Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258-бабына түсініктеме. Вандализм
Вандализм, яғни ғимараттарды немесе өзге де құрылыстарды жазулармен немесе суреттермен не қоғамдық адамгершілікке қайшы келетін өзге де әрекеттермен қорлау, сол сияқты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру – бір жүзден бес жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның бір айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де кірісі мөлшерінде айыппұл салуға не бір жүз жиырмадан бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.
Вандализм құрамы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіндегі жаңалық болып табылады, бұрынғы қылмыстық заңда вандализм құрамын құрайтын әрекеттер бұзақылыққа жатқызылған. Қоғамдық қауіптілігі вандализмнің қоғамдық адамгершілік және эстетика нормаларына зиян келтіруінен көрінеді.
Вандализм әлеуметтік жат құбылыс ретінде мәдени және материалдық құндылықтарды мағынасыз қиратуды, тағылықты білдіреді.
Вандализмнің объектісі қоғамдық адамгершілік және қоғамдық тәртіп нормаларын реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Объективтік жағы ғимараттарды немесе өзге де құрылыстарды қорлауға, қоғамдық көліктегі немесе өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіруге бағытталған әрекеттерді жасаудан көрінеді.
Ғимараттарды немесе өзге де құрылыстарды қорлау деп оларға немесе олардың бөліктеріне қоғамдық адамгершілік пен моральға тіл тигізу ретінде қабылданатын түр беру түсініледі. Мұндай әрекеттерге ғимараттар мен өзге де құрылыстарға олардың жалпы көрінісін бұзатын немесе эстетикалық қасиеттеріне айқын зиян келтіретін, әдепсіз, қорлайтын, өшпенді-циникалық сипаттағы жазулар мен суреттерді орналастыруды жатқызу керек.
Вандализм белгілеріне жататын әрекеттерді анықтау кезінде салынған жазулар мен суреттердің сипатын, сондай-ақ оларды жою мүмкіндігін ескеру қажет. Кәдімгі ғимараттардың қабырғаларына немесе үй-жайларына салынған көлемі шағын, көзге түсе бермейтін және оңай өшірілетін былапыт жазулар мен әдепсіз суреттер ҚК-нің 9-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде қарастырылмауға тиіс. Тарихи, мәдени, эстетикалық маңызы бар ғимараттар мен өзге де құрылыстарда (музейлерде, кітапханаларда) жасалған суреттер мен жазулар вандализм ретінде саралануы мүмкін. Егер ғимараттарды немесе өзге де құрылыстарды қорлау жерлеу орындарын, қабір үстіндегі құрылыстарды немесе зират ғимараттарын бүлдірумен не қорлаумен ұштасса, аталған әрекеттер ҚК-нің 275-бабы бойынша саралануға тиіс. Билік өкілдерінің нақты өкілдеріне олардың қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты қатысты қорлайтын және былапыт жазулар, әдепсіз, циникалық және қорлайтын сипаттағы суреттер мен бейнелер салу әрекеттері ҚК-нің 320-бабы бойынша саралануы мүмкін.
Вандализм белгілеріне жататын әрекеттерге көліктегі (автомобильдерде, автобустарда, вагондарда, ұшақтарда, өзен және теңіз кемелерінде) немесе өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру де жатады. Бұл ретте мүлікті бүлдіру салдарынан келтірілген зиян елеусіз болуға тиіс. Егер келтірілген зиян елеулі болса, кінәлінің әрекеттері Қазақстан Республикасы ҚК-нің 187-бабы («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша сараланады.
Вандализм Қазақстан Республикасы ҚК-нің 258-бабының диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Вандализмнің субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адамның қоғамдық тәртіп пен қоғамдық адамгершілік нормаларын бұзатынын сезінеді және соны қалайды.
Вандализмнің субъектісі – 14 жасқа толған жеке тұлға.
Вандализмнің бұзақылықтан айырмашылығы мынада: вандализм құрамын құрайтын әрекеттер кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу демонстративті түрде өрескел сипатта болмайды және барлық жағдайда қоғамды анық құрметтемеуді білдірмейді. Вандализм кезінде, ең алдымен, қоғамдық тәртіп негізделетін қоғамдық адамгершілік нормалары бұзылады. Вандализм кезінде қылмыстық әрекеттердің салдары анықталғанға дейін қоғамдық тәртіптің бұзылғаны белгісіз болып қалуы мүмкін. Қоғамдық тәртіптің бұзылуының тікелей айқын болуы вандализм мен бұзақылықты ажыратудың ең маңызды өлшемі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі И.Ш. Борчашвилидің түсініктемесі.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған орны: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Қолданылу өңірі: 100000000000
Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: жаңа
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау