Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 376-бабына түсініктеме. Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасау
1. Қазақстан Республикасы Парламенті депутатын депутаттық міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруына байланысты жария түрде қорлау —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына немесе оның жақын туыстарына оның өз міндеттерін орындауына кедергі жасау мақсатында қандай да бір нысанда ықпал ету —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының депутаттық қызметі туралы сыни пікірлер қамтылған жария сөз сөйлеулер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын Республиканың жоғары өкілді органы болып табылады. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясының ашылу сәтінен басталып, жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады (Конституцияның 49-бабының 2-тармағы).
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады (Конституцияның 50-бабының 1-тармағы).
Конституцияның 51-бабының 4-тармағына сәйкес Парламент депутаты болып Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұратын адам сайлана алады.
Сенат депутаты болып отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, Республиканың тиісті облысының, республикалық маңызы бар қаласының немесе астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам сайлана алады.
Мәжіліс депутаты болып жиырма бес жасқа толған адам сайлана алады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 25-бабына сәйкес депутат Парламент сессияларында және өзі құрамына кіретін оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешуші дауыс беру құқығын пайдаланады.
Депутатқа немесе оның жақын туыстарына депутаттық міндеттерін орындауына кедергі жасау мақсатында қандай да бір нысанда ықпал ету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың лауазымды адамдары депутат алдындағы өз міндеттерін орындамағаны, оған көрінеу жалған ақпарат бергені, депутаттық қызметтің кепілдіктерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартылады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктері — қылмыстар) оның халықтың, қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін қызметін жүзеге асыратын халық өкілі — Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуында. Бұл ретте қарастырылып отырған іс-әрекетті жасау нәтижесінде жалпы алғанда заң шығарушы билікті жүзеге асыратын өкілді билік органдарының беделіне нұқсан келеді, депутаттардың қызметінде жүйкесін жұқартатын ахуал қалыптасады, соның салдарынан Парламент жұмысы ұйымдастырылмайтын жағдайға ұшырайды.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объект ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беретін қоғамдық қатынастар танылады.
ҚК-нің 376-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша жәбірленуші тек Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты ғана бола алады, ал 3-бөлігі бойынша Парламент депутатымен қатар оның жақын туыстары да жәбірленуші болып табылады.
ҚК-нің 376-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы Қазақстан Республикасы Парламенті депутатын депутаттық міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруына байланысты жария түрде қорлаудан көрінеді.
Қарастырылып отырған бапта қорлау деп кінәлі адамның жеке басының, адами, кәсіби, қызметтік, лауазымдық қадір-қасиетін билік өкілі ретінде ғана емес, сондай-ақ Парламент депутаты ретінде де қорлайтын әрекеттері түсініледі.
Қорлау физикалық әрекеттер арқылы да көрініс табуы мүмкін (мысалы, түймесін жұлып алу, бетіне түкіру, шапалақпен ұру, әдепсіз дене қимылдарын жасау және т.б.), олар Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының қадір-қасиетін қорлайды.
Қорлау кезінде міндетті белгі болып табылатын жағдай — көрсетілген әрекеттер жария жағдайда, яғни белгілі бір мөлшердегі бөгде адамдардың қатысуымен жасалуға тиіс.
Жария дегеніміз — ашық, көпшіліктің қатысуымен жүзеге асырылатын дегенді білдіреді. Тиісінше, кемінде бір бөгде адамның қатысуымен жасалған қорлау жария түрде жасалған деп танылады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық кез келген тәсілмен: ауызша, жазбаша, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы, әрекеттермен жасалуы мүмкін.
Жариялылық сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын, ақпараттық-коммуникациялық желілерді, мысалы, компьютерлік техниканы және т.б. пайдалануды білдіреді.
Егер кінәлі адам Парламент депутаттарын жеке сипаттағы себептер бойынша депутат өз депутаттық міндеттерін атқармаған кезде жария түрде қорласа немесе қорлау оның осы міндеттерін атқаруына ешқандай қатысы болмаса, кінәлінің әрекеттері ҚК-нің «Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деп аталатын 1-тарауында көзделген тиісті бап бойынша саралануға тиіс.
Міндет — бұл қандай да бір адамға жүктелген және міндетті түрде орындалуға тиіс әрекеттер шеңбері.
Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының міндеттері оның құқықтық мәртебесінен туындайды және Конституцияда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында нақты регламенттелген.
Парламент депутатының депутаттық міндеттерін атқаруы деп нені түсіну керектігі туралы ұғымды ашу кезінде Парламент депутатының өкілеттігі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Парламент депутаты ретінде тіркелген сәттен басталатынын ескеру қажет.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары тиісті Палаталардың отырыстарында Қазақстан халқына мынадай ант береді: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіме жүктелген депутаттың жоғары міндеттерін адал атқаруға ант етемін». Қазақстан Республикасы Президентінің қалауы бойынша Парламент депутаттары Қазақстан Республикасының Президентінің өзі айқындайтын тәртіппен тікелей Президенттің алдында ант қабылдауы мүмкін.
Парламент депутаты басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін лауазымдарды атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқылы емес.
Депутат Парламенттің және өзі сайланған оның органдарының жұмысына қатысуға міндетті. Парламентте дауыс беруді депутат тек жеке өзі жүзеге асырады.
ҚК-нің 376-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық Парламент депутаты тікелей депутаттық міндеттерін атқармаған кезде де, бірақ жария түрде қорлау оған осы міндеттерді атқаруына байланысты жасалған жағдайда да орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайларда жария түрде қорлау кезінде депутат депутаттық міндеттерін атқарып жатпауы, депутаттық қызметтен тыс жерде болуы мүмкін.
«Міндеттерін атқаруына байланысты» деген ұғым Парламент депутатын жария түрде қорлау уәжінің оның бұрынғы қызметімен немесе болашақ қызметімен, жалпы Парламент депутаттарына деген өшпенділікпен байланысты екенін білдіреді.
ҚК-нің 376-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықтың құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады, сондықтан адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін қандай да бір жағымсыз салдардың туындауы талап етілмейді, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын депутаттық міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруына байланысты жария түрде қорлау фактісінің өзі жеткілікті.
Жәбірленуші болмаған кезде қорлау жасалған жағдайларда талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылуы үшін оған басқа адамдардың оның атына айтылған қорлау сөздерін жеткізу сәті негізге алынады.
Талданып отырған іс-әрекеттің субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам Қазақстан Республикасы Парламенті депутатын депутаттық міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруына байланысты жария түрде қорлап жатқанын сезінеді және соны жасауды қалайды.
Уәждері әртүрлі болуы мүмкін (саяси, бұзақылық және т.б.) және жаза тағайындау кезінде ескерілуге тиіс. Мақсаты — депутаттың қызметіне кедергі жасау.
Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі есі дұрыс, он алты жасқа толған кез келген адам болуы мүмкін.
ҚК-нің 376-бабының 2-бөлігі Қазақстан Республикасы Парламенті депутатын депутаттық міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған жария түрде қорлағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілейді.
Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын депутаттық міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жария түрде қорлау оның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз нысанда жария түрде кемсітуді не оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтерді баспа басылымдарын, теле-, радиоарналарды, интернет-сайттарды, мессенджерлерді және т.б. пайдалана отырып таратуды білдіреді.
Қарастырылып отырған қылмыстың саралаушы белгілерінің неғұрлым толық сипаттамасы ҚК-нің 373-бабына берілген түсініктемеде баяндалған.
ҚК-нің 376-бабының 3-бөлігінде заң шығарушы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына немесе оның жақын туыстарына оның өз міндеттерін орындауына кедергі жасау мақсатында қандай да бір нысанда ықпал еткені үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін дербес қылмыс құрамын бекіткен.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына немесе оның жақын туыстарына ықпал ету — бұл Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының өз міндеттерін орындауына кедергі жасау мақсатында жоғарыда аталған адамдарға бағытталған әрекеттер.
Ықпал ету деп кез келген нысанда көрініс тапқан әрекеттерді түсіну қажет: мысалы, Парламент депутатының карикатуралық бейнесі бар плакаттарды іліп қою немесе телефон арқылы қорқыту және сол сияқты әрекеттер. Әрекеттер ауызша да, жазбаша да нысанда көрініс табуы мүмкін.
Кедергі жасау Парламент депутатының қызметін қазіргі уақытта болдырмауға, тоқтатуға, өзгертуге бағытталған әрекеттермен немесе оның болашақта өз міндеттерін орындауына жол бермеу, оны болдырмау әрекеттерімен көрініс табуы мүмкін. Бұл ретте кедергі жасау депутаттық міндеттерді орындау кезеңін ғана емес, кез келген басқа уақытты да қамтиды.
ҚК-нің 376-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмыс Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына немесе оның жақын туыстарына оның өз міндеттерін орындауына кедергі жасау мақсатында қандай да бір нысанда ықпал ету сәтінен бастап аяқталған деп есептеледі.
ҚК-нің 376-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына немесе оның жақын туыстарына ықпал етіп жатқанын сезінеді және соны жасауды қалайды.
Қарастырылып отырған іс-әрекеттің міндетті субъективтік белгісі (арнайы мақсаты) — Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының өз міндеттерін орындауына кедергі жасау болып табылады.
ҚК-нің 376-бабына берілген ескертуге сәйкес Парламент депутатының қызметі туралы сыни пікірлер қамтылған жария сөз сөйлеулер түсініктеме беріліп отырған бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
ҚК-нің 376-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 376-бабының 2-бөлігінде көзделген іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 376-бабының 3-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік қызмет Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар