Мемлекеттік қызметшіні шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде заңсыз артықшылық көрсетті деп тәртіптік жауаптылыққа тарту
Мемлекеттік қызметшілерге көбінесе «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген тәртіптік теріс қылық – шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету кінәсі тағылып жатады.
Аталған норманың сөзбе-сөз мазмұнынан, біріншіден, мемлекеттік қызметші шешім қабылдау құқығына ие болуы тиіс, екіншіден, шешім қабылдау барысында ол ешқандай заңды негізсіз жеке немесе заңды тұлғаға артықшылық көрсетуі қажет екендігі туындайды.
«Артықшылық» ұғымы біреудің басқалармен салыстырғандағы басымдығын мойындауды білдіреді. Демек, егер біреуге артықшылық берілсе, онда дәл сондай мәселені шешуден бас тартылған басқа тұлға болуы керек.
И. Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы ретінде өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында ЖШС-ға қатысты ӘҚБтК-нің 281-бабы 5-бөлігінің 10) тармақшасында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша хаттамалар жасаған.
Әкімшілік істі Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік соты (бұдан әрі – МӘС) қарау кезінде И. мемлекеттік кірістер органдарының маманы ретінде іске қатыстырылған.
МӘС-тің 2020 жылғы 4 наурыздағы ұйғарымымен Басқармаға ЖШС қызметіне талдау жүргізу міндеті жүктелген. И. бөлім басшылығымен келісілген тиісті талдауды дайындап, сотқа ұсынған.
МӘС-тің 2020 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен ЖШС әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан іс бойынша өндіріс тоқтатылған.
Жамбыл облыстық сотының 2020 жылғы 6 қазандағы қаулысымен МӘС қаулысының күші жойылып, ЖШС ӘҚБтК-нің 281-бабы 5-бөлігінің 10) тармақшасында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл салынған.
Кейін Тараз қаласы прокурорының 2021 жылғы 6 қаңтардағы ұсынуы негізінде Басқарманың 2021 жылғы 2 ақпандағы бұйрығымен И. жоғарыда аталған әкімшілік істі қарау барысында ЖШС-ға заңсыз артықшылық көрсеткені үшін «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы бойынша толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
Аталған бұйрыққа И. сот тәртібімен дау айтқан.
Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандыра отырып, талапкердің сот отырысында қойылған сұрақтарға жауап беру кезінде заңды тұлғаға ешқандай артықшылық көрсетпегенін және іс бойынша процессуалдық шешім қабылдамағанын анықтаған.
Апелляциялық саты соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгерте отырып, талапкердің басшылықпен келіспестен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалардағы қорытындыларға қайшы келетін талдамалық анықтаманы сотқа ұсынуы арқылы ЖШС-ға артықшылық көрсеткенін және сол арқылы заңды тұлғаның әкімшілік жауаптылықтан жалтаруына жағдай жасағанын, соның салдарынан заңсыз сот қаулысы қабылданғанын көрсеткен.
Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыра отырып, И.-нің әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау, басшылықпен келісілген талдамалық анықтама дайындау және әкімшілік іс бойынша сот отырысына мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы ретінде қатысу әрекеттері оның лауазымдық міндеттеріне кіретінін атап көрсеткен.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шешімді сот барлық мән-жайлар мен дәлелдемелерді зерттеу нәтижесінде, сот төрелігін жүзеге асыру процесіне ешкімнің араласуынсыз қабылдаған.
Іс материалдарымен талапкердің сот шешімін дайындауға да, қабылдауға да қатыспағаны, ал оның түсініктемелері сот үшін айқындаушы мәнге ие еместігі анықталған. Сондықтан оларды заңды тұлғаға заңсыз артықшылық көрсету ретінде бағалауға болмайды (2022 жылғы 26 қаңтардағы №3гп-579 қаулы).
Осыған ұқсас негіздер бойынша Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Жамбыл облыстық сотының 2021 жылғы 17 тамыздағы қаулысының күші жойылып, Тараз қалалық сотының 2021 жылғы 11 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылған (№3гп-525).
Сондай-ақ Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 қарашадағы №3гп-411 қаулысымен Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотының 2022 жылғы 2 маусымдағы шешімі және Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысы күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Қостанай облысының соттарында қаралған бірнеше азаматтық іс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бірқатар қызметкерлері «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде жұмыстан шығарылғаны анықталған.
Талапкерлерге оң рульді көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына өткізуге жол беру және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын қабылдамау (басшылыққа хабарламау) арқылы жеке және (немесе) заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсеткені үшін мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасады деген кінә тағылған.
Жергілікті соттар олардың жұмыстан босату туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану, күшін жою және қызметке қайта алу жөніндегі талаптарын қанағаттандырған.
Соттар талапкерлердің лауазымдық міндеттері мен құзыретіне көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына өткізу туралы шешім қабылдау кірмейтінін, мұндай өкілеттіктер шекара қызметі органдарының құзыретіне жататынын көрсеткен.
Жауапкердің жазбаша пікірінде көрсетілген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша шешім қабылдау да талапкерлердің құзыретіне жатпаған.
Жоғарғы Сот бұл істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудан бас тартқан.
Е. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы әкімінің орынбасары және жер комиссиясының төрағасы болған. Аудан әкімінің өкімімен ол «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4), 5) және 11) тармақшаларын бұзғаны үшін қызметінен босатылған.
Даулы өкім Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде шығарылған. Шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру конкурсын өткізу кезінде Е. басшылық еткен комиссия тарапынан бірқатар өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған.
Мысалы, бір конкурста комиссия 5 балл жинаған қатысушыны жеңімпаз деп таныған, ал басқа қатысушы 20 балл жинаған. Басқа бір конкурста 1 балл жинаған қатысушыға артықшылық берілген, ал екінші қатысушы 20 балл алған.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен уақытша өтеулі жер пайдалану шарттары жарамсыз деп танылған. Сот комиссия мүшелерінің заң талаптарын бұзғанын анықтаған.
Е.-нің өкімді заңсыз деп тану туралы талабы қанағаттандырылмаған. Жоғарғы Сот судьясы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудан бас тартқан.
Бұл жағдайда Е.-нің әрекеттерінде конкурс нәтижелері бойынша шешім қабылдау кезінде жекелеген қатысушыларға заңсыз артықшылық беру арқылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген тәртіптік теріс қылық белгілері болғаны анық.
Осыған ұқсас негіздер бойынша Аягөз ауданы әкімінің орынбасары әрі жер комиссиясының төрағасы болған С.-нің жұмыстан босату туралы өкімнің күшін жою жөніндегі талабы да қанағаттандырылмаған.
Заңды күшіне енген сот шешімдерімен жер комиссиясы конкурс өткізу кезінде заң бұзушылықтарға жол бергені анықталып, бұл жалдау шарттарын жарамсыз деп тануға негіз болған.
Жер кодексінің 43-1-бабының 15-тармағына сәйкес жер комиссиясының конкурс қорытындылары туралы хаттамалық шешімі сотқа шағымданылуы мүмкін. Сотқа талап қою мұндай шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
Сондай-ақ конкурсқа қатысушылар конкурс нәтижесінде жасалған жалдау шарттарына да дау айтуға құқылы.
Осылайша, конкурс заңды немесе заңсыз өткізілгені және комиссия қандай бұзушылықтарға жол бергені туралы қорытындыны тек сот жасай алады. Сондықтан конкурс нәтижелерін заңсыз деп танитын сот актісі болмаған жағдайда, тексерушінің пікірімен ғана жасалған уәкілетті орган актісі комиссия мүшелерін тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін жеткіліксіз.
С. Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасына қарсы тәртіптік жаза туралы бұйрықты заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2020 жылғы 21 тамыздағы шешімімен талап қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алайда Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен бұл шешімнің күші жойылып, талап қанағаттандырылған.
Жоғарғы Сот судьясының 2021 жылғы 25 қаңтардағы қаулысымен апелляциялық сот қаулысын қайта қараудан бас тартылған.
Іс материалдарына сәйкес, С. басқарманың бас маманы болып жұмыс істеген.
2020 жылғы 24 маусымдағы бұйрықпен С.-ге «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Қызметтік тексеру материалдары бойынша прокуратура мемлекеттік сатып алулардың заңдылық жағдайына талдау жүргізіп, веб-портал мониторингінің нәтижесінде конкурстық комиссия мүшелері шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсеткен деген қорытындыға келген.
Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағымдануға құқылы.
Алайда әлеуетті өнім берушілер бұл құқықтарын пайдаланбаған, конкурстық комиссия әрекеттеріне шағым түсірмеген. Уәкілетті орган да сотқа жүгінбеген.
Конкурстың немесе конкурстық комиссия әрекеттерінің заңсыздығын, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу шарттарының жарамсыздығын растайтын сот актілері болмағандықтан, тексерушілердің комиссия мүшелері заңды тұлғалардың құқықтарын бұзды деген тұжырымдары дәлелденбеген.
Сондықтан бірінші сатыдағы соттың талапкердің мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны және оны тәртіптік жауаптылыққа тарту заңды болды деген қорытындылары мерзімінен бұрын жасалған деп танылған.
Соттылық
Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 26-бабына сәйкес осы санаттағы азаматтық істерді аудандық және оларға теңестірілген соттар қарайды.
М. Шығыс Қазақстан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жұмысқа қайта орналастыру туралы талап арызбен жүгінген.
Өскемен қалалық сотының 2021 жылғы 26 тамыздағы ұйғарымымен талап арыз мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың соттылығына жататындықтан қайтарылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл ұйғарымның күшін жоюға мынадай негіздер бар деп таныған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар қаралады. Ал ӘРПК-нің 3-бабы 7-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес қарау тәртібі азаматтық процестік заңнамамен белгіленген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралмайды.
Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар – билік пен бағыныстылық қатынастарына негізделген, тараптардың бірі екіншісіне қатысты жария өкілеттіктерге ие болатын қатынастардан туындайтын даулар.
Ал М.-нің талабы еңбек шартының бұзылуы туралы бұйрыққа дау айтуға, бұрынғы жұмысына қайта орналастыруға, жалақы өндіруге және моральдық зиянды өтеуге байланысты еңбек дауы болып табылады.
Осы мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының ұстанымы дұрыс деп танылуы тиіс.
Дәл осындай ұстанымды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да ұстанады. Оның 2022 жылғы 18 тамыздағы (№6ап/431) қаулысымен Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 желтоқсандағы және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 қаңтардағы ұйғарымдары күшінде қалдырылған.
Аталған сот актілерімен М.-нің Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қызметтік тексеру қорытындысы мен тәртіптік комиссия шешімін заңсыз деп тану туралы талабы ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасы негізінде қайтарылған, себебі іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.
Кассациялық саты соты төменгі соттардың актілерін күшінде қалдыра отырып, мынаны көрсеткен.
ӘРПК-нің 4-бабының 9) тармақшасына сәйкес әкімшілік талап қою – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Дауланып отырған қорытынды мен тәртіптік комиссия шешімі мемлекеттік органның жария-құқықтық қатынастар аясында қабылданған өкімдік актілері болып табылмайды, талапкер үшін құқықтар мен міндеттер туғызбайды және ұсынымдық сипатқа ие.
Сонымен қатар, бұл құжаттар талапкердің жұмыстан босату туралы бұйрыққа дау айтуына байланысты сот актілерінде дәлелдеме ретінде бағаланған.
Осы санаттағы даулардың соттылығы АПК-нің 29-бабында белгіленген жалпы ережелер бойынша анықталады, яғни талаптар жауапкердің орналасқан жеріндегі сотқа беріледі.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы К.-нің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарсы тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты жою жөніндегі іс бойынша Өскемен қалалық сотының шешімін күшін жойған, өйткені іс жауапкер орналасқан Астана қаласында қаралуға тиіс болған.
АПК-нің 30-бабының 12-бөлігіне сәйкес бірнеше жауапкерге қойылатын талап олардың бірінің орналасқан жері бойынша талапкердің таңдауы бойынша берілуі мүмкін.
Е. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаментіне және Қандыағаш станциясының полиция бөліміне қарсы бұйрықтың күшін жою туралы талап қойған.
Мұғалжар аудандық сотының ұйғарымымен іс Көліктегі полиция департаментінің орналасқан жері бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына жолданған.
Апелляциялық сот бірінші саты сотының ұйғарымын бұза отырып, іс бойынша екінші жауапкер Қандыағаш станциясының полиция бөлімі екенін, талапкердің сол органмен еңбек қатынастарында болғанын, сондықтан талапкердің талапты жауапкерлердің бірінің орналасқан жері бойынша беру құқығы бар екенін көрсеткен.
Мемлекеттік баж
Салық кодексінің 616-бабының 1) тармақшасына сәйкес жалақыны өндіріп алу және еңбек қызметіне байланысты басқа да талаптар бойынша талапкерлер соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Сондықтан мынадай талаптар бойынша мемлекеттік баж төленбейді:
- бұйрықты заңсыз деп тану және күшін жою;
- бұрынғы лауазымына қайта орналастыру;
- амалсыз бос жүрген уақыттағы жалақыны өндіріп алу;
- өзге төлемдерді (төленбеген жалақы, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы және т.б.) өндіріп алу.
Сонымен қатар еңбек заңнамасында моральдық зиянды өтеу мүмкіндігі көзделмегенін ескеру қажет. Мұндай талаптарды қанағаттандыру кезінде соттар Жоғарғы Соттың «Моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы соттардың қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 14-тармағын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабын және Азаматтық кодекстің 47-тарауының (951, 952-баптар) нормаларын басшылыққа алады.
Осыған байланысты моральдық зиянды өтеу туралы талаптар үшін мемлекеттік баж мүліктік емес талап ретінде айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 50 пайызы мөлшерінде алынады.
АПК-нің 117-бабына сәйкес талапкер төлеуден босатылған мемлекеттік баж және іс жүргізуге байланысты шығындар сот шығындарын төлеуден босатылмаған жауапкерден мемлекет кірісіне талап қанағаттандырылған бөлікке сәйкес өндіріледі.
Жоғарғы Соттың «Азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңнаманы соттардың қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес мемлекеттік баж мөлшерлемесі талапкердің жеке немесе заңды тұлға болуына қарай анықталады.
Сондықтан жалақы өндіру туралы талап қанағаттандырылған жағдайда жауапкерден мемлекет кірісіне талап сомасының 1 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж, сондай-ақ барлық мүліктік емес талаптар бойынша АЕК-тің 50 пайызы мөлшерінде баж өндіріледі.
АПК-нің 109-бабына сәйкес шешім пайдасына шығарылған тарапқа сот екінші тараптан барлық сот шығындарын өндіріп береді.
Егер заңды тұлғаның қызметкерге қарсы материалдық залалды өтеу туралы талабы қанағаттандырылса, қызметкерден талапкер пайдасына талап сомасының 3 пайызы мөлшерінде төленген мемлекеттік баж өндіріледі.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 22 ақпандағы №3 нормативтік қаулысымен Салық кодексінің 610-бабы 2-тармағындағы «осындай даулар бойынша әкімшілік талап қоюды, талап арызды (арызды) берген кезде» деген сөздер Конституцияның 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келмейді деп танылған.
Осыған байланысты 2023 жылғы 20 наурыздағы №213-VII Заңмен Салық кодексінің 610-бабына өзгерістер енгізілген.
Нәтижесінде материалдық залалды қызметкерден өндіру туралы сот актілеріне кассациялық шағым беру кезінде мемлекеттік баж жеке тұлғалар үшін белгіленген мөлшерлеменің 50 пайызы мөлшерінде, яғни талап сомасының 1 пайызы мөлшерінде алынады.
Дауды сотқа дейін реттеу тәртібі және сотқа жүгіну мерзімдері
Еңбек кодексінің 159-бабында жеке еңбек дауларын келісу комиссиясында қарау арқылы міндетті сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделген.
Алайда бұл нормада бірқатар ерекшеліктер бар.
Жеке еңбек дауларын қарау үшін келісу комиссиясын құру туралы талап арнайы заңдармен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттелетін қызметкерлерге, оның ішінде:
- әскери қызметшілерге;
- арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне;
- құқық қорғау органдары қызметкерлеріне;
- мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
Осылайша мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін еңбек дауларын шешудің міндетті сотқа дейінгі тәртібі көзделмеген.
А. Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасына қарсы бұйрықтың күшін жою туралы талаппен сотқа жүгінген.
Өскемен қалалық сотының 2021 жылғы 25 наурыздағы ұйғарымымен талап арыз АПК-нің 152-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы негізінде қайтарылған.
Сот дауды алдымен жауапкердің келісу комиссиясы қарауы тиіс деп көрсеткен.
Алайда Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл ұйғарымның Еңбек кодексінің 159-бабының талаптарына қайшы екенін дұрыс атап өткен.
Ал Алматы облыстық соты басқа көзқарасты ұстанған.
Қонаев қалалық сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы ұйғарымымен С.-нің Қонаев қаласының әкіміне қарсы жұмысқа қайта орналастыру туралы талабы қараусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл ұйғарымды өзгеріссіз қалдырған.
Соттар Еңбек кодексінің 159-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес даулар міндетті түрде келісу комиссиясында қаралуы тиіс деп есептеген.
Алайда олар бұл талаптың мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайтынын ескермеген.
Павлодар облыстық соты құқық қорғау органдарында келісу комиссияларын құруды заңнамалық деңгейде көздеуді ұсынған.
Алайда бұл ұсыныс даулы болып табылады, өйткені «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес құқық қорғау қызметінің негізгі қағидаттарының бірі дара басшылық пен бағыныстылық қағидаты болып табылады.
Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 4-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шешімдерін орындау мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.
Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін жоғары тұрған лауазымды адамдарға немесе органдарға бағыныстылық тәртібімен шағымдануды міндетті сотқа дейінгі тәртіп ретінде енгізу туралы ұсынысымен келісуге болады.
Қазіргі уақытта мұндай құқық баламалы тәсіл ретінде ғана көзделген.
Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес келісу комиссиясына жүгінбей-ақ сотқа жүгіне алатын тұлғалар үшін мынадай мерзімдер белгіленген:
- жұмысқа қайта орналастыру туралы даулар бойынша – еңбек шартын тоқтату туралы актінің көшірмесі тапсырылған немесе тапсырыс хатпен жіберілген күннен бастап үш ай;
- басқа еңбек даулары бойынша – қызметкер өз құқығының бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы бұйрығымен С. ішкі істер органдарынан босатылған.
2022 жылғы 11 ақпанда талапкер сотқа жүгінген.
Петропавл қаласының №2 сотының 2022 жылғы 11 наурыздағы шешімімен талап қанағаттандырудан бас тартылған.
Сот талапкердің Еңбек кодексінің 160-бабында белгіленген мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алғанын дұрыс анықтаған.
Сол сияқты Орал қаласының №2 сотының 2021 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен Ж.-нің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне қарсы жұмысқа қайта орналастыру туралы талабы қанағаттандырылмаған.
Талапкер 2017 жылғы 24 ақпандағы жұмыстан босату туралы бұйрыққа дау айтқан.
Жауапкер талап қою мерзімін қолдану туралы өтініш берген, ал талапкер мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерін ұсынбаған.
Бұл талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз болған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының талап қою мерзімін қалпына келтіру мәселесін шешкен кезде Азаматтық кодекстің 185-бабын басшылыққа алу қажет деген пікірімен келісуге болады.
Нормативтік база
Осы санаттағы істерді қарау кезінде қолданылуға тиіс негізгі нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі;
- Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі;
- Қазақстан Республикасының Салық кодексі;
- «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы;
- «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңы;
- «Ішкі істер органдары туралы» Заңы;
- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі;
- Мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау, ротациялау және тәртіптік жауаптылыққа тарту қағидаларын бекіткен Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығы;
- Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 және 2023 жылғы 22 ақпандағы №3 нормативтік қаулылары;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының еңбек даулары, моральдық зиянды өтеу, сот шешімдері және сот шығындары мәселелері бойынша нормативтік қаулылары;
- Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 27 мамырдағы №246 бұйрығы «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында қызмет өткеру мәселелері туралы» (2022 жылғы 22 қазандағы №830 бұйрықпен күшін жойған).
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы