Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 412-1-бабына түсініктеме. Қылмысқа арандату
1. Қылмысқа арандату, яғни жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның адамды кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында қылмыс жасауға итермелеген заңсыз әрекеттері —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Күш қолданумен не күш қолдану, мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін төндірумен не адамның материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдаланумен ұштасқан дәл сол іс-әрекет —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер:
1) адамның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауына не өзге де ауыр зардаптардың туындауына алып келген;
2) қылмыстық топтың мүддесінде жасалған болса, —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, он жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оның сот төрелігін жүзеге асыруда сотқа жәрдемдесетін органдардың қалыпты қызметіне қол сұғатындығымен, сондай-ақ адамның негізсіз айыптаудан және сотталудан қорғалу құқығын бұзатындығымен сипатталады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 қазандағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес ҚК-нің 17-тарауы жаңа 412-1-баппен толықтырылды.
ҚК-ге осы норманың енгізілуі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқыққа қайшы әрекеттерінен адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту қажеттілігімен негізделген.
Қылмыстың объектісі жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органдардың қалыпты қызметі болып табылады. Қосымша объектісі — арандатылған адамның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері.
Қылмыстың объективтік жағы қылмысқа арандату, яғни жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның адамды қылмыс жасауға итермелеген заңсыз әрекеттерін жасаудан көрінеді.
Итермелеу деп адамда қылмысты орындауға деген ниетті оятуға бағытталған үгіттеу, ұсыныс жасау, кеңес беру, жаңылыстыру, алдау, қорқыту және т.б. тәсілдер арқылы жасалған кез келген қасақана әрекеттер түсініледі.
ҚК-нің 10-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыс деп кінәлі түрде жасалған, қоғамға қауіпті, ҚК-де айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жаза қатерімен тыйым салынған іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) танылады.
Бұл ретте ҚК-нің 412-1-бабы бойынша жауаптылықтың туындауы үшін итермеленген адамның бұған дейін қылмыстық әрекеттер жасаған-жасамағаны маңызды емес.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық құрамға жатады. Қылмысты итермеленген адамның оны жасағанына немесе қандай да бір себептермен қылмыстық әрекеттің жүзеге аспағанына (итермеленген адамның кейіннен қылмыс жасаудан бас тартуы, басқа адамдардың араласуы, қылмыстық ниеттің әшкереленуі және т.б.) қарамастан, адамда қылмыс жасауға деген шешім қалыптасқан сәттен бастап аяқталған деп есептеу қажет.
ҚК-нің «Қылмысқа арандату» деп аталатын 412-1-бабы «Коммерциялық сатып алуға немесе парақорлыққа арандату» деп аталатын 417-бапқа қатысты жалпы норма болып табылатынын атап өткен жөн.
Осыған байланысты ҚК-нің «Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы» туралы 13-бабының 3-бөлігінің талаптарын басшылыққа алу қажет. Оған сәйкес, егер бір ғана әрекет ҚК-нің тиісті баптарындағы жалпы және арнайы нормалардың белгілеріне сәйкес келсе, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылық ҚК Ерекше бөлігінің арнайы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды.
Сондықтан кінәлі адам басқа адамды коммерциялық сатып алуға немесе пара беруге итермелеген жағдайда, қалған белгілер болған кезде оның әрекеттері ҚК-нің 417-бабы бойынша, ал өзге қылмыстарды жасауға итермелеген жағдайда ҚК-нің 412-1-бабы бойынша сараланады.
Бұдан басқа, ҚК-нің 412-1-бабы диспозициясының мазмұнына сүйене отырып, адамды қылмыстық теріс қылық немесе әкімшілік құқық бұзушылық не тәртіптік теріс қылық жасауға итермелеу қарастырылып отырған қылмыстың белгілерін құрамайды.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Адам өзі жасаған қылмысқа арандатудың қоғамға қауіпті сипатын түсінеді, итермеленген адамның аталған әрекеттерден бейхабар екенін ұғынады, оның қылмыс жасауға итермеленетінін алдын ала біледі және соны қалайды.
Субъективтік жақтың ерекшелігі — арнайы мақсаттың болуы, яғни итермеленген адамды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе оны бопсалау.
Әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту деп итермеленген адамның қылмыс жасағанын дәлелдейтін нақты деректерді қасақана қалыптастыру және оларды дәлелдеме ретінде пайдалану, сондай-ақ оған қатысты қылмыстық заңнамада белгіленген шектеу шаралары мен жазаларды қолдану түсініледі.
Бопсалау — қалаған нәтижеге қол жеткізу мақсатында итермеленген адамды қылмыс жасағанын әшкерелеумен қорқыту.
Қылмыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін: қызметтік қызмет көрсеткіштерін жасанды түрде жақсарту, кек алу, қызғаныш, пайдакүнемдік, талапшыл әрі адал адамнан құтылуға деген ұмтылыс және т.б. Олар қылмысты саралауға әсер етпейді, бірақ соттың жаза тағайындауы кезінде ескерілуі мүмкін.
Қылмысқа арандатуды жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырудан және сотқа дейінгі тергеп-тексеруден ажырата білу қажет.
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңының 1-бабының 15) тармақшасына сәйкес жедел-іздестіру қызметі — адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті қорғау, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қылмыстық қол сұғушылықтардан қамтамасыз ету мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар Конституцияға, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыратын жария және жасырын жедел-іздестіру, ұйымдастырушылық және басқарушылық іс-шаралардың ғылыми негізделген жүйесі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы «Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты істер бойынша заңнаманы қолдану туралы» нормативтік қаулысының 9-4-тармағында көрсетілгендей, жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру кезінде азаматтарды құқық бұзушылықтар жасауға итермелеуге және арандатуға тыйым салынады.
ҚПК-нің 7-бабының 22) тармақшасына сәйкес қылмыстық қудалау (айыптау) — айыптау тарапының қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекетті және оны жасаған адамды, соңғысының қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігін анықтау, сондай-ақ мұндай адамға жаза немесе қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын қолдануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыратын процестік қызметі.
Осыған байланысты қылмысқа арандату ҚПК-де және жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамада белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін емес, ҚК-нің 412-1-бабы диспозициясында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін жасалады.
Бұл қылмыстың субъектісі — арнайы субъект: жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын, 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға, лауазымды адам.
Қазақстан Республикасының «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңының 6-бабына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға мыналар жатады: 1) ішкі істер органдары; 2) ұлттық қауіпсіздік органдары; 3) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган; 4) Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары; 5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет; 6) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі; 7) экономикалық тергеп-тексеру қызметі.
ҚПК-нің 7-бабының 23) тармақшасына сәйкес қылмыстық қудалау органдарына (лауазымды адамдарына) прокурор (мемлекеттік айыптаушы), тергеуші, анықтау органы, анықтаушы жатады.
ҚК-нің 412-1-бабының 2-бөлігінде күш қолданумен не күш қолдану, мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін төндірумен не адамның материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдаланумен ұштасқан қылмысқа арандату үшін жауаптылық көзделген.
Күш қолдану деп жәбірленушіге ұрып-соғу, азаптау, денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіру түрінде көрініс табатын физикалық күш қолдану түсініледі.
Бұл ретте саралау белгілері болған кезде денсаулыққа ауыр зиян келтіру ҚК-нің 412-1-бабының 2-бөлігімен қамтылмайды және ҚК-нің 106-бабының 2-бөлігі бойынша қосымша саралауды талап етеді.
Күш қолдану қатерін төндіру кінәлі адамның жәбірленушінің, оның туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына зиян келтіру туралы және т.б. қорқытуын білдіреді. Бұл ретте қатерді қылмыстық мінез-құлық деп тану үшін ол нақты әрі шынайы болуы тиіс.
Қатердің белгілері толығырақ ҚК-нің 409-бабына берілген түсініктемеде ашылған.
Мүлікті жою деп оны одан әрі мақсаты бойынша пайдалануға толық жарамсыз күйге келтіруді не оны қалпына келтіру мүмкін болғанымен, экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын жағдайға жеткізуді түсінеміз.
Мүлікті бүлдіру — мүлікті ішінара жарамсыз күйге келтіру, оның тұтынушылық қасиеттерінің бір бөлігін жоғалтуы, салмағының азаюы.
Материалдық немесе өзге де тәуелділік итермеленген адамның әртүрлі жағдайларға (ауруына, қиын өмірлік жағдайға және т.б.) байланысты кінәлі адамның қолдауына мұқтаж болуын, алайда мұндай қолдауды алмауын білдіреді.
ҚК-нің 412-1-бабының 3-бөлігі қылмысқа арандату үшін жауаптылықты белгілейді, егер ол: 1) адамның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауына не өзге де ауыр зардаптардың туындауына алып келсе; 2) қылмыстық топтың мүддесінде жасалса.
Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ұғымдары ҚК-нің 11-бабының 4 және 5-бөліктерінде берілген.
Ауыр зардаптарға мынадай салдарлар жатады: адамның өлімі; екі немесе одан да көп адамның өлімі; жәбірленушінің (жәбірленушілердің) немесе оның (олардың) жақын адамының (жақын адамдарының) өзіне-өзі қол жұмсауы; адамдардың жаппай ауруға шалдығуы, жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы; халық денсаулығы мен қоршаған ортаның жай-күйінің нашарлауы; қалаусыз жүктіліктің басталуы; техногендік немесе экологиялық апаттың, төтенше экологиялық жағдайдың туындауы; ірі немесе аса ірі залал келтіру; мемлекеттің қауіпсіздігіне, апатқа немесе аварияға қатер төндіру; келтірілген зиянның ауырлығын көрсететін өзге де зардаптар.
ҚК-нің 3-бабының 24) тармақшасында көрсетілгендей, қылмыстық топ — ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда, заңсыз әскерилендірілген құралым.
Кінәлі адамның әрекеттерін ҚК-нің 412-1-бабының 3-бөлігі бойынша саралау үшін қылмысқа арандату жоғарыда аталған қылмыстық топтардың кез келгенінің мүддесінде жасалған болуы қажет.
ҚК-нің 412-1-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет орташа ауырлықтағы қылмысқа жатады.
ҚК-нің 412-1-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
**Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі қызмет Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама