Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 3-бабына түсініктеме. Қылмыстық-процестік заңның кеңістікте қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған жеріне қарамастан, қылмыстық сот ісін жүргізу осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстің кеңістікте қолданылуының өзге қағидалары белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-баптың 1-бөлігінің нормасынан ҚПК-нің қолданылуы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатыны туындайды. Бұл аталған нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық жүйесіндегі мәртебесіне және Қазақстан Республикасы Парламентінің заңдық өкілеттіктеріне сәйкес келеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 47-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар қабылдаған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері, егер нормативтік құқықтық актілердің өзінде немесе оларды қолданысқа енгізу туралы актілерде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады», – деп көрсетілген.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының аумағы» деген құқықтық ұғымның нені қамтитыны туралы мәселе туындайды. Бұл ұғым өзінің мазмұны жағынан ауқымды болып табылады. Белгілі бір аумақ шегіндегі саяси билікті ұйымдастыру нысаны ретінде Қазақстан Республикасы кез келген мемлекеттің егемендік сияқты аса маңызды белгісінің иесі болып табылады. Егемендік дегеніміз – мемлекеттің өз аумағындағы үстемдігі және халықаралық қатынастардағы тәуелсіздігі.
Конституцияның 2-бабының 2-тармағында «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағына таралады» деп белгіленген. Демек, Қазақстан Республикасының Конституциясындағы Қазақстан аумағы ұғымы егемендік ұғымымен тығыз байланысты. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасының өз аумағына қатысты заңдық егемендігі 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында нақты көрініс тапты. Заңның 4-бабында Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ол таныған халықаралық құқық нормалары қолданылатыны белгіленген. Қазақстан Республикасының қазіргі шекарасындағы аумағы тұтас, бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып табылады (5-бап); Қазақстан Республикасының аумағында жүрген және оның азаматы болып табылмайтын адамдар заңдарда және Республиканың мемлекетаралық шарттарында белгіленген алып қоюларды қоспағанда, Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады. Азаматтардың тең құқықтылығына қол сұғу заң бойынша қудаланады (6-бап).
Бұдан біраз уақыт кейін, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 23 мамырдағы № 2995 өкімімен мақұлданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бірегейлігін қалыптастыру тұжырымдамасында Қазақстан Республикасының аумағына қатысты қазіргі уақытта Қазақстанның егемен мемлекеттің негізгі белгілеріне іс жүзінде ие екендігі атап өтілді. Егемендіктің негізін елдің аумағы, жері мен оның қойнауы, табиғи ресурстар, мәдени құндылықтар, бүкіл экономикалық әлеует құрайды. Егемендік мемлекеттің бүкіл аумағына таралады. Егемендіктің қайнар көзі – халық. Осыдан елдің барлық азаматтары, ешбір ерекшеліксіз, егемендікпен айқындалатын құқықтардың бүкіл кешеніне ие деген қорытынды туындайды. Егемендік Республиканың әрбір азаматына таралады және ел заңдарын сақтау қажеттілігін туындатады. Саяси немесе мемлекеттік егемендік Республикаға ішкі құрылымға және басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарға қатысты барлық мәселелерді дербес шешу құқығын береді. Мемлекеттің белгілерінің бірі – оның аумағының болуы, оның шектері мемлекеттік шекаралармен нақты белгіленуге тиіс.
Қазақстан Республикасы орналасқан аумақты ежелден бастап қазақ халқының негізін құраған этностар мекендеген. Онда көне заманнан бері түркі халықтарының – қазақтардың ата-бабаларының ірі империялары мен жекелеген хандықтары өмір сүрген. XV ғасырдан бастап бұл аумақ қазақтардың тарихындағы алғашқы мемлекеттілік нысаны болған дербес мемлекет – Қазақ хандығының аумағы болды. Қазақстан Республикасының қазіргі аумағына келетін болсақ, Тұжырымдамаға сәйкес, оның қазіргі шекаралары Қазақстанның Кеңес Одағы құрамында болған кезеңінде қалыптасты. Бұл шекаралар қазақ халқының тарихи қалыптасқан қоныстану аймағына толық сәйкес келеді. Қазақстан іргелес мемлекеттермен шекара мәселесінде нөлдік нұсқаны ұстанады, оның мәні КСРО ыдыраған сәтте қалыптасқан шекаралардың өзгеріссіз қалуы мен мызғымастығында.
Мемлекет аумағын заңдық тұрғыдан түсіну мәселесінің қылмыстық-процестік қызмет үшін қаншалықты маңызды екенін Конституциялық Кеңестің дәл осы мәселе бойынша білдірген құқықтық ұстанымдары айғақтайды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 23 сәуірдегі № 4 «Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 2-тармағын және 6-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы» қаулысының сипаттау-уәждеу бөлігінің 1-тармағында «мемлекет аумағы» ұғымына мынадай анықтама берілген: «Мемлекет аумағы мемлекеттің егемен билік ұйымы ретінде өмір сүретін және әрекет ететін кеңістіктік шегін білдіреді. Ол осы аумақтағы жоғары билік болып табылады, біртұтас және тәуелсіз. Республика кеңістігін қамтитын жер, оның қойнауы, сулары, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар Қазақстанның жария-құқықтық меншігінде болады. ... Аумақтық тұтастық – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің айқындаушы шарты».
«Мемлекет аумағы» ұғымына саяси-құқықтық анықтама беру мемлекеттік шекараны іргелес мемлекеттермен құқықтық ресімдеу бойынша жоғары мемлекеттік билік органдарының тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуін талап етті. Осыған байланысты қылмыстық процесті жүргізетін органдардың лауазымды тұлғалары мемлекет аумағын құқықтық ресімдеу мәселелері қандай нормативтік құқықтық актілермен реттелетінін білуге тиіс.
«Қазақстан Республикасының аумағы» ұғымы көзделген негізгі заң – Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы. Бұл заң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын белгілеу, оның өту бағытын өзгерту және белгілеу тәртібін айқындайды.
Заңның 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы Қазақстан Республикасы аумағының (құрлықтың, судың, жер қойнауының және әуе кеңістігінің) шектерін және Қазақстан Республикасы мемлекеттік егемендігінің әрекет ету кеңістіктік шегін айқындайтын сызық және осы сызық бойынша өтетін тік жазықтық ретінде түсіндіріледі.
Аталған Заңның 9-бабы 3-тармағына сәйкес, «Мемлекеттік шекара: 1) құрлықта – жер бедерінің өзіне тән нүктелері, сызықтары немесе анық көрінетін бағдарлары бойынша; 2) Каспий теңізінде – Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) сыртқы шегі бойынша; 3) Арал теңізінде – Мемлекеттік шекараның жағалауларға шығатын жерлерін қосатын шекаралық нүктелер сызығы бойынша белгіленеді, ол теңіз жағалауының кескіні мен су деңгейі өзгерген кезде жылжымайды; 4) кеме қатынайтын өзендерде – негізгі фарватердің ортасы немесе өзеннің тальвегі бойынша, кеме қатынамайтын өзендер мен жылғаларда – олардың ортасы немесе өзеннің негізгі арнасының ортасы бойынша, көлдерде және өзге де су айдындарында (осы тармақтың 5) тармақшасында көрсетілген су айдындарын қоспағанда) – көлдің немесе өзге де су айдынының жағалауларына Мемлекеттік шекараның шығатын жерлерін қосатын тең қашықтықтағы ортаңғы түзу немесе басқа сызық бойынша белгіленеді. Өзен, жылға, көл немесе өзге де су айдыны арқылы өтетін Мемлекеттік шекара жағалаулардың кескіні немесе су деңгейі өзгерген кезде, сондай-ақ өзеннің, жылғаның арнасы ауытқыған кезде жылжымайды; 5) су тораптарының су қоймаларында және өзге де жасанды су айдындарында – су басқанға дейін жергілікті жерде болған Мемлекеттік шекараға сәйкес; 6) өзендер, жылғалар, көлдер және өзге де су айдындары арқылы өтетін көпірлерде, бөгеттерде және басқа да құрылыстарда – судағы Мемлекеттік шекараның өтуіне қарамастан, осы құрылыстардың ортасы немесе олардың технологиялық осі бойынша белгіленеді».
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы жергілікті жерде демаркацияға сәйкес анық көрінетін шекаралық белгілермен белгіленеді (Заңның 10-бабының 1-тармағы). Шекаралық белгілердің нысандары, өлшемдері, сипаттамасы, конструкциялары және оларды орнату тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметімен айқындалады («Шекаралық белгілердің нысандарын, өлшемдерін, сипаттамасын, конструкцияларын және оларды орнату қағидаларын бекіту туралы»: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 8 қарашадағы қаулысы) (Заңның 10-бабының 2-тармағы).
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңымен мемлекеттің оның әуе кеңістігіне қатысты егемендігі реттелген. Заңның 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасына оның құрлықтағы және судағы аумағының, сондай-ақ аумақтық суларының үстіндегі әуе кеңістігіне толық және айрықша егемендік тиесілі (1-тармақ). Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі оның мемлекеттік аумағының бір бөлігі болып табылады (2-тармақ).
Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қылмыстық процесті жүргізетін органға, әсіресе басқа мемлекеттермен шектесетін жерлерде қылмыстар жасалған жағдайларда, Қазақстан Республикасы аумағының шекараларын білу қажет. Бұл ретте оларға Қазақстан Республикасының іргелес мемлекеттермен (Ресеймен, ҚХР-мен, Қырғыз Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен, Түрікменстанмен) Мемлекеттік шекара мәселелері жөніндегі шарттары мен келісімдері көмектеседі. Мысалы, «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімді ратификациялау туралы»: Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 15 маусымдағы № 2331 Жарлығы; «Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесін айқындау туралы келісімді ратификациялау туралы»: Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы Заңы; «Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімді ратификациялау туралы»: Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 17 мамырдағы Заңы; «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау процесі туралы шартты ратификациялау туралы»: Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңы; «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы шартты ратификациялау туралы»: Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңы; «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартты ратификациялау туралы»: Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңы; «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартты ратификациялау туралы»: Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 2 желтоқсандағы Заңы және т.б.
Тағы бір өзекті ескерту. Қылмыстың Қазақстан Республикасының аумағында жасалған-жасалмағанын нақты анықтау мәселесі бойынша тергеу және сот органдарына Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шілдедегі «Геодезия және картография туралы» Заңына сәйкес геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуге жауапты субъектілер тікелей көмек көрсете алады. Аталған Заңның 3-бабына сәйкес, геодезиялық және картографиялық қызмет объектілеріне Қазақстан Республикасының аумағы және онда орналасқан географиялық объектілер, сондай-ақ жер шарының материктері, Дүниежүзілік мұхит, оның ішінде аралдар, ғарыш кеңістігі, соның ішінде табиғи аспан денелері мен Жердің жасанды серіктері жатады. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері болып Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің мемлекеттік органдары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар табылады. Олар Заңның 1-бабының 11) тармақшасына сәйкес, геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесінде жасалған, жалпы мемлекеттік, салааралық маңызы бар және оларды одан әрі пайдалану мақсатында ұзақ уақыт сақтауға жататын материалдар мен деректердің жиынтығын білдіретін картографиялық-геодезиялық қорға ие. Сонымен қатар, заңға сәйкес, делимитация кезінде іргелес мемлекеттер арасындағы келісім бойынша мемлекеттік шекараның орналасқан жері мен бағытын айқындау шартта бекітумен қатар, шартқа қоса берілетін карталарда графикалық түрде де бейнеленеді. Ал демаркация кезінде делимитация туралы шартқа сәйкес жергілікті жерде мемлекеттік шекараны айқындау тиісті шекаралық белгілермен белгіленеді (Заңның 1-бабының 7–8) тармақшалары).
Қазақстан Республикасының аумағына шетелдегі қазақстандық дипломатиялық өкілдіктердің аумағы, ашық теңізде (алыс сапарда) жүрген, Қазақстан Республикасының туы астында тіркелген теңіз кемелері («ту мемлекеті»), сондай-ақ елдің әуе кеңістігінен тыс ұшуда жүрген, Қазақстан Республикасында тіркелген әуе кемелері де жатады.
Қазақстандық теңіз немесе әуе кемесінің бортында қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде ҚПК нормалары азаматтық авиация қауіпсіздігі мен теңізде жүзу қауіпсіздігі мәселелерін реттейтін халықаралық конвенциялардың талаптарын, сондай-ақ белгілі бір жағдайларда әуе кемесі қонған мемлекеттің немесе теңіз кемесі тұрған порт мемлекеттің қылмыстық-процестік юрисдикциясының қолданылуын ескере отырып қолданылады (қараңыз: «1970 жылғы 16 желтоқсандағы Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны және Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттаманы ратификациялау туралы» 2010 жылғы 10 қыркүйектегі құжат: Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 8 желтоқсандағы Заңы; «Теңізде жүзу қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге қарсы күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы» 2005 жылғы 14 желтоқсандағы құжат: Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 15 наурыздағы Заңы; «Қазақстан Республикасының Теңізде жүзу қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге қарсы күрес туралы конвенцияға және континенттік қайраңда орналасқан стационарлық платформалардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге қарсы күрес туралы хаттамаға қосылуы туралы» 1988 жылғы 10 наурыздағы құжат: Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 27 ақпандағы Заңы және т.б.)
Біріккен Ұлттар Ұйымының 1958 жылғы 29 сәуірдегі «Ашық теңіз туралы» конвенциясының (КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1960 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен ратификацияланған) 1-бабына сәйкес, «ашық теңіз» деген сөздер қандай да бір мемлекеттің аумақтық теңізіне де, ішкі суларына да кірмейтін теңіздің барлық бөліктерін білдіреді.
Осы тұрғыда теңіз немесе әуе кемелерінде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді және кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерін орындауды жүзеге асыру жөніндегі анықтау органының құқықтары мен міндеттері теңіз кемесінің капитанына, әуе кемесінің командиріне жүктеледі. Аталған лауазымды тұлғалардың анықтау жүргізу жөніндегі қызметі Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Заңымен (30–31-баптар), Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңымен (57, 105-баптар), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің тиісті бұйрықтарымен реттеледі.
Мәселен, қылмыстық процесс практикасында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 73 «Қазақстан Республикасы теңіз көлігі кемелеріндегі қызмет жарғысын бекіту туралы» бұйрығының (46-тармақ) талаптары міндетті түрде ескерілуге тиіс. Аталған талаптарға сәйкес, капитан (кеме экипажының басшысы) кеменің және (немесе) ондағы адамдар мен мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамды, оның ішінде жұқпалы ауруға күдікті адамды міндетті түрде арнайы үй-жайға оқшаулайды. Капитан Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілген адамды ұстайды және кеме кіретін Қазақстан Республикасының бірінші портында оны құзыретті органдарға тапсырғанға дейін арнайы жабдықталған үй-жайда ұстайды. Капитан, егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделсе, теңізде жүзу қауіпсіздігіне қарсы бағытталған қылмысты жасады деп күдік келтірілген адамды, Қазақстан Республикасының азаматын, сондай-ақ тұрақты тұрғылықты жері Қазақстан Республикасы болып табылатын азаматтығы жоқ адамды қоспағанда, шет мемлекеттің құзыретті органдарына тапсырады (сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Заңының 4-бабы 3-тармағының 55–21) тармақшаларын қараңыз).
Осыған ұқсас, авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша қылмыстық процесс саласына қатысы бар бірқатар құқықтық актілерді аталған министрлік «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға сәйкес әзірлеген (қараңыз: «Авиациялық қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы»: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 25 шілдедегі № 746 қаулысы; «Азаматтық авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігі бағдарламасын бекіту туралы»: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 11 наурыздағы № 136 қаулысы; «Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы»: Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 509 бұйрығы және т.б.).
Қазақстан аумағының құрамында инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау мәселелері бойынша екіжақты халықаралық құжаттарды (келісімдер түрінде), сондай-ақ табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу мәселелері бойынша құжаттарды (конвенциялар түрінде) талдау нәтижесінде Қазақстан Республикасы тараптардың бірі болып табылатын шарттарда «континенттік қайраң» және «еркін экономикалық аймақтар» деп аталатын аумақтарды бөліп көрсету қажет. Жағалаудағы мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық құқық пен ішкі заңнамаға сәйкес мұнда мәселелердің барынша кең ауқымы бойынша өзінің егемен құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыруға құқылы. Қылмыстық процесс тұрғысынан аталған аумақтарда шекаралық бақылау органдарының, экономикалық тергеу қызметінің, ішкі істер органдарының және т.б. тергеуіне жататын қылмыстар жасалуы мүмкін.
Осы аумақтардың құқықтық режимін реттейтін халықаралық құжаттардың ішінде жоғарыда аталғандардан басқа, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1958 жылғы 29 сәуірдегі «Ашық теңіз туралы», «Континенттік қайраң туралы», 1958 жылғы 30 қазандағы «Аумақтық теңіз және іргелес аймақ туралы» конвенциялары (аталған құжаттар – КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1960 жылғы 20 қазандағы «Теңіз құқығы жөніндегі конвенцияларды ратификациялау туралы» Жарлығы), сондай-ақ 1982 жылғы 30 сәуірде қабылданып, 10 желтоқсанда қол қою үшін ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымының Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы ерекше орын алады. Айтпақшы, соңғы Конвенция туралы бірнеше сөз. Арнайы әдебиеттерде Теңіз құқығы жөніндегі конвенцияны жиі «мұхиттарға арналған Конституция» деп атайды. Ол 320 баптан, 9 қосымшадан тұрады және теңіз кеңістігі мен оны пайдалану мәселелерінің барлығын дерлік, оның ішінде теңізде жүзу мен ұшуды, ресурстарды барлау мен игеруді, теңіз ортасын ластанудан қорғауды, балық аулау мен кеме қатынасын қамтиды. Конвенция 1958 жылғы Теңіз құқығы жөніндегі Женева конвенцияларында бекітілген бірқатар ұсыныстарды растады және толықтырды. Сонымен бірге ол халықаралық теңіз құқығында алғаш рет пайда болған көптеген жаңа ережелерді қамтыды (http://dic.academic.
Осы Конвенциялардың мазмұнын егжей-тегжейлі қарастыруды мақсат етпей, Қазақстанның қылмыстық қудалау органдары мен соттарының қылмыстық-процестік қызметінде ескерілуі үшін 1982 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясындағы кейбір ұғымдарды ғана келтірумен шектелейік. Мәселе мынада: Каспий теңізінің бір бөлігі Қазақстанның юрисдикциясында болғандықтан, ең жалпы түрде болса да, теңіздің осы бөлігінің мөлшері қалай анықталатынын білу маңызды.
Мәселен, Конвенция аумақтық сулардың 12 мильдік аймағын (аумақтық теңіз – жағалаудан шамамен 22 км қашықтықта) айқындады. Бұл аймақта жағалаудағы мемлекеттер толық юрисдикцияға ие. Шет мемлекеттердің кемелері мен әскери кемелері (оның ішінде әскери кемелер) осы аумақтар арқылы «бейбіт өту» құқығын пайдаланады. 12 теңіз милі шегінде жағалаудағы мемлекеттер мұхиттың барлық тірі және жансыз ресурстарына меншік құқығына ие. Аумақтық сулардан басқа, Конвенция «іргелес сулар» ұғымын да айқындады – жағалаудан 24 теңіз миліне дейінгі аймақ; бұл аймақта жағалаудағы мемлекеттер иммиграциялық, санитариялық, кедендік және экологиялық саясатты жүзеге асырады.
Конвенция сондай-ақ «айрықша экономикалық аймақ» ұғымын бекітті. Әрбір жағалаудағы мемлекет жағалаудан 200 теңіз миліне дейінгі айрықша экономикалық аймаққа талап қоюға құқылы, оның шегінде тірі және жансыз ресурстарды зерттеу мен игеру құқығына ие болады. Айрықша экономикалық аймақтар шегінде мемлекеттер құрылыс жұмыстарын реттеуге, сондай-ақ мұхитта орналасқан инфрақұрылымды экономикалық, ғылыми және экологиялық мақсаттарда пайдалануға құқылы. Дегенмен, жағалаудағы мемлекеттер айрықша экономикалық аймақ шегіндегі теңіз акваториясының өзіне немесе оның ресурстарына меншік құқығына ие болмайды, алайда әлемнің барлық мемлекеттері онда құбырлар салуға және кабель желілерін төсеуге құқылы. Континенттік қайраң аймақтары (теңіз суы басқан материктік аумақтың бөлігі) ерекше реттеледі. 1958 жылғы Женева конференциясы қайраңға континенттік құрлықтың жалғасы болып табылатын суасты жоталарын да жатқызды. 1982 жылғы Конвенцияның 76-бабында қайраңның шекарасы ішкі теңіз шекарасынан 350 мильден (шамамен 650 км) әрі өтпеуге немесе 2500 метр тереңдік белгісінен 100 мильден аспауға тиіс екені көрсетілген.
Континенттік қайраңдағы жағалаудағы мемлекеттің құқықтары оның үстіндегі сулар мен олардың үстіндегі әуе кеңістігінің құқықтық мәртебесіне әсер етпейтінін атап өту қажет. Континенттік қайраңның үстіндегі теңіз кеңістігі ашық теңіз болып қала беретіндіктен, барлық мемлекеттер теңізде жүзу, ұшу, балық аулау, суасты кабельдері мен құбырларын төсеу құқығын жүзеге асыруға құқылы. Сонымен бірге табиғи ресурстарды барлау мен игерудің ерекше режимі белгіленген. Жағалаудағы мемлекет қайраңның табиғи ресурстарын барлау және игеру мақсатында тиісті құрылыстар мен қондырғылар салуға, олардың айналасында қауіпсіздік аймақтарын (500 метрге дейін) құруға құқылы. Жағалаудағы мемлекеттің құқықтарын жүзеге асыру теңізде жүзу құқығына және басқа мемлекеттердің өзге де құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс. Жағалаудағы мемлекет кабельдер мен құбырларды төсеу бағыттарын айқындауға, қондырғылар орнатуға және бұрғылау жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруге, жасанды аралдар салуға құқылы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме авторы – Марат Чекішұлы Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Мәлімдеме Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар