4-бап. Қорғаныс саласындағы мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы Заңы
1. Қорғаныс саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) соғыс қаупі мен соғыс қатерiн болжауды және бағалауды;
2) Қазақстан Республикасының әскери саясаты мен әскери доктринасы ережесінің негізгi бағыттарын әзiрлеудi;
3) құқықтық реттеуді;
4) Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдануды жоспарлауды, олардың қажетті санын, құрылысын, даярлығын анықтауды және олардың ұрысқа әзiрлігі мен жұмылдыру даярлығының талап етiлетін деңгейін ұстап тұруды;
5) Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды басқару жүйесін дамытуды, сондай-ақ радиожиілік спектрін пайдалануды жоспарлауды;
6) бiрыңғай әскери-техникалық саясатты әзiрлеуді және iске асыруды;
7) елдiң мемлекеттік органдарының, ұйымдарының, көлiгінiң, коммуникациялары мен халқының күнi бұрын жұмылдыру дайындығын, сондай-ақ аумақты Қазақстан Республикасының қорғанысы мүдделерінде жедел жабдықтауды қамтитын, бейбiт уақытта жүргізiлетін жалпымемлекеттiк iс-шаралар кешенін;
8) мемлекеттік материалдық резерв запастарын құруды;
9) азаматтарды әскери қызметке даярлауды, соғыс уақытына арнап әскери оқытылған резервті жинақтауды;
10) азаматтық және аумақтық қорғаныс іс-шараларын жоспарлауды және жүзеге асыруды;
11) мемлекеттік құпияларды құрайтын мəлiметтердiң қорғалуын ұйымдастыруды жəне ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді;
12) қорғаныс мүддесіне орай ғылымды дамытуды;
13) әскери қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі, оның ішінде радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпсіздікке байланысты міндеттерді орындау кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіруді;
14) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметін бақылауды;
15) ұжымдық қауіпсiздік және бiрлескен қорғаныс мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықты;
16) қорғаныс саласындағы өзге де iс-шараларды қамтиды.
2. Қорғаныс мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери мiндеттілігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттердiң өзге де түрлерi белгіленедi.
3. Әскери қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді мемлекеттің әскери ұйымы шешеді.
4. Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, сондай-ақ мемлекеттік органдар және ұйымдар Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды.
5. Жер, орман, су және басқа да табиғи ресурстар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғаныс мұқтажы үшiн берiледi.
6. Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерiне бекiтiліп берiлген мүлiк республикалық меншік болып табылады.
Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.03.2019 № 237-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2020 № 344-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2022 № 123-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы N 29 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштерін ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды, елдiң қорғаныс қабiлетін қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың функциялары мен өкiлеттіктерiн, азаматтар мен ұйымдардың қорғаныс саласындағы құқықтары мен мiндеттерін реттейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы