481-бап. Ауруына байланысты жазадан босату немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы өтінішхаттарды қарау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Ауруына байланысты жазаны өтеуден босату немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселе сотталған адамның (оның заңды өкілінің немесе өкілінің) немесе жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өтінішхаты бойынша қаралады.
2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, сотталған адамның психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емделгені және оның нәтижелері туралы мәліметтерді қоса алғанда, сотталған адамның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді, сотталған адамның жазаны өтеуіне кедергі келтіретін психикасының бұзылуының немесе өзге де ауыр науқасының бар-жоғы, тиісті емдеу жүргізудің қажеттігі және оны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға міндетті.
3. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның ауруына байланысты жазадан босатылғаннан немесе жазаны өтеу кейінге қалдырылғаннан кейін болжамды түрде тұратын орны туралы деректерді, ал егер аурудың сипаты оған заңда көзделген жағдайларда міндетті емдеуді қолдануды талап еткенде – сотталған адам жіберілетін немесе орналастырылатын мекеменің атауын ұсынады.
4. Ауруына байланысты жазадан босату немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына қорғаушының, заңды өкілдің, прокурордың, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, қорытынды берген дәрігерлік комиссия өкілінің қатысуы міндетті. Қажет болған жағдайларда сот отырысына сот қаулысы бойынша сараптама жүргізген және қорытынды берген сарапшы қатысады.
Сот медициналық қорытындының жазаны өтеуден босатуға негіз болып табылатын, уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесіне сәйкестігін зерттейді.
Сотталған адамның ауруының сипаты кедергі келтірмесе, сот отырысына қатысады.
5. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам (егер ол қатысып отырса) не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сот аурудың диагнозын және ауырлығын нақтылау, сондай-ақ арнайы білімді қажет ететін өзге де мәселелерді шешу қажет болған кезде сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама, оның ішінде қайталама сараптама тағайындауға құқылы.
6. Сот өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша:
1) өтінішхатты қанағаттандыру және сотталған адамды ауруына байланысты жазаны одан әрі өтеуден медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай босату туралы;
2) егер психикасының бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы жазаны өтеуге кедергі келтірмесе, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
7. Сотталған адамның психикасының бұзылуына байланысты оны жазаны өтеуден босатқаннан кейін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешу кезінде сот мынадай:
1) сотталған адам психикасының дертті бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндіретін-төндірмейтіні не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігін туғызатын-туғызбайтыны;
2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылуға жататын-жатпайтыны жөніндегі мәселелерді шешеді.
Сотталған адам психикасының бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндірмейтінін не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігі жоқтығын тани отырып, сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тағайындамайды.
Соттың қаулысында сотталған адам сауыққаннан кейін, егер бұл кезде айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, оның жазаны өтеуі қайта басталатыны көрсетілуге тиіс. Сотталған адамның мәжбүрлі емдеуде болған уақыты жазаның өтелген мерзіміне есептеледі.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы