Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 91-бабына түсініктеме. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздері
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын сот мына адамдарға тағайындауы мүмкін:
1) осы Кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген іс-әрекеттерді есі дұрыс емес күйде жасаған адамдарға;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін жаза тағайындауды немесе оны орындауды мүмкін етпейтін психикалық бұзылушылыққа ұшыраған адамдарға;
3) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарға;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж деп танылған адамдарға;
5) он сегіз жастан асқан, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикалық бұзылушылықтар осы адамдардың өзге де елеулі зиян келтіру мүмкіндігімен не өзіне немесе басқа адамдарға қауіп төндіруімен байланысты болған жағдайларда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындау тәртібі Қылмыстық-атқару кодексімен және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасымен айқындалады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) – 4) тармақтарында көрсетілген және психикалық жай-күйі бойынша қауіп төндірмейтін адамдарға қатысты сот қажетті материалдарды осы адамдарды емдеу немесе оларды Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртіппен психоневрологиялық ұйымдарға жіберу мәселесін шешу үшін денсаулық сақтау органдарына бере алады.
7-бөлімде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану регламенттеледі. Онда қамтылған нормалар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздерін, мақсаттарын, түрлерін, оларды іске асыру және қолдануды тоқтату тәртібін айқындайды. Бұл шаралардың өзіндік мақсаты мен мазмұны бар, олар өздерінің ерекше табиғатын айқындайды.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары жаза болып табылмайтын қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларға жатады. Қылмыстық кодекстің 2-бабының 2-бөлігінде заң шығарушы өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары туралы айтқанда, дәл осы медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын меңзейді.
Олар жаза болып табылмайды, өйткені Қылмыстық кодекстің 40-бабында қамтылған жазалардың түрлері тізбесіне кірмейді. Жазадан айырмашылығы, олар өздеріне қатысты қолданылатын адамдарда сотталғандық жағдайын туындатпайды. Олар жазадан қолдану мақсатымен және мемлекеттің атынан теріс баға беруді білдірмейтіндігімен ерекшеленеді. Бұл шараларда жазалау элементі жоқ, олар әділеттілікті қалпына келтіру, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамды түзеу мақсатын көздемейді, сондай-ақ оларды қолдану және денсаулық жағдайын ескере отырып, олардан босату тәртібімен ерекшеленеді.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары да жаза сияқты мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының бір түрі болып табылады, оларды қолдану осы шаралар тағайындалған адамдардың құқықтарын шектеумен байланысты. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдардың құқықтарын шектеу олардың кейбірін қоғамнан оқшаулаудан және психиатриялық емдеу мекемесіне мәжбүрлеп орналастырудан немесе психиатр дәрігердің мәжбүрлі амбулаториялық бақылауы мен емдеуінен тұрады. Бұл адамдарға емделу кезеңінде медициналық мекемеден шығуға, ал жекелеген жағдайларда туыстарымен және жақындарымен кездесуге тыйым салынады.
1966 жылғы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9, 17-баптарына сәйкес, әрбір адамның бостандыққа және жеке басына қол сұғылмаушылыққа құқығы бар екендігі және ешкімнің жеке өміріне ерікті немесе заңсыз араласуға болмайтындығы белгіленген. Халықаралық-құқықтық құжаттар психикалық ауруды анықтау қағидаттарын да белгілейді, бұл адамның психикалық денсаулығы мен денсаулық жағдайын сылтау етіп оның құқықтарының бұзылуы туралы мәселені шешуде волюнтаристік тәсілді (объективті мән-жайлар мен ықтимал салдарларды ескермей, қалаған мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылу) едәуір дәрежеде болдырмайды.
Мысалы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1991 жылғы 17 желтоқсандағы № 46/119 «Психикалық ауру адамдарды қорғау және психиатриялық көмекті жақсарту туралы» қарарының «Психикалық ауруды диагностикалау» деп аталатын 4-қағидатында тиісті қағидалар бекітілген:
Психикалық аурудан зардап шегеді деген диагноз халықаралық деңгейде танылған медициналық стандарттарға сәйкес қойылады;
Психикалық аурудың бар екендігі туралы диагноз ешқашан саяси, экономикалық немесе әлеуметтік жағдайға не қандай да бір мәдени, нәсілдік немесе діни топқа тиесілі болуына немесе психикалық денсаулық жағдайына тікелей қатысы жоқ кез келген басқа себепке негізделіп қойылмайды;
Отбасылық немесе қызметтік жанжал не тиісті адам тұратын қоғамда басым болатын моральдық, әлеуметтік, мәдени немесе саяси құндылықтарға немесе діни көзқарастарға сәйкес келмеу ешқашан психикалық ауру диагнозын қою кезінде айқындаушы фактор бола алмайды;
Өткен кезеңдегі емделу немесе пациент ретінде ауруханаға жатқызылу туралы мәліметтер өздігінен қазіргі уақытта немесе болашақта психикалық ауру диагнозын қоюды ақтай алмайды;
Ешбір адам немесе орган психикалық ауруға тікелей қатысы бар мақсаттардан немесе психикалық аурудың салдарларынан басқа мақсаттар үшін қандай да бір адамның психикалық аурудан зардап шегетінін жариялай алмайды немесе қандай да бір өзге тәсілмен көрсете алмайды.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары науқас адамның, оның туыстарының немесе жақындарының қалауы немесе қаламауына қарамастан тағайындалады.
Жалпы ереже бойынша медициналық көмек ерікті негізде, пациенттің немесе оның жақындарының келісімімен және өтініші бойынша көрсетіледі. Алайда Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 137-бабы пациенттің келісімінсіз мынадай адамдарға медициналық көмек көрсетуге жол береді:
өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін шок, коматоздық күйде болған адамдарға;
айналадағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдарға;
ауыр психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға;
қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларына ұшыраған адамдардың да белгілі бір құқықтары бар екенін атап өткен жөн. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 164-бабында психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды олардың заңды өкілдері жүзеге асыратыны белгіленген. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін медициналық ұйым, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 166-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адвокатты немесе заңды өкілді шақыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздері де, осындай нормалар қолданылатын адамдардың санаттары да айқындалады.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздері мыналар болып табылады:
қоғамға қауіпті іс-әрекет жасау кезінде психикалық бұзылушылықтың болуы немесе одан кейін психикалық бұзылушылықтың пайда болуы не қылмыстық құқық бұзушылықты алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж есі дұрыс адам немесе кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 18 жастан асқан адам жасауы;
осы адамның әрекеті үшін жауаптылықтың қылмыстық заңнамада көзделуі.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартылған адамдарға қолданылу ерекшелігіне ие екенін ескере отырып, заң шығарушы бұл саланы егжей-тегжейлі регламенттеген.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын азаматтардың бірінші санатына есі дұрыс емес адамдар жатады (ҚК-нің 91-бабы 1-бөлігінің 1) тармағы) — ҚК-нің Ерекше бөлімінде көзделген қоғамдық қауіпті іс-әрекетті жасаған кезде есі дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауру, психиканың уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психиканың өзге де дертке шалдыққан күйі салдарынан өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адамдар (ҚК-нің 16-бабы). Бұл адамдар психикалық ауруына байланысты өз әрекеттерінің нақты сипатын (түнде адамдар ұйықтап жатқан үйді өртей отырып, адам жарық шоуын ұйымдастырып жатырмын деп есептейді), сондай-ақ олардың қоғамдық қауіптілігін (зияндылығын), яғни қандай да бір нақты игіліктерге, мүдделерге, құндылықтарға нақты зиян келтіруді немесе осындай зиян келтірудің нақты қаупін ұғына алмайды. Қылмыстық құқық бұзушылықты есі дұрыс емес күйде жасау адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудан және жазадан босататын мән-жай болып табылады.
Есі дұрыс еместікке әкеп соқтыратын психикалық ауруларға үдемелі сал ауруы, шизофрения, маниакальды-депрессиялық психоз, делирий, патологиялық мас болу, имбецильдік, идиотия, соматикалық сипаттағы психикалық бұзылулар және т.б. жатады. Сот практикасы мәжбүрлеп емдеуге жіберілетін адамдардың арасында есі дұрыс емес адамдардың басым көпшілікті құрайтынын көрсетеді.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын адамдардың екінші санатына қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін жаза тағайындауды немесе оны орындауды мүмкін етпейтін психикалық бұзылушылыққа ұшыраған азаматтар жатады (ҚК-нің 91-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы). Бұл жағдайда қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезінде өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғынған және оған ие болған, ал қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаннан кейін психикалық бұзылушылыққа шалдыққан адамдар туралы сөз болып отыр. Жасалған әрекет қылмыстық деп танылады және оны жасаған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады, бірақ ол жаза тағайындаудан немесе жазаны орындаудан босатылуы мүмкін.
Жазадан босату немесе жазаны орындау мәселесі психикалық аурудың басталу уақытына байланысты шешіледі. Мәселен, егер психикалық бұзылушылық осындай адамға қатысты үкім заңды күшіне енгенге дейін туындаса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу емделу кезеңіне тоқтатыла тұрады және мұндай адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Бұл жағдайда мәжбүрлеп емдеу сауыққанға дейін немесе психикалық жай-күйі жақсарғанға дейін тағайындалады. Сауыққаннан кейін істі тоқтата тұру туралы қаулының күші жойылады және іс жалпы тәртіппен тергеледі.
Егер өз әрекеттеріне есеп бере алу немесе оларды басқара алу мүмкіндігінен айыратын психикалық ауру адамда жазасын өтеу кезеңінде пайда болса және жазаны орындау мүмкін болмаса, онда мұндай адамға да медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалады. Бұл жағдайда мәжбүрлеп емдеу сауыққанға дейін немесе психикалық жай-күйі жақсарғанға дейін тағайындалады. ҚК-нің 97-бабының 2-бөлігіне сәйкес, адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылған уақыт психиатриялық стационарда болған бір күнді бас бостандығынан айырудың бір күніне немесе қамаққа алудың бір күніне есептеу арқылы жазаны өтеу мерзіміне есептеледі. Мұндай адам сауыққан жағдайда, егер ескіру мерзімдері өтіп кетпесе немесе оны қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіздер болмаса, сот оған жаза қолдануы мүмкін.
Психикалық бұзылушылықтары бар адамдардың бірінші санатынан айырмашылығы, олардың әрекеттерінде қылмыс субъектісі болмағандықтан қылмыстық жауаптылықтан босатылатын болса, психикалық бұзылушылығы әрекет жасағаннан кейін пайда болған адамдар қылмыс жасаған болып есептеледі және ҚК-нің 75-бабына сәйкес жауаптылықтан емес, жазадан босатылады. Сауыққаннан кейінгі құқықтық салдарлар ҚК-нің 75-бабының 3-бөлігінде айқындалған, сондықтан жазадан босату түпкілікті болмауы мүмкін.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын азаматтардың үшінші санатына қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдар жатады (ҚК-нің 91-бабы 1-бөлігінің 3) тармағы). Көрсетілген адамдар психикалық бұзылушылыққа байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық көлемде ұғына алмаған немесе оларға толық көлемде ие бола алмаған. Мұндай адамдар қылмыстық құқық бұзушылық субъектілері болып табылады және қылмыстық жауаптылыққа тартылады, өйткені оларда бар психикалық бұзылушылық есінің дұрыстығын жоққа шығармайды. Есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылушылық мұндай адамдарға жаза тағайындау кезінде сотпен жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріледі және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауға негіз болуы мүмкін (ҚК-нің 17-бабы). Есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылушылықтарға құрсақішілік даму бұзылыстарынан туындаған құрылымдық және функционалдық ауытқулар (олигофрения, ядролық психопатиялар), шеткі психопатиялар, жарақаттық этиологиядағы орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануынан кейінгі қалдық құбылыстар, психофизиологиялық деңгейге жетпеген және есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын, бірақ тұлғалық өзгерістерге, соның салдарынан ауытқушылық мінез-құлыққа әкеп соқтыратын психикалық қызметтің басқа да бұзылушылықтары жатады. Мұндай адамдарға психиатр дәрігердің амбулаториялық мәжбүрлі бақылауы мен емдеуі түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары жазамен қатар тағайындалады, бас бостандығынан айыруға сотталғандарға жазаға қосымша ретінде бас бостандығынан айыру орындарында, ал жазаның өзге түрлеріне сотталғандарға денсаулық сақтау органдарының ұйымдарында тағайындалады, онда оларға амбулаториялық психиатриялық көмек көрсетіледі.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын адамдардың төртінші санатына қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж деп танылған адамдар жатады (ҚК-нің 91-бабы 1-бөлігінің 4) тармағы). ҚК-нің 18-бабына сәйкес, алкогольді, есірткі құралдарын, психотроптық немесе басқа да есеңгірететін заттарды тұтынудан туындаған масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын адамдардың бесінші санатына кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған он сегіз жастан асқан адамдар жатады.
Алкоголизм мен нашақорлықтың қоғамдық қауіптілігі жоғары екенін, оларды емдеудің күрделілігі созылмалы маскүнемдер мен нашақорлардың дәрігерлік көмексіз аурудың дамуын өздігінен тоқтата алмайтындығымен байланысты екенін ескеру қажет. Ішімдікті саналы түрде тоқтату аурудың бастапқы кезеңдерінде ғана мүмкін болады. Әдетте, маскүнемдер мен нашақорлар емделуден жалтарады (соңғылары одан да көп дәрежеде). Көп жағдайда сырттан емделуге мәжбүрлеу қажет. Көбінесе мұндай мәжбүрлеу науқастарды мәжбүрлеп емдеуге орналастыру түрінде көрініс табады. Көрсетілген адамдарға психиатр дәрігердің амбулаториялық мәжбүрлі бақылауы мен емдеуі түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары жазаға қосымша тағайындалады. Бұл шаралар сотталғандар жазасын өтеп жатқан жерде орындалады. Алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж адамдарға мәжбүрлеп емдеу нарколог-сарапшылардың қорытындысы негізінде тағайындалады. Көрсетілген санаттағы адамдарға мәжбүрлеп емдеу олардың қылмыстық құқық бұзушылықты қандай күйде жасағанына қарамастан тағайындалады. Ең бастысы, адамның осындай емделуге мұқтаж екенін анықтау қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі «Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 3-тармағында: «Соттар адамның өз әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алу және оларға ие болу мүмкіндігінен айырылған психикалық ауруының болуы өздігінен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіз болып табылмайтынын ескеруі тиіс. Осыған байланысты әрбір іс бойынша қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттің жасалғаны дәлелденген- дәлелденбегенін, адам оны жасау кезінде есі дұрыс емес күйде болған-болмағанын тексеру қажет. Бұдан басқа, психикалық бұзылушылықтарына байланысты адамның өзіне немесе басқа адамдарға қауіп төндіретінін, оның өзге де елеулі зиян келтіру мүмкіндігін куәландыратын нақты деректер анықталуға тиіс», — деп көрсетілген.
Қылмыстық іс бойынша психикалық тұрғыдан толыққанды емес екендігіне күмән келтіруге негіз болатын мән-жайлар анықталған кезде, қылмыстық іс қозғалған және қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатқан адамға міндетті түрде сот-психиатриялық сараптама тағайындау қажет екенін ескеру керек. Мұндай мән-жайларға күдіктінің, айыпталушының отбасында психикалық ауру туыстарының болуы туралы деректер, оның ақыл-есі кем адамдарға арналған оқу орнында оқығаны, бұрын жарақат алғаны, психиатриялық ауруханаларда есепте тұрғаны немесе емделгені, бұрын психикалық бұзылушылыққа байланысты қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылғаны және т.б. туралы мәліметтер жатуы мүмкін.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде ҚК-нің 91-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикалық бұзылушылықтар осы адамдардың өзге де елеулі зиян келтіру мүмкіндігімен не өзіне немесе басқа адамдарға қауіп төндіруімен байланысты болған жағдайларда ғана тағайындалатыны туралы өте маңызды ереже қамтылған (ҚК-нің 91-бабының 2-бөлігі). Бұл шараларды тағайындау кезінде, ең алдымен, жасалған әрекеттің ауырлығы емес, осы адамдардың өздері үшін де, айналасындағылар үшін де ықтимал қауіптілігі ескеріледі.
Осыған байланысты сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау туралы қаулыда сарапшылардың алдына адамның бұрын психикалық бұзылушылықтары болған-болмағанын, заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған кездегі немесе тергеу барысында не істі сотта қарау кезіндегі психикалық ауруының дәрежесі мен сипатын анықтауға, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған сәттегі адамның есінің дұрыстығын, алдын ала тергеу немесе сот талқылауы кезеңінде қылмыс жасағаннан кейінгі не сот үкімі бойынша қылмыстық жазасын өтеу кезінде күдіктінің, айыпталушының психикалық жай-күйін, сондай-ақ психикалық бұзылушылықтың сипаты мен тереңдігін анықтауға мүмкіндік беретін сұрақтар қою қажет. Сарапшылардың алдына анықталған ауруды ескере отырып, адамның өзіне және басқа адамдарға қауіп төндіретін-төндірмейтінін, өзге де елеулі зиян келтіруге қабілетті-қабілетсіз екенін, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануға және оның нақты қандай түріне мұқтаж екенін, сондай-ақ психикалық ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесін ескере отырып, адамның ҚПК-нің 515-бабының 1-бөлігінде көрсетілген түсініктемелер беруге, өтінішхаттар мәлімдеуге, дәлелдемелер ұсынуға және басқа да әрекеттерді жүзеге асыруға қабілетті-қабілетсіз екенін анықтау жөнінде де сұрақтар қою қажет. Егер қылмыстық істе адамның спирттік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық немесе өзге де есеңгірететін заттарды жүйелі түрде тұтынатыны туралы деректер болса, қылмыстық процесті жүргізетін органдар мұндай адамдарды куәландыру туралы қаулы шығаруға және іс материалдарына осы адамның алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емделуге мұқтаж-мұқтаж еместігі және бұған қарсы көрсетілімдердің бар-жоғы туралы медициналық комиссияның қорытындысын қоса тіркеуге тиіс (ҚР ЖС НҚ 1999 жылғы 9 шілдедегі қаулысының 4-тармағы).
Демек, мәжбүрлеп емдеуді қолдану соттың құқығы болып табылады, ал сөзсіз міндеті емес. Ол екі жағдайда қолданылуы мүмкін және қолданылуға тиіс: егер адам өзі жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтан бөлек, психикалық бұзылушылыққа, алкоголизмге, нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа байланысты өзге де елеулі зиян келтіруге қабілетті болса (мысалы, мүлікті жою, үйді өртеу) немесе өзінің жай-күйі мен мінез-құлқына байланысты өзіне не басқа адамдарға қауіп төндірсе (агрессияның өршуі, өзін-өзі ұстай алмау).
Осылайша, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздерінде жиынтығы оларды қолдануға жеткілікті болып табылатын үш элементті бөліп көрсетуге болады, ал олардың ең болмағанда біреуінің болмауы бұл шараларды қолдануды жоққа шығарады: 1) адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаған фактісі; 2) осы адамда психикалық аурудың не алкоголизмнің, нашақорлықтың немесе уытқұмарлықтың болуы; 3) өзіне немесе айналасындағыларға зиян келтіру қаупін туындататын психикалық жай-күйіне байланысты мұндай адамды емдеу қажеттілігі.
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігіне сәйкес, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындау тәртібі Қылмыстық-атқару кодексімен (ҚАК-нің 26-бабы) және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасымен айқындалады.
Егер түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінің 1)–4) тармақтарында көрсетілген адам психикалық жай-күйі мен өзі жасаған қоғамдық қауіпті әрекеттің сипаты бойынша қоғамға қауіп төндірмейді деп танылса, сот қажетті материалдарды осы адамдарды емдеу немесе оларды Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртіппен психоневрологиялық ұйымдарға жіберу мәселесін шешу үшін денсаулық сақтау органдарына бере алады. Денсаулық сақтау органдары амбулаториялық бақылауды немесе стационарлық емдеуді тағайындай алады. Мұндай шешім медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 6-тармағында ҚПК-нің 14, 279-баптарына сәйкес, күзетпен ұстаудағы айыпталушыны, күдіктіні сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру тергеушінің қаулысында бұл туралы нұсқау болған жағдайда жүзеге асырылатыны, ал күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға орналастыру оның келісімімен, ал ол болмаған жағдайда сот қаулысы бойынша жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Көрсетілген қаулының 5-тармағында адамды бір әрекетіне қатысты есі дұрыс емес деп тану оның басқа әрекетті жасаған кезде есі дұрыс деп танылу мүмкіндігін жоққа шығармайтыны түсіндіріледі. Осыған байланысты бұрын есі дұрыс емес деп танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам қылмыстық заңмен тыйым салынған жаңа әрекет жасаған жағдайда, әрбір эпизод бойынша жаңа жасалған әрекетке қатысты адамның есінің дұрыстығын немесе есі дұрыс еместігін анықтау мақсатында сот-психиатриялық сараптама тағайындап, жүргізу қажет. Қажет болған жағдайларда стационарлық сот-психиатриялық сараптамалар жүргізу тағайындалуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ішкі істер органдарының қызметкері.*
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар