44-бап. Тәртіптік теріс қылықтар және жазалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңы
1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.
2. Терiс себептермен қызметтен шығаруға алып келетін тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау, бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау да тәртіптік теріс қылықтар деп танылады.
3. Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
4-1) өз қызметін сайлану негізінде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету;
5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.
4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза, уақытша бос мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, мемлекеттік органдағы төмен тұрған келесі бос мемлекеттік лауазым болғанда және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.
Атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша қолданылады.
5. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11) және 12) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда – қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға әкеп соғады.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
6. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
7. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 9), 13), 14), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында және 2-тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
7-1. Басқа мемлекеттік саяси немесе әкімшілік лауазымға орналасқан мемлекеттік қызметші алдыңғы мемлекеттік лауазымда тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолдану мерзімдері ескеріле отырып тартылады.
8. Тәртіптік жазаны:
1) лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамдар (орган) қолданады;
2) бірінші тәртіптік жазаны қолдану заңды болған және тәртіптік жаза теріс қылықтың ауырлығына сай келген жағдайда нақ сол терiс қылық үшiн қайталап қолдануға болмайды;
3) тәртіптік жаза Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен қолданылады.
9. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімі бойынша құрылады.
Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі не орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі.
10. Тәртіптік жазаны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы