616-бап. Мердiгерлiк шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
1. Мердiгерлiк шарты бойынша бiр тарап (мердiгер) екiншi тараптың (тапсырысшының) тапсырмасы бойынша белгiлi бiр жұмысты атқаруға және белгiленген мерзiмде оның нәтижесiн тапсырысшыға өткiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы жұмыс нәтижесiн қабылдап алуға және оған ақы төлеуге (жұмыстың бағасын төлеуге) мiндеттенедi. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң тәуекелiмен орындалады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер тапсырысшының тапсырмасын орындау әдiстерiн дербес айқындайды.
3. Мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерiне (тұрмыстық мердiгерлiк, құрылыс мердiгерлiгi, жобалау немесе iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк, ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға мердiгерлiк), егер осы Кодекстiң бұл түрлер туралы ережелерінде өзгеше белгіленбесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.
4. Мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерi бойынша қатынастар осы Кодекспен қатар мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiмен де реттеледi.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы