90-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлері
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының мынадай түрлерін тағайындай алады:
а) психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлеп бақылауы және емдеуі;
б) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
в) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
г) қарқынды бақылауы бар мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу.
2. Есі дұрыстық жағдайында қылмыс жасағаны үшін сотталған, бірақ алкоголизмнен, нашақорлықтан (уытқұмарлықтан) емделуді не есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылуларды емдеуді қажет ететін адамдарға сот жазамен қатар психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлеп бақылауы және емдеуі түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындай алады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамға қауіпті әрекеттерді есі дұрыс еместік жағдайында жасаған немесе мұндай әрекеттерді есі дұрыстық жағдайында жасағанымен, өз әрекеттеріне есеп бере алу немесе оларды басқара алу мүмкіндігінен айыратын психикалық ауруға шалдыққан адамдарға, сондай-ақ қылмыс жасап, есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылулардан зардап шегетін адамдарға, сонымен қатар қылмыс жасап, алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуді қажет етеді деп танылған адамдарға сот мынадай медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдана алады:
а) психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлеп бақылауы және емдеуі;
б) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
в) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;
г) қарқынды бақылауы бар мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу (ҚР ҚК-нің 90-бабы).
Қауіпті әрекеттер жасаған науқастарды ұстаудың қарапайым, орташа немесе барынша жоғары қауіпсіздік дәрежесі және сараланған режимдері бар психиатриялық ауруханалардың немесе бөлімшелердің осындай түрлері бірқатар Еуропа елдерінің (Ұлыбритания, Франция, Германия және т.б.) заңнамасында көзделген.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының тиісті түрін таңдау сот арқылы емделуді қажет ететін адамның жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілігі, сондай-ақ субъектінің қауіптілік дәрежесі ескеріле отырып жүзеге асырылады. Оның бойындағы психикалық бұзылудың сипаты да ескеріледі. Соңғы екі мән-жай сарапшы-психиатрлардың көмегімен анықталады.
Емделуді қажет ететін адамның жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілігін анықтау кезінде әрекеттің сипаты, оны жасау тәсілі, пайдаланылған құралдар мен қарулар, әрекеттің себептері мен мақсаттары және басқа да мән-жайлар ескеріледі. Адамның қауіптілік дәрежесі оның психикалық жай-күйі бойынша бағаланады, өйткені көбінесе осы жағдай оның құқыққа қайшы мінез-құлқының себебі болып табылады. Бұл ретте агрессивті мінез-құлықпен қатар жүретін ауру жағдайының тұрақтылығы мен қайталану жиілігі, айналасындағыларға қатысты өшпенділік танытуға бейімділігі және басқа да факторлар ескеріледі.
Психикалық ауруға шалдыққан адамның қауіптілігі деп психопатологиялық көріністері нақты жағдайға сәйкес келмейтін, дұрыс емес мінез-құлықты туындататын, соның салдарынан айналасындағыларға немесе науқастың өзіне дене немесе мүліктік зиян келтірілуі мүмкін болатын психикалық жай-күй түсініледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1999 жылғы 9 шілдедегі «Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы» қаулысында былай делінген: «Адамның өзі немесе айналасындағылар үшін қауіпті екендігін психикалық бұзылудың сипаты мен тереңдігі, осыған байланысты оның басқа адамдарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға немесе өзіне зиян келтіруге, өзге де қоғамға қауіпті әрекеттерді (ұрлық, өрт қою, мүлікті жою немесе өзге де тәсілдермен бүлдіру және т.б.) жасауға бейімділігі, сондай-ақ науқастың өзінің қоғамға қауіпті ниеттерін жүзеге асыру мүмкіндігі бағаланатын оның дене жағдайы айғақтай алады».
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бірінші түрі – психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлеп бақылауы және емдеуі.
а) Психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлеп бақылауы және емдеуі дегеніміз – егер адамға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрлері қолданылса, оны тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық психиатриялық бақылауға жіберу. Медициналық сипаттағы осы шара қолданылған адам тағайындалған емді алу үшін психоневрологиялық мекемеге жүйелі түрде барып тұруға міндетті. Амбулаториялық мәжбүрлеп бақылау және емдеу медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының басқа түрлерімен салыстырғанда аз шектеулерді көздейді, бұл пациенттің әлеуметтік байланыстарын сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, егер адам белгіленген бақылау режимін сақтамаса, емделуден бас тартса, мұндай адам денсаулық сақтау органдары арқылы стационарлық емдеу режиміне ауыстырылуы мүмкін.
б) Жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу сот тағайындайтын және стационарлық емдеуді жүзеге асыратын психиатриялық мекемелерде қолданылатын медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы болып табылады.
1997 жылғы 16 сәуірдегі ҚР «Психиатриялық көмек және оны көрсету кезіндегі азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктер туралы» Заңының 29-бабында адамдарды психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу негіздері айқындалған. Оларға мыналар жатады:
1) айналасындағыларға және науқастың өзіне тікелей қауіп төндіруі;
2) адамның дәрменсіздігі, яғни негізгі өмірлік қажеттіліктерін өз бетінше қанағаттандыра алмауы, тиісті күтімнің болмауы;
3) егер адам психиатриялық көмексіз қалдырылса, психикалық жай-күйінің нашарлауы салдарынан денсаулығына елеулі зиян келуі.
Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді тек осы негіздер болған жағдайда ғана тағайындауға болады.
в) Сот тағайындаған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу мәжбүрлеп емдеуді жүргізуге мамандандырылған стационарларда жүзеге асырылады. Мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарлардағы пациенттерді ұстау режимі науқастарды мәжбүрлеп емдеуге және бақылауға бағытталған бақылау-қадағалау шараларын жүзеге асырудан тұрады.
г) Сот айқындаған қарқынды бақылауы бар мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қарқынды бақылаумен мәжбүрлеп емдеуді жүргізуге толық бейімделген мекемелерде жүзеге асырылады.
Аталған психиатриялық стационарлардың басты мақсаты пациенттерді ұстау үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. Бақылау-қадағалау шараларымен қатар, оларда күзет бөлімдерінің қызметі көзделген. Күзет бөлімдерінің қызметі пациенттерді тұрақты бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ психиатриялық стационарлардың өзін күзетуге бағытталған.
Түсіндіріліп отырған норманың 2-бөлігінде қылмыс жасаған, оларға жазаға қосымша ретінде психиатрдың амбулаториялық мәжбүрлеп бақылауы және емдеуі қолданылатын адамдардың санаттары айқындалған.
Есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылулардан зардап шегетін адамдарға, сондай-ақ қылмысты есі дұрыстық жағдайында жасағанымен, алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуді қажет етеді деп танылған адамдарға қатысты, егер оларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылған болса, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары бас бостандығынан айыру жазасын өтеу орны бойынша орындалады.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды медициналық-санитариялық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабында айқындалады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Авторы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі БОРЧАШВИЛИ И.Ш.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған жері: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: new
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктемелер, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы, Нормативтік құқықтық актілер.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау