Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 313-бабына түсініктеме. Қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды заңсыз тарату
1. Қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын кино- және бейнематериалдарды, өзге де шығармаларды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз дайындау, тарату, жарнамалау, көрсету, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын баспа басылымдарымен, кино- немесе бейнематериалдармен заңсыз сауда жасау —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі аталған әрекеттерді жасау кезінде адамдардың бір-біріне деген қатыгездігі мен зорлық-зомбылығының, адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынастың таралуына әкеп соғуы мүмкін материалдардың таратылуында болып табылады. Бұдан басқа, олар қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын бұрмалайды, руханиятсыздықты орнықтырады, әлеуметтік белсенділіктің жоғалуына, жеке тұлғаның азғындауына әкеледі, психикаға зиянды әсер етеді.
Қылмыстың объектісі — қоғамдық адамгершілік.
Қылмыстың заты — қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын, мораль мен адамгершілік нормаларына қатысты циникалық, менсінбеушілік сипаттағы шығармалар (баспа басылымдары, кино- және бейнематериалдар, бейнелер және т.б.). Бейнелерге қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын картиналар, суреттер, фотосуреттер мен мүсіндер жатады. Өзге де шығармалар қатарына аудиожазбалар, компакт-дискілер және т.б. жатқызылуы мүмкін.
Шығармаларды қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын деп тану мәселесі айтарлықтай күрделі, сондықтан сараптамалық зерттеу жүргізу қажет.
Объективтік жағы мынадай әрекеттерден көрініс табады: 1) тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз дайындау; 2) тарату; 3) жарнамалау; 4) көрсету; 5) заңсыз сауда жасау.
Заңсыз дайындау — қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды кез келген тәсілмен жасау: кітап, мақала, сценарий жазу, фотосуреттер түсіру және фотоматериалдарды шығару, кино- немесе бейнефильм түсіру, мүсіндеу және сол сияқты әрекеттер.
Дайындау деп дайын шығарманы көбейтуді де түсіну қажет (фотосуреттер мен кино- және бейнетаспалардың көшірмелерін басып шығару). «Дайындау» ұғымы жасау процесін де, оның нәтижесін де қамтиды. Дайындағаны үшін жауаптылық қарастырылып отырған қылмыс құрамын тек кінәлі адамның қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды тарату немесе жарнамалау мақсаты болған жағдайда ғана құрайды. Жазбаша, баспа материалдарын, фотосуреттерді, суреттерді, кино- немесе бейнефильмдерді жеке тұтыну не адамдардың тар шеңберінде пайдалану үшін дайындау ҚР ҚК-нің 313-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Тарату — қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды басқа адамдарға олармен танысу мақсатында беру. Тарату ақылы (бейнекассеталарды немесе аудиожазбаларды, фотосуреттерді сату не жалға беру, зорлық-зомбылық пен қатыгездік культін насихаттайтын фильмдерді көрсету үшін бейнесалондар ұйымдастыру) және ақысыз сипатта болуы мүмкін (оқу, көру үшін беру). Қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды өз отбасы мүшелеріне, таныстарының тар шеңберіне танысу үшін көрсету немесе беру тарату болып есептелмейді.
Жарнамалау мұндай шығармаларды көпшілікке көрсетуге қоюдан не олар туралы ақпаратты кез келген тәсілмен белгісіз тұлғалар тобына хабарлаудан тұрады (хаттар, жарнамалық парақшалар тарату, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен және т.б.).
«Жарнама» ұғымының анықтамасы 2003 жылғы 19 желтоқсандағы ҚР «Жарнама туралы» Заңының 3-бабы 1-тармағының 1-2) тармақшасында берілген (ҚР ҚК-нің 311-бабына түсініктемені қараңыз).
Қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды олардың дайындаушылары да, басқа адамдар да жарнамалап және тарата алады.
Көрсету кино- және бейнефильмдерді көрсетуден, аудио жеткізгіштердегі жазбаларды тыңдатудан, баспа материалдарын, фотосуреттер мен суреттерді қараудан, журнал немесе газет мақалаларын оқудан тұрады.
Заңсыз сауда жасау қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды сатуды немесе сатуға ұсынуды (атап айтқанда, жария оферта) білдіреді. Сауда жасау әрқашан сатып алу-сату шартын жасасуды көздейді, яғни ақылы сипатта болады. Сауда жасау адамның кем дегенде бір шығарманы сата алған-алмағанына қарамастан аяқталған болып есептеледі.
Қылмыс заңда көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады: кінәлі адам қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын, көрсететінін және саудаға салатынын сезінеді әрі соны қалайды.
Дайындау кезінде қылмыс құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі — қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттайтын шығармаларды тарату немесе жарнамалау мақсаты болып табылады.
Қылмыстың субъектісі жалпы — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 313-бабында көзделген іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар