Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 119-бабы. Процестік әрекеттердің хаттамаларына түсініктеме
1. Қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып осы Кодекстің қағидаларына сәйкес жасалған, қылмыстық процесті жүргізетін адам тікелей қабылдаған мән-жайларды, сондай-ақ қарап-тексеру, куәландыру, алып қою, тінту, ұстап алу, мүлікке тыйым салу, тану үшін көрсету, үлгілер алу, мәйітті эксгумациялау, айғақтарды сол жерде тексеру, құжаттарды ұсыну, тергеу эксперименті, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу, тергеу әрекеті барысында маман жүргізген заттай дәлелдемелерді зерттеу кезінде анықталған мән-жайларды куәландыратын тергеу әрекеттерінің хаттамаларында, сондай-ақ сот әрекеттерінің барысы мен олардың нәтижелерін көрсететін сот отырысының хаттамасында қамтылған нақты деректер танылады.
2. Дәлелдемелер ретінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы ауызша арызды қабылдау, ұсынылған заттар мен құжаттар, кінәсін мойындап келу, адамдарға олардың құқықтары мен оларға жүктелген міндеттерін түсіндіру кезінде жасалған хаттамаларда қамтылған нақты деректер пайдаланылуы мүмкін.
Қылмыстық іс бойынша жалпы дәлелдемелік ақпарат көлемінде анықтау және алдын ала тергеу барысында жасалатын тергеу әрекеттерінің хаттамалары елеулі орын алады. Тергеу және жасырын тергеу әрекеттерінің тізбесі ҚПК нормаларымен реттеледі және толық болып табылады (ҚПК-нің 26—35-тараулары баптарының нормаларына түсініктемені қараңыз). Тергеу әрекетін жүргізу барысында немесе ол аяқталғаннан кейін тікелей тергеу әрекетінің хаттамасын жасау сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізудің жалпы шарттарының біріне жатады (ҚПК-нің 199-бабы).
Тергеу әрекетінің хаттамасын дәлелдеме ретінде бағалау кезінде оның ҚПК-нің 119, 123, 199-баптарының талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. Егер тергеу әрекетінің хаттамасын жасау кезінде елеулі бұзушылықтарға жол берілсе (хаттамаға тергеуші, куәгерлер және т.б. қол қоймаған болса), онда ол жол берілмейтін дәлелдеме деп танылуға тиіс. Хаттамадағы тергеу әрекеттерінің анықтығы мен заңдылығына күмән келтірмейтін техникалық қателер (қате жазулар, түзетулер және т.б.) хаттаманы дәлелдеме ретінде жол берілмейді деп тануға негіз болып табылмайды (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 19-тармағы).
3. Тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен қатар, ҚПК-нің 119-бабының 1-бөлігінің нормасы хаттамаларға (іс бойынша дәлелдемелер көздеріне) басты сот талқылауының хаттамасын да жатқызады және оны жеке бөліп көрсетеді. Басты сот талқылауы барысында оның өту фактісін, барысы мен нәтижелерін көрсете отырып хаттама жүргізу қылмыстық процестің осы сатысының жалпы шарттарына да жатады (ҚПК-нің 347-бабы). Тергеу әрекеттерінің хаттамаларынан айырмашылығы, сот отырысында дәлелдемелерді зерттеу жөніндегі барлық сот әрекеттері басты сот талқылауының хаттамасында бекітіледі. Бұл заң шығарушы мен елдің Жоғарғы Сотының басты сот талқылауының хаттамасына беретін маңызын түсіндіреді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 11 «Сот отырысының хаттамасы туралы қылмыстық-процестік заң нормаларын қолдану туралы» нормативтік қаулысында сот отырысының хаттамасы сот қаулысының негізі болып табылатын процестік құжат екені, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық сатылардың сот процесіне қатысқан адамдардың құқықтарының, тараптардың жарыспалылығы, тең құқықтылығы қағидатының және қылмыстық сот ісін жүргізудің басқа да қағидаттарының сақталуы, жүргізілген сот талқылауының объективтілігі, толықтығы және жан-жақтылығы мәселелерін шешу кезінде пайдаланатыны көрсетілген (1-тармақ). Хаттамада сот отырысының өткізілген түрі, оның өткізілген орны, күні мен уақыты, соттың атауы мен құрамы, сот отырысына қатысқан басқа да адамдар туралы қажетті мәліметтер, мәлімделген өтінішхаттар, қарсылық білдірулер және олар бойынша қабылданған шешімдер, тараптар келтірген дәлелдер, қарап-тексерулер, зерделенген құжаттар, сараптамалар тағайындау, сотты құрметтемеу фактілері және сот отырысындағы тәртіпті өзге де бұзушылықтар, құқық бұзушыларға қатысты қабылданған шаралар, ҚПК нормаларына сәйкес жүргізілген басқа да процестік әрекеттер туралы толық әрі нақты ақпарат қамтылуға тиіс (2-тармақ).
Тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен басты сот талқылауының хаттамасынан басқа, ҚПК-нің 119-бабының 2-бөлігінің нормалары дәлелдемелік ақпаратты қамтуы мүмкін және жасалуы ҚПК-нің 110-бабымен, 122-бабының 4-бөлігімен, 181-бабының 2-бөлігімен, 182-бабының 2-бөлігімен реттелетін процестік, бірақ тергеу әрекеттеріне жатпайтын әрекеттердің хаттамаларын ажыратады. Мысалы, ҚПК-нің 122-бабының 4-бөлігіне сәйкес, іс бойынша дәлелдеме бола алатын заттар мен құжаттарды процеске қатысушылар тиісті өтінішхат мәлімдеу арқылы, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар ұсынуға құқылы. Мұндай жағдайларда заттар мен құжаттар бағаланғаннан кейін іске қоса тіркеледі, бұл туралы ұсынылған заттар мен құжаттар жөнінде хаттама жасалады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы – Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Указ Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар