Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтiрген
Ақтөбе облысы Ойыл аудандық сотының 2019 жылғы 28 қаңтардағы үкімімен: Т. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 106-бабы екінші бөлігінің 1) тармағымен 6 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. ҚК-нің 63-бабына сəйкес тағайындалған жаза шартты деп саналып, оған тағайындалған жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленген. ҚК-нің 44-бабы екінші бөлігіне сәйкес Т.-ға сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау; ойын-сауық орындарына (кафе, клуб, мейрамханаларға) бармау; алкоголизмнен емделу курсынан өту; сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа да міндеттер жүктелген. Сот үкімімен Т. екі адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінəлі деп танылған. Қылмыстық іс апелляциялық тəртіпте қаралмаған. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығында сот үкімі қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауына және жазаның дұрыс тағайындалмауына байланысты өзгертілуге жатады деп көрсетілген. Істегі дәлелдемелерге қарағанда сотталған Т.-ның әрекетінде жәбірленушілердің денсаулықтарына ауыр зиян келтіру ниеті болмаған, олардың ұрып-соғуларынан қорғанған. Сондықтан Т.-ның әрекетін ҚК-нің 106-бабы екінші бөлігінің 1) тармағынан осы Кодекстің 112-бабының бірінші бөлігіне қайта саралап, оған 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды, 50 сағат мөлшерінде мəжбүрлі еңбекке тартуды, жəбірленушілердің өтемақы қорына өндірілген мəжбүрлі төлем мөлшері 24 050 теңгеге дейін азайтуды сұраған. Іс материалдарынан анықталғандай, Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында Ә. мен Қ. 2018 жылғы 15 қараша сағат 20:00 шамасында арақ ішкен мас күйлерінде аталған ауыл тұрғыны Ш.-ның үйіне кіріп, осы үйде қонақта болған Т.-ның далаға шығуын талап еткен. Т. далаға шыққан кезде ешқандай сөзге келместен Ә. мен Қ. оны соққыға жығып, денесінің əр жерінен жұдырықтарымен ұрған.
Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтiрген
Оларды М. арашалап жатқан уақытта Т. қайтадан Ш.-ның үйіне қашып кірген. Оны соңынан үйге қуып кірген Ә. мен Қ. жұдырықпен соққыларын қайта жалғастырған. Сол кезде Т. ас бөлмеде пештің үстінде тұрған асхана пышағын алып, Қ.-ның сол жақ кеуде тұсына, Ә.-нің оң жақ кеуде тұсына соққы жасаған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес екеуінің денсаулығына ауыр дəрежелі зиян келтірген. ҚК-нің 32-бабына сəйкес қорғанушының жəне басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның жəне мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан, оның ішінде қол сұғушы адамға зиян келтіру жолымен заңды түрде қорғау қажетті қорғаныс деп танылады. Нəтижесiнде қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мəжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дəрежесiне қорғанудың анық сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа əкеп соғады. «Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағында, адамды қажетті қорғаныс жағдайында болды деп тану үшін қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасалғанын жəне бұл қол сұғушылық оның осы қол сұғушылықты болдырмау немесе тойтарыс беру үшін шабуыл жасаушыға қаза келтіру немесе денсаулығына зиян келтірумен ұштасқан əрекеттер жасауына себеп болғанын анықтау қажет. Осы нормативтік қаулының 11-тармағына сәйкес қорғанудың қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дəрежесіне сəйкес келуі, қорғанушының өзінің күші мен шабуыл жасаушының күшінің нақтылы ара салмағын есепке алуын жəне барлық мəн-жайларды ескере отырып, қол сұғушылыққа тойтарыс беруде қажеттіден артық зиян келтіруге жол бермеуін көздейді. Бұл орайда қорғанушыларға қасақана келтірген зиянның шабуыл жасаушыға келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның көлеміне, сипатына сəйкес келмеуі қорғану құқығын жүзеге асыру үшін осындай зиян келтірудің қажеттігі жоғы көрінеу айқын болғанда ғана қылмыстық жауаптылыққа əкеп соғады деп көрсетілген. Іс материалдарына қарағанда, жəбірленушілер Ә. мен Қ.-ның тарапынан Т.-ның жеке басына қауіпті қол сұғушылық жасалғаны, ал Т. болса, өзінің басына төнген қатерден қорғану мақсатында əрекет етіп, жəбірленушілер Ә. мен Қ.-ға тойтарыс бергені, алайда осы әрекет барысында ол жəбірленушілерге шектен тыс жағдай мəжбүр етпейтін зиян келтіріп, яғни оқиға орнынан тауып алған пышақпен олардың əрқайсының кеуде тұсынан бір-бір мәрте ұрып, қажетті қорғану шегінен шыққаны және ол объективті айғақтармен бекиді.
Сотталған Т.-ның жауабында Ш.-ның үйіне барып, кешкі ас пен алкогольдік ішімдік ішіп отырған уақытта, үйге ауыл тұрғындары Ә. мен Қ. келіп, оның соңғысы одан сыртқа шығуын сұраған. Сондықтан Т. олардың артынан далаға шыққан кезде Ә. мен Қ. ешқандай сөзге келместен өзін ұра бастағанын, қандай жағдай болғанын түсінбегенін, үйдің ішіне қашқанын, олар артынан қуып келіп, үйдің ішінде ұруларын жалғастырғанын, олардан қорғану мақсатында пештің үстінде тұрған ас үй пышағын алып, онымен Ә. мен Т.-ны ұрғанын көрсеткен. Жəбірленушілер Ә. мен Қ. осы ауыл тұрғыны Ш.-ның үйінен Т.-ны далаға шақырған. Соңғысы сыртқа шыққан кезде ешқандай сөзге келместен, екеуі оны ұрған. Сол кезде Т. үйдің ішіне қашып кірген. Жəбірленушілер оның соңынан үйдің ішіне кіріп, Т.-ны тағы да ұрған. Осы уақытта Т. шыдай алмай пештің үстінде жатқан ас үй пышағын алып, екеуінің кеуде тұстарына сұғып алған. Сонымен қатар қылмыстық іс материалдарына сəйкес Т.-ның Ә. мен Қ. оның денсаулығына ауыр дəрежелі зиян келтіріп жатқан кезде өз-өзін қорғаудан басқа ешбір бөтен ойы болмаған. Жоғарыда аталғандардың және істің мəн-жайларына сəйкес сотталған Т.-ның бөтен үйдегі пештің үстінде жатқан пышақты алып, жəбірленушілерге сол пышақпен соққылар жасағаннан кейін ғана жəбірленушілер өздерінің заңға қайшы əрекеттерін, яғни адамдар тобы болып, біршама уақыт мөлшерінде, Т.-ның денсаулығына қауіпті қол сұғушылықтарын тоқтатып, оқиға орнынан кетіп қалған. Демек бұдан шығатын қорытынды сотталған Т. өзін қорғану мақсатында жəбірленушілерге пышақ қолданбаған жағдайда олар оны ұрып-соғуларын тоқтатпайтын еді. Алайда сот алқасы жəбірленушілерге қатысты Т.-ның пышақ қолдануы төнген қауіп дəрежесіне сəйкес келмейді деп санайды. Жәбірленушілердің іс-əрекеттері салдарынан сотталғанның денсаулығына жеңіл дəрежелі зиян келгенін ескеріп, Т.-ның тарапынан Ә. мен Қ.-ның денсаулығына ауыр дəрежелі зиян келтірудің, сонымен қатар, қауіптілігі жоғары құрал ретінде пайдаланылған пышақты қолдану қажеттігі болмаған деген тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Т.-ға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертіп, Т.-ның әрекеті ҚК-нің 106-бабы екінші бөлігінің 1) тармағынан осы Кодекстің 112-бабының бірінші бөлігіне қайта сараланды. Т.-ға 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 50 сағатқа мəжбүрлі еңбекке тартылды. Жəбірленушілердің өтемақы қорына өндірілген мəжбүрлі төлем мөлшері 24 050 теңгеге дейін азайтылып, үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Бас Прокурордың наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтiрген
116 рет жүктеп алынды