100-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі
1. Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады:
1) әкімшілік актінің күшін жою туралы;
2) әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы;
3) әкімшілік әрекетті жасау туралы;
4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
5) әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы;
6) шағымды қараусыз қалдыру туралы.
2. Шағымды қарайтын орган, егер әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жататын жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2) немесе 3) тармақшаларында көзделген шешімді шығарады.
Шағымды қарайтын орган әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жол берілген бұзушылықтарды көрсете отырып және, егер тиісті актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жатпаса, оларды жою жөніндегі ұсыныстармен шағымды әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жібереді.
3. Мыналар:
әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамау және анықтамау;
әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мазмұнының әкімшілік істің материалдарына сәйкес келмеуі;
Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу немесе дұрыс қолданбау осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдерді шығару үшін негіздер болып табылады.
4. Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі, ал шешімнің көшірмесі әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберіледі.
Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелді болуға тиіс.
Шағымды қарайтын органның шешімі орындау үшін міндетті болып табылады.
5. Егер шағымды қарайтын орган осы Кодексте белгіленген мерзімдерде шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап шағымды қарайтын орган шағымды қанағаттандырудан бас тартты деп есептеледі.
6. Шағымды қарайтын органның шешімімен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын басқа органға немесе сотқа әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы