281-бап. Жеке-дара және комиссиялық сараптама ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сараптаманы сарапшы жеке-дара не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бiр мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргiзедi.
3. Есiнiң дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн кемiнде үш сарапшы тағайындалады.
4. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді тәуелсіз және дербес түрде толық көлемінде жүргізеді. Сараптама комиссиясының мүшелерi алынған нәтижелердi бiрлесiп талдайды және ортақ пiкiрге келгенде қорытындыға не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарға қол қояды. Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда, олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр бөлiгi жеке қорытынды бередi не пiкiрi комиссияның басқа мүшелерiнiң қорытындыларына сәйкес келмеген сарапшы оны қорытындыда жеке тұжырымдайды.
5. Қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының комиссиялық сараптама жүргiзу туралы қаулысы сот сараптамасы органының басшысы үшiн мiндеттi. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы