Жәбірленушілердің сенімдеріне қиянат ету жолымен олардың аса ірі мөлшердегі ақша қаражатын алаяқтық жолмен заңсыз иемденуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2019 жылғы 30 шілдедегі үкімімен: C. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 24-бабының үшінші бөлігімен, 190-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстықатқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге сотталған. Сот үкімімен С. жәбірленушілер И. мен А.-ның сенімдеріне қиянат ету жолымен олардың аса ірі мөлшердегі ақша қаражатын алаяқтық жолмен заңсыз иемденуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған. Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 4 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылып, жаңа апелляциялық айыптау үкімі шығарылған. Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 4 қазандағы үкімімен С. ҚК-нің 194-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағымен 7 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстықатқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге сотталған. Жаза өтеу мерзімі 2018 жылғы 20 қарашадан бастап есептелген. Іс бойынша С.-дан 174 009 теңге процестік шығын және Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 айлық есептік көрсеткіш – 48 100 теңге мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірілген. Заттай дәлелдемелердің мәселесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 118-бабында бекітілген тәртіп бойынша шешілген. Апелляциялық сатыдағы соттың үкімімен С. қорқытып алушылық, яғни жəбірленушілердің мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мəліметтерді тарату қатерін төндіріп, олардан аса ірі мөлшерде ақша қаражатын беруді талап еткені үшін кінәлі деп танылған. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылығында, сотталған С.-ның кінәсінің дәлелденуіне дау келтірмей, оған қатысты апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы мен үкімінің күштері, оның іс-əрекетінің дұрыс сараланбауына əкеп соққан қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауына байланысты жойылуға жататындығын, оның жәбірленушілердің мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді тарату қатерін төндірді деген апелляциялық соттың тұжырымы іс материалдарымен дәлелін таппағанын, қылмыстық іс мән-жайларынан оның қылмыстық пиғылы жәбірленушілерді алдап, олардың ақшасын заңсыз иемденуге бағытталғаны айқындалғанын, ол өзінде бар мәліметтер негізінде жәбірленушілерді тиісті жауаптылыққа тартамын деп қорқытуды, оларды алдаудың тәсілі ретінде пайдаланғанын, бірінші сатыдағы сот оның қылмыстық іс-әрекетін бөтен мүлікті заңсыз иемдену мақсатында, жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде зиян келтіріп, алаяқтық жасауға оқталғаны үшін ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігімен, 190-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағымен дұрыс саралағанын көрсетіп, осы іс бойынша апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күштерін жойып, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Жәбірленушілердің сенімдеріне қиянат ету жолымен олардың аса ірі мөлшердегі ақша қаражатын алаяқтық жолмен заңсыз иемденуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған
Сотталған С. және оның адвокаттары А. мен Р. өтінішхаттарында алғашқыда жазылған сот актілерімен келіспей, іс бойынша тергеу әрекеттерінің қаулыларында не хаттамаларында, сондай-ақ айыптау актісінде оның 97 000 АҚШ долларын нақты қандай автокөліктің жүк салғышынан алуға оқталғаны жөніндегі деректің көрініс таппағанын, сотқа дейінгі тергептексеруде қолданыстағы қылмыстық-процестік заңнама нормаларын бұзып, алынған ұялы телефонның аудиожазбаларын, жасырын тергеу әрекеттері мен сот сараптама нәтижелерін жол берілмейтін дәлелдемелер деп танып, олар дәлелдемелер қатарынан алынып тасталуға жататындығын алға тартып, сот актілерінің күшін жойып, С.-ны ақтап, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды, іс бойынша жіберілген заң бұзушылықтарға жеке қаулы шығарып, оны Бас Прокуратураға жолдауды, өтінішхаттарды өздерінің қатысуларымен қарауды сұраған. Заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға, ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, істі тергеп-тексеру немесе сотта қарау кезінде жол берілген заң бұзушылықтар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар не қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауы негіз болып табылады. Бұл іс бойынша С.-ға қатысты апелляциялық сот сатысының сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болатын мұндай заң бұзушылықтар орын алмаған. Апелляциялық сатыдағы соттың жаңа айыптау үкіміне сәйкес С. өзінің танысы Н. арқылы жәбірленушілер А. мен И.-дың (бұдан әрі – жәбірленушілер) Өзбекстан Республикасынан келгендерін, олардың жылжымайтын мүліктерді сатып алу-сатумен айналысатындарын және материалдық жағдайларының жақсы екенін біліп алып, 2018 жылғы 5 қарашада жәбірленуші И.-дың ұялы телефонына хабарласып, өзін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҰҚК) қызметкерімін деп таныстырып, соңғы өзінің шын сауалнамалық деректерін, оның ішінде бұрын Өзбекстанда сотталғанын жасырғанын, Қазақстан Республикасының азаматтығын заңсыз алғаны үшін оған депортация жасайтынын, ал А.-ны көрінеу қылмыстық жолмен табылған автокөліктерді сатып алу-сатумен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы бұл мәліметтерді жария ететінін айтып қорқытып, олардан аса ірі мөлшердегі ақша қаражатын – 100 000 АҚШ долларын заңсыз талап етіп, оларға бұл ақшаны жинау үшін 2018 жылғы 12 қарашаға дейін уақыт берген. Оның бұл заңсыз әрекетінен қорқып, жәбірленушілер өздерінің келісімдерін берген. Ақыры 2018 жылғы 20 қараша сағат 13:45-тер шамасында С. жәбірленуші А.-мен кездесіп, Баянауыл және Жангелдин көшелерінің қиылысында кездесіп, соңғыдан 3 000 АҚШ долларын алып, оған жәбірленушілерге қатысты жалған тексеріс құжаттарын беріп, А.-ның автокөлігінің артқы жүк салғышынан қалған 97 000 АҚШ долларын алу кезінде оны полиция қызметкерлері ұстаған. ҚПК-нің 388-бабының үшінші бөлігінің және «Сот үкімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 2-тармағының талаптарына сәйкес сот отырысында сотқа ұсынылған дәлелдемелердi жан-жақты және объективтi зерттеу негiзiнде шығарылған, сол сияқты заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, жан-жақты және объективті тексеріліп, талданған, тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, тұжырымдары дәлелденген үкім негізді болып табылады. С.-ға қатысты жаңа айыптау үкімі аталған заңдардың талаптарына толығымен сәйкес келеді және апелляциялық сот сатысында жан-жақты зерттеліп, объективті түрде бағаланған дәлелдемелерге негізделген. Өзінің жауаптарында А. үкімде баяндалған мән-жайда сотталған С. өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырғанын, И. Қазақстан Республикасы азаматтығын жалған анықтамалар арқылы алғаны үшін депортация жасалатынын, ал өзінің ұрланған автокөліктерді сатып алу-сатумен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып, өздерін қорқытып, 100 000 АҚШ долларын талап еткенін, бұл соманы жинау үшін өздеріне 2018 жылғы 12 қарашаға дейін уақыт бергенін, осы уақыт аралығында ол телефон арқылы бірнеше рет қоңырау шалып, өздерінен ақшаның қалай жиналып жатқанын сұрап отырғанын, сол жылғы 20 қарашада өзінің С.-ға 3 000 АҚШ долларын бергенін, ал қалған 97 000 АҚШ долларын автокөліктің жүк салғышынан алып жатқан кезде соңғыны полиция қызметкерлері ұстағанын көрсеткен. А.-ның бұл жауаптары шындыққа жанаспайды деуге негіз жоқ. Керісінше оның жауаптары объективті дәлелдемелермен, оның ішінде жәбірленуші И.-дың, куәлар Н. мен А.-ның жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, оның ішінде бейнежазбалармен, жеке тінту жүргізу, нәрселерді қарап-тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптама қорытындыларымен үйлеседі және істің мән-жайына толығымен сәйкес келеді. Бұл дәлелдемелер іс бойынша барлық мән-жайларды толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеумен ұштастыра отырып, үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде егжей-тегжейлі келтірілген. Атап айтқанда А.-ның жауабымен мазмұндас берген жауабында жәбірленуші И., С.-да оған ҰҚК-нің қызметкерінің куәлігін көрсетіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын жалған анықтамалар бойынша заңсыз алғаны үшін өзін депортация жасайтынын айтып қорқытып, одан 100 000 АҚШ долларын талап еткенін, оның бұл әрекеттеріннен өзінің қатты шошынғанын көрсеткен. Жәбірленушілердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сол сияқты сот отырыстарында берген жауаптары тұрақты әрі біркелкі, оларда қандай да бір қарама-қайшылық жоқ, керісінше олар бір-бірімен үйлеседі, бір-бірін толықтырады, сондай-ақ істің анықталған нақты мән-жайларына сәйкес келеді. Оның үстіне жәбірленушілер С. қылмыстық іс-әрекетін әшкерелеп берген өздерінің жауаптарын, онымен өткізілген беттестіруде де толығымен растаған. Куә Н. өзінің жауаптарында екеуара ортақ әңгіме барысында С. жәбірленушілермен араларында орын алған жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату жөніндегі ақша даулары туралы егжей-тегжейлі сұрағанын, осы дерек бойынша құқық қорғау органдарына арызданып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуына көмек беретінін айтқанын, алайда өзінің оның көмегінен бас тартқанын көрсеткен. Жасырын тергеу әрекеттерінің бейнежазбасында жәбірленуші А.-ның кездесу барысында С.-ға 3 000 АҚШ долларын бергені, ал өз кезегінде соңғы аталған ақшаны алып, оған қағаздар салынған бір файл папкасын беріп жатқаны туралы іс-әрекеттер толық және анық көрініс тапқан. 2018 жылғы 20 қарашадағы жеке тінту жүргізу хаттамасына сәйкес С.-дан «Айфон-7» маркалы қара түсті ұялы телефон, «ТЕХЕТ» маркалы қара түсті ұялы телефон және 3 000 АҚШ доллары алынған. Бұл орайда С. 3 000 АҚШ долларын жәбірленуші А.-дан алғанын жоққа шығармаған. Сот бейне-фонографикалық сараптамасының 2019 жылғы 3 қаңтардағы № 8760/8761 қорытындысына сәйкес С. жәбірленушілермен әңгіме барысында өзін ҰҚК-нің қызметкері ретінде таныстырып, И.-ге оның Қазақстан Республикасының азаматтығын заңсыз алғанын білетінін, бұл жөніндегі мәліметтерді таратса, оның депортацияға жататынын айтып, осы мәліметтерді жария етпес үшін олардан 100 000 АҚШ долларын талап еткен. Сот психологиялық-филологиялық және психологиялықкриминалистикалық сараптаманың 2019 жылғы 15 ақпандағы № 342 қорытындысына сәйкес лингвистикалық талдау нәтижесімен С.-ның әңгімесінде ақшалай қаражатты талап ету мағыналық компоненті бар екені туралы және негативті салдары болуына қауіп-қатерін төндіру бар екені анықталған. «Қорқытып алушылық туралы iстер бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес жәбiрленушiнi немесе оның туыстарын масқаралайтын мәлiметтердi таратамын деп қорқыту кезiнде осы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келу-келмеуi маңызды емес болып табылады. Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сатыдағы соттың, С. жәбірленушілердің мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді тарату қатерін төндіріп, аса ірі мөлшердегі ақша – 100 000 АҚШ долларын талап етудегі кінәсінің дәлелденгендігі туралы тұжырымы жете зерттеліп, құқықтық тұрғыдан тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген және істің нақты мән-жайына сәйкес келеді.
Жәбірленушілердің сенімдеріне қиянат ету жолымен олардың аса ірі мөлшердегі ақша қаражатын алаяқтық жолмен заңсыз иемденуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған
Іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілгенде ҚПК-нің талаптары сақталған, сондықтан бұл дәлелдемелердің заңдылығы қандай да бір күмән тудырмайды. ҚПК-нің 125-бабының талаптарына сәйкес сот дәлелдемелердің әрқайсысына – олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жинақталған дәлелдемелерге өз жиынтығында қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан негізді баға беріп, С.-ның іс-әрекетін ҚК-нің 194-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағымен дұрыс саралаған. Сот жаза тағайындағанда ҚК-нің 52-бабының талаптарын басшылыққа алып, С.-ның қылмыстық әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, оның жеке басына қатысты деректерді, іс бойынша қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, бас бостандығынан айыру жазасын, ол кінәлі деп танылған қылмыстық заң бабының санкциясы шегінде әділ тағайындаған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған М.-ға қатысты апелляциялық сот алқасының қаулысы мен жаңа айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы мен сотталған С.-ның, оның қорғаушылары – адвокаттар А. мен Р.-ның өтінішхаттары қанағаттандырусыз қалдырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Жәбірленушілердің сенімдеріне қиянат ету жолымен олардың аса ірі мөлшердегі ақша қаражатын алаяқтық жолмен заңсыз иемденуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған
333 рет жүктеп алынды -
Жәбірленушілердің сенімдеріне қиянат ету жолымен олардың аса ірі мөлшердегі ақша қаражатын алаяқтық жолмен заңсыз иемденуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған
264 рет жүктеп алынды