Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 71-бабы. Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы түсініктеме
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап мынадай мерзімдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:
1) қылмыстық теріс қылық жасалғаннан кейін бір жыл;
2) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін екі жыл;
3) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейін бес жыл;
4) ауыр қылмыс, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалғаннан кейін он жыл;
5) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін он бес жыл.
2. Ескіру мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап есептеледі және сот үкімінің заңды күшіне енген кезіне дейін жалғасады.
3. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.
4. Қылмыс жасаған адамның тергеуден немесе соттан жалтаруы жағдайында ескіру мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуі адам ұсталған немесе оның кінәсін мойындап келген кезден бастап қайта жалғасады. Бұл ретте, егер қылмыс жасалған уақыттан бері ескіру мерзімі үзілмесе және мынадай мерзімдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды:
1) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін бес жыл;
2) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейін он жыл;
3) ауыр қылмыс, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалғаннан кейін он бес жыл;
4) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін жиырма жыл.
5. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер өткенге дейін ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам жаңа ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаса, ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады. Өзге жағдайларда, егер адам ескіру мерзімі өткенге дейін қайтадан қылмыс жасаса, әрбір қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес есептеледі.
6. Осы Кодекске сәйкес өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыс жасаған адамға қатысты ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуды мүмкін деп таппаса, онда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
7. Ескіру мерзімдері адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарды, террористік қылмыстарды, экстремистік қылмыстарды, азаптауларды, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды, сондай-ақ жеке адамға, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы аса ауыр қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды.
Қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіруі деп қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап белгілі бір мерзімдердің өтуін түсінеміз, бұл заңда белгіленген шарттар болған кезде адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз болады.
Қылмыстық құқық бұзушылық пен жаза тағайындау арасында неғұрлым аз уақыт өтсе, әдетте, оның ықпал ету тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Керісінше, адамды қылмыс жасағаннан кейін едәуір уақыт өткен соң жазалау, жалпы ереже бойынша, жазаның мақсаттарын жүзеге асыру тұрғысынан орынсыз болып қалады (ҚК-нің 39-бабы).
Уақыт өте келе қылмысты тергеп-тексеру қиындай түсетіні де белгілі бір мәнге ие. Бірқатар жағдайларда дәлелдемелер жоғалады немесе өз күшін жояды, куәларға белгілі мәліметтер ұмытылады немесе олардың жадында бұрмаланады, сондықтан істі соттың дұрыс қарауы көптеген жағдайларда қиындық туғызады немесе тіпті мүмкін болмай қалады.
Түсіндіріліп отырған бап әртүрлі себептерге байланысты қылмыстық жауаптылыққа уақтылы тартылмаған және сотталмаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату мәселелерін реттейді. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ұзақ уақыт бойы тиісті органдардың назарынан тыс қалып, жасырынбай, жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасамаса, уақыт өте келе оны қылмыстық жауаптылыққа тартудың орындылығы жойылады. Түсіндіріліп отырған бапты қолдану қажеттілігі көбінесе құқық қорғау және арнаулы органдардың қылмыстық құқық бұзушылық фактісін және оны жасаған адамды әшкерелеуді уақтылы анықтамауына, яғни қылмыстық құқық бұзушылықтың ұзақ уақыт бойы ашылмай қалуына байланысты туындайды.
Түсіндіріліп отырған бапты талдау негізінде ескіру мерзімдерінің екі түрі бар деген қорытынды жасауға болады:
түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде белгіленген, ұзақтығы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты сараланған мерзім;
қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін тергеу мен соттан жасырынған адамдар үшін түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінде белгіленген сараланған мерзім.
Қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуі ақтамайтын мән-жай болып табылады, алайда мемлекет ҚК-нің 71-бабында көзделген мерзімдер өткен жағдайда адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуды мүмкін деп есептейді.
Ескіру мерзімдері келтірілген зиянның сипатына және тағайындалған жазаның мерзіміне (мөлшеріне) емес, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санатына (ауырлығына) қарай сараланады.
ҚК-нің 71-бабына сәйкес, егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап мынадай мерзімдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:
қылмыстық теріс қылық жасалғаннан кейін бір жыл;
онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін екі жыл;
ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейін бес жыл;
ауыр қылмыс, онша ауыр емес және ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалғаннан кейін он жыл;
- аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін он бес жыл.
Қылмыстық жауаптылықтан босату үшін ескіру мерзімдерін есептеу кезінде қолданыстағы Қылмыстық кодекс ескіру мерзімін есептеудің бастапқы сәті қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күн, ал соңғы сәті сот үкімінің заңды күшіне енген кезі болып табылатынын белгілейді (ҚК-нің 71-бабының 2-бөлігі).
Созылмалы қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде ескіру мерзімінің басталуы қылмыстық құқық бұзушылықтың тоқтатылған сәті болып табылады — кінәсін мойындап келу, қылмыскерді ұстау және т.б. Жалғасқан қылмыс жасалған кезде ескіру мерзімінің басталуы жалғасқан қылмыстық құқық бұзушылықтың буыны болып табылатын соңғы эпизод жасалған кез деп есептелуге тиіс.
Адамның әрекетінде әртүрлі санаттарға жататын қылмыстардың жиынтығы болған жағдайда, әрбір қылмыс бойынша ескіру мерзімінің ұзақтығы әртүрлі болуы мүмкін.
Нақты бір қылмыс үшін жазаны жеңілдету жағына қарай қылмыстық заң өзгерген жағдайда, ескіру мерзімін есептеу кезінде жаңа заң ескеріледі. Ал егер жаңа заң жазаны күшейтсе, ескіру мерзімі бұрынғы заң бойынша есептеледі.
Қылмыстық құқық теориясында ескіру мерзімінің аяқталу сәті туралы мәселе біркелкі шешілмейді: кейбір авторлар мұндай сәт деп адамды айыпталушы ретінде тарту күнін, басқалары үкім шығарылған күнді, үшіншілері оның заңды күшіне енген күнін есептейді. ҚР ҚК-де нақты көрсетілген: «Ескіру мерзімі ... сот үкімі заңды күшіне енген кезге дейін есептеледі» (ҚК-нің 71-бабының 2-бөлігі). ҚР ҚК-нің бұл ережесі ҚР Конституциясының 77-бабына негізделген, оның 3-тармағының 1) тармақшасында «...адамның қылмыс жасағаны үшін кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі» деп бекітілген. Демек, қылмыстық жауаптылыққа тартудың сәті де адамды айыпталушы ретінде тарту күні немесе сот үкімін шығару күні емес, үкімнің заңды күшіне енген күні болып табылады.
Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді (ҚК-нің 71-бабының 3-бөлігі). Бұл ретте оны жасаған адамның тергеуден немесе соттан жасырынған-жасырынбағаны маңызды емес, сондай-ақ бұл оның жаңа қылмыс жасауына да байланысты болмайды. Мысалы, 2017 жылы адам қылмыстық теріс қылық жасады, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынды және іздеуде жүріп, 2018 жылы ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігі бойынша тонау қылмысын жасады. Қылмыстық істі сотта қарау сәтіне дейін бір жылдан астам уақыт өтті. Сот қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға және тек тонау қылмысы үшін соттауға мәжбүр болады.
Ескіру мерзімінің өтуі қылмыстық жауаптылықты тек ескіру мерзімінің өтуі бұзылмаған жағдайда ғана жоққа шығарады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның тергеуден немесе соттан жалтаруы кезеңінде, ол ұсталғанға немесе кінәсін мойындап келгенге дейін ескіру мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады (ҚК-нің 71-бабының 4-бөлігі). Осы сәттен бастап ескіру мерзімінің өтуі қайта жалғасады. Егер қылмыс жасалған уақыттан бастап ескіру мерзімі үзілмесе және мынадай мерзімдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды:
онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін бес жыл;
ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейін он жыл;
ауыр қылмыс, онша ауыр емес және ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалғаннан кейін он бес жыл;
аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін жиырма жыл.
Ескіру мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрған кезде оның өтіп кеткен бөлігі өз маңызын жоғалтпайды, ол жасырынған адамның ұсталған немесе кінәсін мойындап келген кезінен бастап өтуі қайта жалғасатын мерзімге қосылады. Мысалы, 2017 жылы қылмыс жасалды, бір жылдан кейін кінәлі адам тергеуден жасырынды және екі жылдан кейін, яғни 2020 жылы ұсталды. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуі 2018 жылдан 2020 жылға дейін, кінәлінің тергеуден жалтарған кезеңіне тоқтатыла тұрады, ал қылмыс жасалған сәттен бастап өткен бір жылдық ескіру мерзімі ұсталғаннан кейін, яғни 2020 жылдан бастап қайта жалғасады. Іс жүзінде кінәлі адам жасырынған екі жыл ескіру мерзіміне есептелмейді. Көрсетілген адам 2020 жылы ұсталған кезде ескіру мерзімінің бір жылы өтті деп есептеледі.
Кінәлінің тергеуден және соттан жалтаруы деп оның қылмыстық жауаптылықтан жалтару мақсатын көздейтін және тергеу органдарын қылмыскерді іздестіруге мәжбүрлейтін әрекеттерді қасақана жасауын түсінеміз. Жалтару тұрғылықты жерінен кету, сыртқы келбетін өзгерту, жаңа тұрғылықты жерінде бөтен тегімен тұру, тегін өзгерту және т.б. түрінде көрініс табуы мүмкін.
Егер осы баптың түсіндірмесінде көрсетілген 1-бөліктегі мерзімдер өткенге дейін ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам жаңа ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаса, ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады. Өзге жағдайларда, егер адам ескіру мерзімі өткенге дейін қайтадан қылмыс жасаса, әрбір қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес есептеледі. Демек, бұрын онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жаңа қылмыс жасаған жағдайда, әрбір қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес есептеледі және үзілмейді. Бұл ретте кінәлінің қандай жаңа қылмыс жасағаны — қасақана немесе абайсызда жасағаны маңызды емес екенін атап өткен жөн.
Егер бұрын жасалған қылмыс үшін Ерекше бөлім бабының санкциясында өлім жазасын немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды қолдану көзделсе, ескіру мерзімін қолдану мәселесі осы бапқа сәйкес адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуды қолдану немесе одан бас тарту мәселесін соттың арнайы қарауы арқылы шешіледі. Бұл адам ескіру мерзімі өткен соң автоматты түрде қылмыстық жауаптылықтан босатылмайтынын білдіреді. Бұл мәселені сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты мұндай адамды қылмыстық жауаптылықтан босату туралы немесе ҚК-нің 71-бабы 1-бөлігінің 5) тармағында көзделген 15 жылдық мерзім өтсе де, қылмыстық жауаптылықтан босатудан бас тарту туралы қаулы шығару арқылы қарайды. Бұл мәселені шешу кезінде сот қылмыстың ауырлығын, қылмыс жасалғаннан кейінгі адамның мінез-құлқын, ел мен халық алдындағы еңбегін, сондай-ақ қоғамдық пікірді ескереді.
Сот ескіру мерзімін қолданбау туралы мәселені өлім жазасы қылмыс жасалған уақытта қолданыста болған заңда жаза түрі ретінде көзделген жағдайда ғана шеше алады (ҚК-нің 5-бабы). Бұл ретте, егер сот тергеуден және соттан жалтарған адам үшін белгіленген 15 және 20 жылдық ескіру мерзімдері өткеніне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуды мүмкін деп таппаса, өлім жазасы тағайындалмайды. Мұндай жағдайда сот өлім жазасының орнына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Егер ҚК-нің Ерекше бөлімінің бабының санкциясында өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделсе, сот жазаның осы түрін тағайындай алмайды және жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды.
ҚК-нің 71-бабының 5-бөлігінің ережелерінен туындайтыны, өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыс жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені тек сот шешеді. Мұндай қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтан босату соттың құқығы болып табылады, міндеті емес.
Ескіру мерзімін есептеуді тағайындалған жаза мерзімін есептеумен шатастырмау керек. Белгілі болғандай, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімі адам ұсталған немесе қамауға алынған сәттен бастап есептеледі. Мысалы, ҚПК-нің 128-бабының 5-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған адамның ұсталу мерзімі нақты ұсталған сәттен бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс. Мысалы, 2016 жылғы 15 желтоқсаннан басталған екі жыл бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жаза мерзімі есептеуді ескере отырып, 2018 жылғы 14 желтоқсанда аяқталуға тиіс.
Ал қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейін басталады, өйткені тәуліктің өтуі сағат 0-ден басталатындықтан, ескіру мерзімінің өтуі қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен кейінгі тәуліктің сағат 0-ден басталуға тиіс. Бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күн деп қоғамға қауіпті әрекеттің (әрекетсіздіктің) жүзеге асырылған уақыты, салдардың туындау уақытына қарамастан, танылады (ҚК-нің 5-бабы).
ҚР Жоғарғы Сотының «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағында мыналар атап көрсетілген:
«Соттар ҚК-нің 71-бабында белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өткен жағдайда, іс бойынша іс жүргізу алдын ала тыңдау сатысында немесе басты сот талқылауында ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің төртінші тармағы, 327 және 343-баптары негізінде қаулы шығару арқылы тоқтатылуға жататынын ескеруге тиіс.
Егер сотталушы көрсетілген негіз бойынша істі тоқтатуға қарсылық білдірсе, онда іс бойынша іс жүргізу жалғастырылады және оған негіздер болған жағдайда, жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкімін шығарумен аяқталады.
Басты сот талқылауында, мысалы, қылмыстық құқық бұзушылықты қайта саралау жағдайында ескіру мерзімінің өткен фактісі анықталған кезде, сот кінәлі адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкімін шығарады.
Өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселе тек басты сот талқылауында үкім шығару арқылы шешіледі. Бұл ретте сот ескіру мерзімдерін қолдануға, айыптау үкімін шығаруға және адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға құқылы. Егер сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуды мүмкін деп таппаса, онда ол ҚК-нің 71-бабының бесінші бөлігіне сәйкес жаза тағайындай отырып, айыптау үкімін шығарады».
ҚК-нің 71-бабының 6-бөлігіне сәйкес, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарды, террористік қылмыстарды, экстремистік қылмыстарды, азаптауларды, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды, сондай-ақ жеке адамға, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы аса ауыр қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды.
Адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарға ҚК-нің 160–174-баптарында көзделген әрекеттер жатады. Террористік қылмыстардың толық тізбесі ҚК-нің 3-бабының 30) тармағында, экстремистік қылмыстардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 39) тармағында белгіленген (ҚК-нің 3-бабына түсініктемені қараңыз).
Азаптауларға ҚК-нің 146-бабында көзделген қылмыстар жатады.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 42) тармағында берілген (ҚК-нің 3-бабына түсініктемені қараңыз).
Жеке адамға қарсы аса ауыр қылмыстарға ҚК-нің 99-бабында; 120-бабының 3, 3-1, 3-2 және 4-бөліктерінде; 121-бабының 3, 3-1, 3-2 және 4-бөліктерінде; 122-бабының 3-бөлігінде; 124-бабының 3-бөлігінде; 125-бабының 3-бөлігінде; 128-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекеттер үшін жауаптылық жатады.
Конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстарға ҚК-нің 175–178-баптарында; 179-бабының 3-бөлігінде; 180-бабының 3-бөлігінде; 181-бабында; 182-бабының 1 және 3-бөліктерінде; 184-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекеттер үшін жауаптылық жатады.
Қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы аса ауыр қылмыстарға ҚК-нің 255-бабының 3 және 4-бөліктерінде; 257-бабының 1 және 3-бөліктерінде; 259-бабының 2-бөлігінде; 261-бабының 3-бөлігінде; 262-бабының 3-бөлігінде; 263-бабының 1, 3, 4 және 5-бөліктерінде; 264-бабының 1 және 3-бөліктерінде; 265-бабының 2 және 3-бөліктерінде; 267-бабының 2-бөлігінде; 268-бабында; 269-бабының 3-бөлігінде; 270-бабының 3-бөлігінде; 271-бабының 3-бөлігінде; 286-бабының 3 және 4-бөліктерінде; 291-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекеттер үшін жауаптылық жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвили.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік қаулы Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме