Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 412-бабына түсініктеме. Көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту
1. Көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту — жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан не ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет —
2. жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі қылмыстық сот ісін жүргізу қағидаттарының бұзылуымен және құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірумен ғана шектелмейді, сонымен қатар заңға бағынатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтары да бұзылады, адамдарда құқықтық қорғалмағандық сезімі қалыптасады, жәбірленушіге ауыр зиян (моральдық, дене) келтіріледі.
Қылмыстың объектісі сот төрелігін жүзеге асыру бойынша анықтау, тергеу және прокуратура органдарының қалыпты қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қосымша объект ретінде әрдайым жеке адамның заңды құқықтары мен мүдделері (бостандығы, ар-намысы, қадір-қасиеті, денсаулығы, мүліктік мүдделері) танылады.
Жәбірленуші деп көрінеу заңсыз түрде қылмыстық жауаптылыққа тартылған кез келген жеке тұлға танылуы мүмкін.
Қылмыстың объективтік жағы көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартумен сипатталады.
1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 11-бабының 1-тармағында қылмыс жасады деп айыпталған әрбір адам өзінің кінәлілігі заңды тәртіппен, өзінің қорғануы үшін барлық мүмкіндіктер қамтамасыз етілетін жария сот талқылауы жолымен анықталғанға дейін кінәсіз деп есептелуге құқылы екендігі белгіленген.
ҚК-нің 4-бабында қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі қылмыстық құқық бұзушылық жасау, яғни ҚК-де көзделген қылмыс не қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекетті жасау болып табылатыны бекітілген.
ҚПК-нің 34-бабында қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлардың толық тізбесі қамтылған.
Адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту қылмыс жасады деп айып тағуға негіз болатын жеткілікті дәлелдемелер болған жағдайда ғана мүмкін болады.
ҚК-нің 412-бабына қатысты көрінеу кінәсіз деп қылмыстық жауаптылыққа тартылып отырған, өзіне тағылып отырған қылмыстық іс-әрекетті жасамаған адамды түсіну керек. Бұл мынадай жағдайларды білдіруі мүмкін: 1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы мүлдем орын алмаған; 2) жәбірленушінің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері жоқ; 3) жәбірленушіге басқа адам жасаған қылмыстық құқық бұзушылық тағылған.
Қылмыстық жауаптылыққа тарту адамды күдікті деп тану және күдіктінің іс-әрекетін саралау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
ҚПК-нің 64-бабына сәйкес күдікті деп мынадай адам танылады:
өзіне қатысты күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған адам;
ҚР ҚПК-нің 131-бабында белгіленген тәртіппен ұсталған адам;
өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған адам;
қылмыстық теріс қылық жасады деген күдікке байланысты жауап алынған адам.
Қылмыстық құқық ғылымында адам қай сәттен бастап қылмыстық жауаптылыққа тартылды деп есептелетіні жөнінде заңгер ғалымдар арасында бірізді көзқарас жоқ. Бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдары арасында да пікір бірлігі жоқ. Бұл мәселені дұрыс шешу түсіндіріліп отырған қылмыстың аяқталу сәтін дұрыс айқындауға байланысты. Ғалымдардың көпшілігі, әсіресе қылмыстық-процестік құқық саласындағы мамандар, жауаптылық нақты адамды айыпталушы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы қаулы шығарылған немесе оған қатысты айыптау актісі жасалған сәттен бастап туындайды деп есептейді. Менің пікірімше, талданып отырған қылмыс құрамының объективтік жағы адамды күдікті деп тану туралы не күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарумен, не ҚПК-нің 131-бабында белгіленген тәртіппен ұстаумен, не қылмыстық теріс қылық жасады деген күдіктің болуына байланысты жауап алумен көрініс табады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың объективтік жағын заңнамада көзделген қылмыстық істі тоқтатуға негіздер болған кезде адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту (мысалы, ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігіне, 15-бабының 3-бөлігіне сәйкес), сондай-ақ кінәлі адамның оған қатысты рақымшылық актісін қолдануға келісімі болған жағдайда, рақымшылыққа іліккен адамның жауаптылыққа тартылуы да құрайды.
Демек, ҚК-нің 412-бабында көзделген қылмысты кінәсіз адамға қатысты жоғарыда аталған процестік әрекеттердің бірі жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеу керек, өйткені осы кезден бастап оған қорғалу құқығы және басқа да құқықтар қамтамасыз етіледі. Қарастырылып отырған қылмыс құрамының объективтік жағының белгілеріне әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тарту сияқты әрекеттер жатпайды.
Түсіндіріліп отырған баптың құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс жоғарыда аталған әрекеттердің біреуі жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
ҚК-нің осы бабында кінәсіз адамды жауаптылыққа тарту туралы, яғни қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатпайтын адамдар тобына қарағанда неғұрлым тар адамдар тобы туралы айтылған. Қылмыс құрамының болуы үшін істің сотқа жіберілген-жіберілмегені, айыптау үкімінің шығарылған-шғарылмағаны маңызды емес. Тіпті қылмыстық іс тоқтатылған немесе ақтау үкімі шығарылған жағдайлардың өзінде де көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартқаны үшін жауаптылық жоққа шығарылмайды.
Қылмыс субъектісінің белгілеріне ие емес адамдарды (жас балаларды, есі дұрыс емес адамдарды) қылмыстық жауаптылыққа тарту ҚК-нің 412-бабының қолданылу аясына жатпайды. Қылмысты дұрыс сараламау да осы қылмыстың белгілеріне жатпайды. Тиісті белгілер болған жағдайда лауазымды адамдардың әрекеттері ҚК-нің 361 немесе 371-баптары бойынша саралануға тиіс.
Егер кінәлі адам көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін дәлелдемелерді қолдан жасаса, сол арқылы жеткілікті дәлелдемелердің бар екендігі туралы жасанды көрініс қалыптастырса, жасалған әрекет ҚК-нің 412 және 416-баптары бойынша қылмыстардың жиынтығы ретінде саралануға тиіс.
Қарастырылып отырған қылмыс жәбірленушінің өзге де конституциялық құқықтарын бұзумен ұштасуы мүмкін. Көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың алдында жеке өмірге қол сұғылмаушылықты, жеке немесе отбасылық құпияны, тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф немесе өзге де хабарламалар құпиясын бұзумен, заңсыз ұстаумен, қамауға алумен немесе күзетпен ұстаумен және т.б. байланысты әрекеттер жасалуы мүмкін. Олар ҚР ҚК-нің 412-бабында көзделген қылмыс құрамымен қамтылмайды және дербес саралауды талап етеді.
Субъективтік жағынан көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту тек тікелей қасақаналықпен жасалуы мүмкін, бұл көрінеулілік туралы нұсқаудан көрінеді.
Бұл ретте қасақаналықтың мазмұнына, атап айтқанда, субъектінің жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілігін сезінуі, өзі қылмыстық жауаптылыққа тартып отырған адамның кінәсіз екенін ұғынуы, сондай-ақ көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуды алдын ала білуі және соны қалауы кіреді.
Егер кінәсіз адамды жауаптылыққа тартқан адам өзінің заңсыз әрекет жасап жатқанын ұғынбаса және соңғысының әрекеттерін бағалауда адал ниетпен қателессе, қарастырылып отырған қылмыс құрамы болмайды. Сонымен бірге, қажетті белгілер болған жағдайда, аталған әрекеттер ҚК-нің 371-бабы бойынша салғырттық ретінде саралануы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Субъектіні қылмыс жасауға итермелеген себептер әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, мансапқорлық, кек алу, қызғаныш, өзге де жеке мүдделілік, алайда олар қылмысты саралауға әсер етпейді.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъектісі қылмыстық жауаптылыққа тарту құқығы бар адам, яғни тергеуші немесе анықтаушы болып табылады. ҚПК-нің 202-бабының 1-бөлігіне сәйкес дәл осы адамдар тиісті процестік шешімдер қабылдауға құқылы.
Прокурор қылмыс субъектісі ретінде тек істі өзінің іс жүргізуіне қабылдап, тиісті қаулыны өзі шығарып, содан кейін оны көрінеу кінәсіз адамға жариялаған жағдайда ғана қарастырылуы мүмкін.
Прокурорға, тергеушіге және анықтаушыға жататын адамдар тобы ҚК-нің 407-бабына түсініктеме беру кезінде егжей-тегжейлі ашылған.
ҚК-нің 412-бабының 1-бөлігі бойынша жауаптылық қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылған жағдайда туындайды.
ҚК-нің 412-бабының 2-бөлігіне сәйкес қарастырылып отырған қылмыстың сараланған құрамы көрінеу кінәсіз адам ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жауаптылыққа тартылған немесе іс-әрекет ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда болады. Бұл жағдайда осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігі артады.
Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ұғымдары ҚК-нің 11-бабының 4 және 5-бөліктерінде берілген.
Ауыр зардаптардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 4) тармағында берілген.
Осылайша, көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту нәтижесінде ауыр зардаптар келтірілген жағдайда, ҚК-нің 412-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады.
ҚК-нің 412-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Нұсқау Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар