Түсініктеме 313-бабына Парақорлыққа делдал болу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің
1. Парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушы мен пара берушіге олардың пара алу және пара беру туралы келісімге қол жеткізуіне немесе оны іске асыруына жәрдемдесу – бес жүзден бір мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде не сотталған адамның бес айдан жеті айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекет бірнеше рет немесе ұйымдасқан топпен не өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалған болса – жеті жүзден екі мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде не сотталған адамның жеті айдан бір жылға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Парақорлыққа делдал болу – ҚР ҚК-нің 313-бабының 1-бөлігіне сәйкес, пара алушы мен пара берушіге олардың пара алу және пара беру туралы келісімге қол жеткізуіне немесе оны іске асыруына жәрдемдесу болып табылады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі мен заты пара алу қылмысының (ҚР ҚК-нің 311-бабы) объектісімен және затымен толық сәйкес келеді.
Парақорлыққа делдал болудың объективтік жағы екі нысанда көрініс табады:
а) пара алушы мен пара берушіге олардың пара алу және пара беру туралы келісімге қол жеткізуіне жәрдемдесу;
б) пара алушы мен пара берушіге олардың пара алу және пара беру туралы келісімді іске асыруына жәрдемдесу.
Парақорлыққа делдал болу екі нысанда да, сондай-ақ олардың біреуі арқылы да көрініс табуы мүмкін.
Пара алушы мен пара берушіге олардың пара алу және пара беру туралы келісімге қол жеткізуіне жәрдемдесу аталған субъектілер арасында тиісті келіссөздер жүргізу; пара алушы мен пара берушінің кездесуін ұйымдастыру; пара беру және пара алу туралы келісімнің талаптарын талқылауға қатысу және т.б. арқылы көрініс табады.
Пара алушы мен пара берушіге олардың пара алу және пара беру туралы келісімді іске асыруына жәрдемдесу, әдетте, пара затын пара берушіден пара алушыға тікелей беру арқылы көрініс табады.
Парақорлыққа делдал болудың аталған нысандары қылмыстың аяқталу сәті бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Делдал болудың бірінші нысаны делдалдың көмегімен пара беруші мен пара алушы арасында пара алу және пара беру туралы келісімге қол жеткізілген сәттен бастап аяқталған деп есептелуге тиіс. Бұл ретте кейіннен пара беру немесе пара алу фактісінің орын алған-алмағаны маңызды емес.
Парақорлыққа делдал болудың екінші нысанына келетін болсақ, ол пара алу және пара беру туралы келісім іске асырылған жағдайда ғана, яғни пара алу және пара беру сәтінен бастап аяқталған қылмыс деп есептелуге тиіс.
Парақорлыққа делдал болуды пара алу немесе пара беру кезіндегі сыбайлас қатысушылықтан ажырату қажет. Делдал осы сөздің мағынасына сәйкес пара берушімен де, пара алушымен де «байланысқа түседі», ол пара алу және пара беру туралы келісімге қол жеткізу немесе осындай келісімді іске асыру процесіндегі өзіндік бір аралық буын болып табылады. Ал пара алу немесе пара беру қылмысының сыбайлас қатысушысы, әдетте, тиісінше пара алушының немесе пара берушінің жағында әрекет етеді.
Пара беруді немесе пара алуды ұйымдастырған, соған айдап салған не пара беру немесе пара алу кезінде көмектесуші болған және бір мезгілде делдалдық функцияларды орындаған лауазымды немесе өзге де адам пара беру немесе пара алу қылмысына сыбайлас қатысқаны үшін жауаптылықта болады. Бұл ретте сыбайлас қатысушының әрекеттерін саралау мәселесі оның қасақаналығының бағыттылығын ескере отырып, оның кімнің мүддесі үшін, кімнің жағында және кімнің – пара берушінің немесе пара алушының – бастамасы бойынша әрекет ететініне қарай шешілуге тиіс. Мұндай жағдайларда парақорлыққа делдал болу үшін жауаптылықты көздейтін бап бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Парақорлыққа делдал болудың субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады: кінәлі адам пара алушы мен пара берушіге олардың пара алу және пара беру туралы келісімге қол жеткізуіне немесе оны іске асыруына жәрдемдесіп отырғанын сезінеді және соны қалайды.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъектісі 16 жасқа толған кез келген адам болуы мүмкін.
Қарастырылып отырған баптың 2-бөлігі парақорлыққа делдал болудың сараланған құрамдарын көздейді: оны бірнеше рет немесе ұйымдасқан топпен не өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасау.
Бірнеше рет жасалу және қылмысты ұйымдасқан топпен жасау ұғымдары пара алу қылмысына сипаттама беру кезінде (ҚР ҚК-нің 311-бабы) түсіндірілген.
Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалған парақорлыққа делдал болу субъектінің парақорлыққа делдалдық жасау кезінде қызметі бойынша өзіне берілген құқықтар мен өкілеттіктерді пайдалануын білдіреді. Егер парақорлыққа делдал болу кінәлінің қызметтік қызметімен байланысты болмаса немесе мұндай адам қандай да бір ұйымда басқарушылық функцияларды орындамаса, парақорлыққа делдал болу қызмет бабын пайдалана отырып жасалған деп танылмайды.
Тәжірибеде саралау кезінде белгілі бір қиындықтар туғызатын жағдайлардың бірі – жалған делдалдық деп аталатын әрекеттер (яғни адам пара берушіден лауазымды адамға пара ретінде беру үшін ақша немесе өзге де құндылықтарды алғанымен, оларды беруді ниет етпей, өзіне иемденіп алатын жағдайлар).
ҚР Жоғарғы Сотының 1995 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысында (өзгерістері мен толықтыруларын ескере отырып) мұндай әрекеттерді алаяқтық ретінде саралау ұсынылған.
Біздің пікірімізше, ҚР Жоғарғы Сотының мұндай ұстанымы даулы болып табылады. Біздің ойымызша, өзінің әлеуметтік және құқықтық мәні бойынша алаяқтық пен парақорлықтағы жалған делдалдық бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Жалған делдалдық кезінде субъект бөтен мүлікті алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемденіп алмайды, керісінше, басқа азаматты пара беруге көндіреді не оған пара беруге көмектеседі. Пара затын жалған делдалдың иемденіп алуы алданған пара берушінің әрекеттерінің әлеуметтік мәнін өзгертпейді. Демек, жалған делдалдың әрекеттері пара беруге айдап салу немесе оған көмектесу ретінде, ал жалған делдалға пара затын тапсырған адамның әрекеттері пара беруге оқталу ретінде саралануға тиіс.
ҚР ҚК-нің 313-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс ауырлығы онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
ҚР ҚК-нің 313-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі И.Ш. Борчашвили.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған жері: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Қолданылу өңірі: 100000000000
Нормативтік құқықтық актіні нормашығармашылық орган берген тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: жаңа
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау