Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
Қызылорда облысы Қызылорда қаласы № 2 сотының 2019 жылғы 22 шілдедегі үкімімен: Е. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 394-бабының екінші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 айға, ҚК-нің 385-бабының екінші бөлігімен – 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған, ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігімен – 160 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылған. ҚК-нің 58-бабы екінші бөлігінің негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталған. Сот үкімімен Т. адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, шетелдіктерге қолдан жасалған құжаттар беріп, олардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келіп-кету және орын ауыстыру үшін өзге де қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны және адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, құқықтар беретін немесе міндеттерден босататын қолдан жасалған ресми құжатты бірнеше рет өткізіп, көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған. Сотталған Т. өтінішхатында сот актілерінің жаза тағайындау бөлігімен келіспейтінін, жаза тағайындау барысында оған қатысты ҚК-нің 65-бабы қолданылмағанын, өзінің отбасының жалғыз асыраушысы екенін, кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасының және іс сапарларда жүруді қажет ететін кәсіпкерлік жұмысының барын, сондай-ақ соттың 2019 жылғы 17 маусымдағы үкімімен ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен, 28-бабымен, 385-бабының екінші, үшінші бөліктерімен кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталғанын, алайда апелляциялық сот алқасының 2019 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен үкімнің жаза тағайындау бөлігі өзгертіліп, оған айыппұл салынғанын, сондықтан үкімінің жаза тағайындау бөлігі өзгертілуге жататынын, яғни айыппұл жазасы тағайындалған жазаға сіңірілуі керектігін көрсетіп, оған қатысты Қызылорда қаласы № 2 сотының 2019 жылғы 22 шілдедегі үкімін өзгертіп, осы соттың 2019 жылғы 17 маусымдағы үкіміне және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына сәйкес түпкілікті 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған бөлігін өзгертіп, айыппұл жазасын тағайындалған жазаға сіңіруін сұраған.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
Сотталған Т.-ның үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде баяндалған мән-жайларда қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны жөніндегі соттың тұжырымы сот отырысында жан-жақты, толық және объективті зерттелген дәлелдемелерге негізделген және істің нақты мән-жайларына сәйкес келеді. Т.-ның кінәсі жасаған қылмыстарын мойындаған жауабымен, сотталғандар Қ.-ның, К.-нің, куәлар А.-ның, С.-ның жауаптарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да іс материалдарымен толықтай дәлелденген. Сот Т.-ның қылмыстық әрекеттеріне құқықтық тұрғыдан негізді баға беріп, оларды ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен, ҚК-нің 385-бабының екінші бөлігімен, ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігімен дұрыс саралаған. Алайда сот сотталған Т.-ға жаза тағайындағанда оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасағанын негізсіз таныған. Өйткені ҚК-нің 54-бабының екінші бөлігіне сәйкес егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайта ескерілмейді. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Нормативтік қаулы) 4-тармағына сәйкес ҚК-нің 53-бабында немесе 54-бабында көзделген мән-жай қылмысты саралайтын белгілердің бірі ретінде Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігіндегі бабының диспозициясында көрсетілсе, сот оны осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде тани алмайды. Іс бойынша анықталғандай, бірінші сатыдағы сот Т.-ға жаза тағайындағанда оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген әрекетіне шын жүректен өкінуін, жас балаларының болуын ескерген. Сонымен қатар қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасағанын таныған. Ал оны сот үкімімен кінәлі деп таныған ҚК-нің бабында қылмыстық құқық бұзушылықтың белгісі ретінде көзделген. Осы орайда, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Т.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасағаны қайта ескерілуге жатпайды деген шешімге келді. ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес қылмыстық теріс қылық жасаған кезде, жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшерінің жартысынан асыруға болмайды.
Сонымен қатар ҚК-нің 394-бабының, 385-бабының екінші, үшінші бөліктерінің санкциясында басқа жазалардың түрі ретінде айыппұл түріндегі баламалы жаза көзделген. Алайда сот 2019 жылғы 22 шілдедегі үкімінде сотталған Т.-ға айыппұл тағайындамау жөнінде негіздемеген. Нормативтік қаулыға сәйкес, егер адамды кінәлi деп таныған ҚК-нің бабының санкциясы жазалардың баламалы түрлерін көздесе, осы Кодекстің 52-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес жазаның неғұрлым жеңілірек түрі жазалаудың мақсатына қол жеткізуді қамтамасыз ете алмаған жағдайда ғана жазаның неғұрлым қатаң түрі қолданылатынын назарда ұстай отырып, соттар олардың ішінен жазаның неғұрлым жеңілірек түрін тағайындаудың мүмкіндігі туралы мәселені талқылағандары жөн. Сот шешімі үкiмде уәжделуге тиіс. Осы орайда, сот алқасы Т.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің 1) тармағының талабына сәйкес оған ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен, 385-бабының екінші, үшінші бөліктерімен айыппұл түріндегі жаза тағайындау қажет деп санайды. Сондай-ақ сотталғанның өтінішхатына қарағанда, ол бұрын Қызылорда қаласы № 2 сотының 2019 жылғы 22 шілдедегі үкімі шыққанға дейін осындай әрекеті үшін осы соттың 2019 жылғы 17 маусымдағы үкімімен сотты болған. Соттан сұратылған қылмыстық істен Т.-ның Қызылорда қаласы № 2 сотының 2019 жылғы 17 маусымдағы үкімі бойынша ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен, 28-бабының бесінші бөлігімен, 385-бабының екінші, үшінші бөліктерімен, ҚК-нің 58-бабының екінші бөлігін қолданып, қылмыстардың жиынтығы бойынша 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталғаны анықталды. Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен аталған үкім өзгертіліп, сотталғанға ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен 500 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде, яғни 1 202 500 теңге айыппұл жазасы, 28-бабының бесінші бөлігімен, 385-бабының екінші бөлігімен 150 АЕК, яғни 360 750 теңге айыппұл жазасы, 28-бабының бесінші бөлігімен, 385-бабының үшінші бөлігімен 100 АЕК мөлшерінде, яғни 240 500 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
Қылмыстардың жиынтығы бойынша Т.-ға ҚК-нің 58-бабының екінші бөлігіне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 500 АЕК мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған. Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Т.-ның 2019 жылғы 22 шілдедегі үкімімен сотты болған қылмысты 2017 жылғы тамыз және 2018 жылғы маусым аралығында жасаса, ал 2019 жылғы 17 маусымдағы үкімімен сотты болған қылмысты 2018 жылғы тамызда жасаған. ҚК-нің 58-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, егер сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм шығарылғанға дейiн жасаған тағы да басқа қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі екенi анықталса, жаза осы баптың қағидалары бойынша тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкiмi бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жаза мерзiмiне есептеледi. Осыған байланысты сотталған Т.-ға ҚК-нің 58-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес 2019 жылғы 17 маусымдағы және 2019 жылғы 22 шілдедегі үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау керек. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Т.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгертіп, іс бойынша сотталған Т.-ның қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасауы оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайы ретінде танылуын алып тастады. Т.-ға ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес әр бап бойынша бөлек жаза тағайындады: - ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен - 550 АЕК, яғни 1 322 750 теңге мөлшерінде айыппұл, ҚК-нің 385-бабының екінші бөлігімен - 200 АЕК мөлшерінде, яғни 481 000 теңге айыппұл, ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігімен - 80 АЕК мөлшерінде, яғни 192 400 теңге айыппұл салу жазасын тағайындады. ҚК-нің 58-бабының екінші бөлігіне сәйкес онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы 550 АЕК мөлшерінде, яғни 1 322 750 теңге айыппұл жазасын тағайындады. ҚК-нің 58-бабының алтыншы бөлігі негізінде Қызылорда облысы Қызылорда қаласы № 2 сотының 2019 жылғы 17 маусымдағы үкімімен және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен тағайындалған жазаны осы қаулымен тағайындалған жазаға сіңіру арқылы Т.-ға түпкілікті 550 АЕК мөлшерінде, яғни 1 322 750 теңге айыппұл жазасын тағайындады. Бірінші сатыдағы сот үкімімен апелляциялық сот алқасы қаулысының қалған бөліктері өзгеріссіз қалдырылды. Сотталған Т.-ның өтінішхаты қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
327 рет жүктеп алынды