды жауапкерлердің біреуінің орналасқан жері бойынша беру талап қоюшының құқығы болып табылады.
МЕМЛЕКЕТТІК БАЖ
Салық кодексінің 616-бабының 1) тармақшасына сәйкес соттарда мемлекеттік баж төлеуден еңбекке ақы төлеу сомаларын өндіріп алу туралы талап қоюлар және еңбек қызметіне байланысты басқа да талаптар бойынша талап қоюшылар босатылады.
Демек, бұйрықты заңсыз деп тану және оның күшін жою, бұрынғы лауазымына жұмысқа қайта орналастыру және мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіру, өзге де төлемдерді (төленбеген жалақыны, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны және т.б.) өндіріп алу туралы талаптар бойынша талап қоюшы мемлекеттік баж төлемейді.
Бұл ретте еңбек заңнамасында моральдық зиянды өтеу туралы өтемақыны өндіріп алу мүмкіндігі көзделмегенін ескеру қажет. Мұндай талаптар қанағаттандырылған кезде соттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес ҚР Конституциясының 24-бабын және ҚР Азаматтық кодексінің 47-тарауының (951, 952-баптар) нормаларын басшылыққа алады.
Демек, моральдық зиянды өтеу туралы талап қамтылған талап қою арыздары бойынша мүліктік емес сипаттағы талап ретінде айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) 50 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
Азаматтық процестік кодекстің 117-бабына сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден талап қою қанағаттандырылған бөлікке мөлшерлес толық көлемде мемлекет кірісіне өндіріп алынады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қазақстан Республикасының соттарында азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдану туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес мемлекеттік баж мөлшерлемесі талап қоюшының жеке немесе заңды тұлға болуына қарай айқындалады.
Демек, жалақы өндіру туралы талап қою қанағаттандырылған жағдайда жауапкерден талап қою сомасының 1 пайызы мөлшерінде, сондай-ақ мүліктік емес сипаттағы талаптардың әрқайсысы бойынша АЕК-тің 50 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж мемлекет кірісіне өндіріп алынуға жатады.
Азаматтық процестік кодекстің 109-бабына сәйкес пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот екінші тараптан іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын өндіріп береді.
Заңды тұлғаның қызметкерге материалдық залалды өтеу туралы талап қоюы қанағаттандырылған жағдайда қызметкерден талап қоюшы төлеген талап қою сомасының 3 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж талап қоюшының пайдасына өндіріп алынады.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысымен ҚР Конституциясының 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келмейді деп ҚР Салық кодексінің 610-бабының 2-тармағындағы «осындай даулар бойынша әкімшілік талап қоюды, талап қою арызын (арызды) берген кезде» деген сөздер танылған. Аталған ережелер әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға конституциялық құқығын шектеуге және бұзуға алып келеді.
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 наурыздағы № 213-VII Заңымен Салық кодексінің 610-бабына өзгерістер енгізіліп, 2-тармақ мынадай редакцияда жазылған:
«Арбитраж шешімдерінің күшін жою және арбитраж шешімдерін, шетелдік соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындату үшін атқару парақтарын беру мәселелері бойынша ұйғарымдарға, мүліктік емес және мүліктік сипаттағы даулар бойынша соттардың шешімдері мен қаулыларына қатысты сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттардан мемлекеттік баж осы баптың 1-тармағында өтініш берушінің субъектісі үшін белгіленген мемлекеттік баж мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынады».
Бұдан материалдық залалды өтеу туралы талап қою бойынша жауапкер – қызметкерден сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде жеке тұлғалар үшін белгіленген тиісті мемлекеттік баж мөлшерлемесінің 50 пайызы, яғни талап қою сомасының 3 пайызы емес, 1 пайызы өндіріп алынуға тиіс екені туындайды.
ДАУДЫ СОТҚА ДЕЙІНГІ РЕТТЕУ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ СОТҚА ЖҮГІНУ МЕРЗІМІ
Еңбек кодексінің 159-бабында жеке еңбек дауын келісу комиссиясының қарауы арқылы дауды сотқа дейін міндетті түрде реттеу тәртібі көзделген.
Сонымен бірге, бұл нормада бірқатар ерекшеліктер қарастырылған.
Осы Кодексте айқындалған тәртіппен жеке еңбек дауларын қарау үшін келісу комиссиясын құру туралы талап еңбегі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттелетін, бірақ Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктері бар жекелеген санаттағы қызметкерлерге, оның ішінде әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
Осылайша, заңнамада мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін еңбек дауларын шешудің сотқа дейінгі міндетті тәртібі көзделмеген.
А. «Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ-не бұйрықтың күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Өскемен қалалық сотының 2021 жылғы 25 наурыздағы ұйғарымымен Азаматтық процестік кодекстің 152-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы негізінде талап қою қайтарылған.
Сот талап қоюды қайтаруды даудың жауапкердің келісу комиссиясында қаралуға тиіс екендігімен негіздеген.
Сот ұйғарымына шағым жасалмаған, алайда Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы өз талдауында дұрыс көрсеткендей, аталған ұйғарым Еңбек кодексінің 159-бабының 1-тармағының талаптарына қайшы келеді.
Алматы облыстық соты өзгеше ұстаным білдірген.
Қонаев қаласы сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы ұйғарымымен С.-ның Қонаев қаласының (Қапшағай) әкіміне жұмысқа қайта орналастыру туралы талап қоюы Азаматтық процестік кодекстің 279-бабының 1) тармақшасы негізінде қараусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Соттар өз шешімдерін Еңбек кодексінің 159-бабының 1 және 2-тармақтарының мағынасына сәйкес даулар келісу комиссиясында міндетті түрде қаралуға тиіс екендігімен негіздеген. Бұл ретте соттар келісу комиссиясын құру туралы талаптың мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайтынын ескермеген.
Павлодар облыстық соты құқық қорғау органдарында келісу комиссияларын құруды заңнамалық деңгейде көздеуді ұсынады, бұл жанжалды қысқа мерзімде ұжым ішінде, жергілікті жерде шешуге мүмкіндік береді.
Аталған ұсыныс даулы болып табылады, өйткені «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес құқық қорғау қызметінің арнайы қағидаттарының бірі дара басшылық және бағыныстылық (субординация) қағидаты болып табылады. Бұл құқық қорғау органының қатардағы қызметкерлері мен басшылары арасынан тең құқықты негізде келісу комиссиясын құру мүмкіндігін жоққа шығарады.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 4-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі – бағынысты мемлекеттік қызметшілер мен төмен тұрған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері үшін жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өз өкілеттіктері шегінде қабылдаған шешімдерін міндетті түрде орындау қағидаты болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін дауды сотқа дейін міндетті түрде реттеудің мынадай тәртібін енгізу туралы ұсынысымен келісуге болады: бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды адамдарға, жоғары тұрған органдарға жүгіну.
Қазіргі уақытта мұндай құқық баламалы тәртіпте көзделген («Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 15-бабының 11) тармақшасы, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 61-бабының 5-тармағы).
Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес осы Кодекске сәйкес жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі келісу комиссиясына жүгінбей-ақ сотқа жүгінуге құқығы бар еңбек қатынастарының қатысушылары үшін мынадай мерзімдер белгіленген:
- жұмысқа қайта орналастыру туралы даулар бойынша – жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап үш ай;
- басқа да еңбек даулары бойынша – қызметкердің, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған қызметкердің өз құқығының бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы бұйрығымен С. ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған. 2022 жылғы 11 ақпанда талап қоюшы сотқа жүгінген.
Петропавл қаласының № 2 сотының 2022 жылғы 11 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының Еңбек кодексінің 160-бабының 1) тармақшасында көзделген сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алғаны туралы негізді қорытындыға келген.
Орал қаласының № 2 сотының 2021 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Ж.-ның «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-не жұмысқа қайта орналастыру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы 2017 жылғы 24 ақпандағы бұйрықпен жұмыстан шығарылуына дау айтқан. Жауапкердің өкілі алдын ала тыңдау барысында талап қою мерзімін қолдану туралы өтінішхат берген, ал талап қоюшы мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерін растайтын дәлелдемелер ұсынбаған. Бұл мән-жай талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға негіз болған.
Талап қою мерзімін қалпына келтіру үшін негіздердің бар-жоғын шешу кезінде ҚР Азаматтық кодексінің 185-бабын басшылыққа алу қажет деген Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының пікірімен келісу қажет.
НОРМАТИВТІК БАЗА
Жинақталған санаттағы істерді қарау кезінде қолданылуға жататын негізгі нормативтік құқықтық актілер мыналар болып табылады:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім); Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – АК);
- Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
- Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Еңбек кодексі (бұдан әрі – Еңбек кодексі);
- «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI ҚРЗ Кодексі (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі);
- Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң);
- Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – «Құқық қорғау қызметі туралы» Заң);
- Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 199-V ҚРЗ «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі;
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығы, онымен мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауды жүргізу қағидалары мен мерзімдері; ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдары; мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары бекітілген;
- Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулылары:
- 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 «Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы»;
- 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 «Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы мен 2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы»;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары:
- 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы»;
- 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 «Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы»;
- 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы»;
- 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 «Қазақстан Республикасының соттарында азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдану туралы».
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығы (бұдан әрі – № 246 бұйрық). Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2022 жылғы 22 қазандағы № 830 бұйрығымен күші жойылған.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау