189-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нысандары ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру анықтау, алдын ала тергеу нысанында және хаттамалық нысанда жүргізіледі.
2. Анықтау нысанындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді осы Кодекстің 191-бабының екінші – он екінші, жиырма бесінші және жиырма алтыншы бөліктерінде көрсетілген қылмыстар бойынша қылмыстық қудалау органы жүргізеді.
3. Алдын ала тергеу нысанындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру осы Кодекстің 32-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қоспағанда, осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген қылмыстар бойынша, кәмелетке толмағандар немесе дене бітімінің немесе психикасының кемістіктеріне байланысты өзінің қорғалу құқығын өздері жүзеге асыра алмайтын адамдар жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ қылмыс жасады деп күдік келтірілген адам белгісіз болған анықтау істері бойынша жүзеге асырылады.
4. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша анықтау органының бастығы осы Кодекстің 526-бабында белгіленген мерзімдерде іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайлардың толық және жан-жақты анықталуын қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, бір тәулік ішінде прокурорды хабардар ете отырып, осы баптың үшінші және бесінші бөліктерінде көзделген тәртіппен анықтауды не алдын ала тергеуді тағайындауға міндетті.
5. Анықтау органының бастығы осы Кодекстің 192-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімде істің мән-жайының жеткілікті және толық зерттелуін қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайларда да алдын ала тергеу жүргізуді тағайындауға құқылы.
6. Қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 191-бабының он алтыншы – жиырма төртінші бөліктерінде көзделген қылмыстық теріс қылықтар бойынша, сондай-ақ сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру істері және анықтау істері бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді.
Ескерту. 189-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы