Өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғандары үшін кінәлі деп танылған
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2019 жылғы 14 мамырдағы үкімімен: М. бұрын сотталмаған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 188-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарымен 3 жылға бас бостандығын шектеуге сотталған. А. бұрын сотталмаған ҚК-нің 188-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарымен 3 жылға бас бостандығын шектеуге сотталған. ҚК-нің 62-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сотталған М.-ға 2019 жылғы 5-24 қаңтар аралығында және А.-ға 2019 жылғы 5-10 аралығында қамауда болған мерзімдері бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға бір күнге бір күн есебімен есептеліп, тағайындалған жазаның 1 ай 3 күн мерзімі өтелген деп есептелген. Сот үкімімен М. мен А. 2018 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың қаңтар айы аралығында адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін бірнеше рет жасырын жымқырғандары үшін кінәлі деп танылған. Үкім апелляциялық тәртіппен қаралмаған. Бас Прокурор наразылығында сотталғандардың іс-әрекетінің саралануы мен дәлелденуін дауламай, оларға жаза тағайындау барысында қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауына байланысты сот үкімін өзгертуді сұраған. Сотталғандар М. мен А.-ның айыбына тағылған қылмысты жасағандары туралы кінәсі басты сот талқылауында егжей-тегжейлі, мұқият тексеріліп, тиісті бағасын алған дәлелдемелердің жиынтығымен толық бекітілген. Сонымен соттың сотталғандар М. мен А.-ның әрекеттерін ҚК-нің 188-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарымен саралаған тұжырымы негізді және дұрыс, бұл мән-жай наразылықта да дауланбайды. Алайда прокурордың наразылықта көрсеткен уәждері орынды, сондықтан қанағаттандыруға жатады. Үкімге сәйкес М. мен А.-ға жаза тағайындау барысында сот олардың кінәсін толық мойындағанын, шын ниетпен өкінуін сотталғандардың жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар, ал олардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп таныған. ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің 1) тармағында жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңілдететін мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшерінің онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде жартысынан асыруға болмайды делінген.
Өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғандары үшін кінәлі деп танылған
Сотталғандар М. мен А.-ның қылмыстық әрекеті сараланған ҚК-нің 188-бабының екінші бөлігінің санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Демек ҚК-нің 11-бабының талабына сәйкес сотталғандар айыпты деп танылған қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығы орташа қылмыс санатына жатады. Ендеше сотталғандар М. мен А.-ға ҚК-нің 188-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарымен тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасының мөлшері ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің 1) тармағының негізінде 2 жыл 6 айдан аспауы тиіс. Сондықтан үкім өзгертілуге, сотталғандарға тағайындалған жаза мөлшері төмендетілуге жатады. Сонымен қатар ҚК-нің 62-бабының үшінші бөлігіне сәйкес М. 2019 жылғы 5-24 қаңтар аралығында, ал А. 2019 жылғы 5-10 қаңтар аралығында қамауда болғандарын бас бостандығын шектеу түріндегі жаза мерзіміне – бір күнге бір күн есебімен есептеп, сот олардың әрқайсысының қамауда болған мерзімдеріне 1 ай 3 күн мерзімді артық есептеген. Қылмыстық іс материалдарынан анықталғандай, М. 2019 жылғы 5-24 қаңтар аралығында, яғни 20 күн, ал А. 2019 жылғы 5-10 аралығында, яғни 6 күн күзетпен ұстауда отырған. Ендеше соттың олардың жаза мерзіміне 1 ай 3 күн мерзімді есептегені негізсіз болып табылады. Сонымен бірге үкімнің уәждеу бөлігінде М. мен А. жасаған қылмыс «ауыр қылмыс» санатына жатады деп дұрыс көрсетілмегендіктен, ол да өзгертілуге жатады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған М. мен А.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, М. мен А.-ға ҚК-нің 188-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарымен тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасы ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес 2 жыл 6 айға дейін төмендетілді. ҚК-нің 62-бабының үшінші бөлігіне сәйкес М.-ға тағайындалған жазаның 20 күн мерзімі, А.-ға 6 күн мерзімі өтелген деп есептелді. Үкімнің уәждеу бөлігінде М. мен А. жасаған қылмыс «ауыр» қылмыс санатына жатады деген сөз «ауырлығы орташа» қылмыстар санатына жатады деп өзгертілді. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Бас Прокурордың наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы