Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 115-бабына түсініктеме. Күдіктінің, жәбірленушінің, куәнің айғақтары
1. Күдіктінің, жәбірленушінің, куәнің айғақтары – осы Кодекстің 26-тарауында белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жүргізілген жауап алу кезінде олардың жазбаша немесе ауызша нысанда берген мәліметтері.
2. Күдікті өзіне тағылған күдік бойынша, сондай-ақ өзіне белгілі, іс үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар мен дәлелдемелер туралы айғақтар беруге құқылы.
3. Күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсін мойындауы оның кінәлілігі іс бойынша бар дәлелдемелердің жиынтығымен расталған жағдайда ғана айыптаудың негізіне алынуы мүмкін.
4. Жәбірленушіден іс бойынша дәлелдеуге жататын кез келген мән-жайлар, сондай-ақ оның күдіктімен, басқа жәбірленушілермен, куәлармен өзара қарым-қатынастары туралы жауап алынуы мүмкін. Егер жәбірленуші өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, ол хабарлаған мәліметтер дәлелдеме ретінде қызмет ете алмайды.
5. Куәдан іске қатысты кез келген мән-жайлар, оның ішінде күдіктінің, жәбірленушінің жеке басы және олардың өзімен және басқа куәлармен өзара қарым-қатынастары туралы жауап алынуы мүмкін. Егер куә өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, ол хабарлаған мәліметтер дәлелдемелер ретінде қызмет ете алмайды. Куә ретінде жауап алынуға жатпайтын адамдардың хабарламалары дәлелдемелер болып табылмайды.
6. Күдіктінің жеке басын сипаттайтын деректер туралы айғақтар айыптаудың негізіне алынбайды және тек жаза тағайындауға немесе жазадан босатуға байланысты мәселелерді шешу үшін дәлелдемелер ретінде пайдаланылады.
7. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен жауап алу кезінде қылмыстық іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға немесе жаңғыртуға қабілетсіз деп танылған адамның айғақтары дәлелдемелер болып табылмайды.
8. Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарға құпия негізде жәрдем көрсететін адамның тікелей қабылдаған нақты деректері, аталған адам куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы ретінде оның келісімімен жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Қылмыстық топқа енгізілген адамдардың тікелей қабылдаған нақты деректері осы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін не жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органның лауазымды адамынан куә ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Ескертпе. 115-бапқа Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 36-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Күдіктінің, жәбірленушінің, куәнің айғақтары, ең алдымен, жауап алу барысында хабарланатын мәліметтердің мәні бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Аталған адамдардан жауап алу кезінде алынатын нақты деректер қылмыстық процесті жүргізетін орган әрбір қылмыстық іс бойынша дәлелдеуге тиіс мән-жайларға қатысты болуы қажет (ҚПК-нің 113-бабының нормаларына түсініктемені қараңыз).
ҚПК 115-бабының 2-бөлігінің нормалары күдіктінің ұсталғаннан кейін жауап алу кезінде, қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылғаннан кейін жауап алу кезінде, сондай-ақ күдікті іс-әрекетті саралау туралы қаулы жарияланғаннан кейін жауап алу кезінде айғақтар беруге құқылы болатын жағдайларды көздейді. Бұл – күдік нысанасына, істің өзге де мән-жайларына және іс бойынша жиналған дәлелдемелерге қатысты жүргізілуі мүмкін қосымша немесе қайталама жауап алуларды есептемегенде, үш жағдай.
Күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін мойындауы (ҚПК 115-бабының 3-бөлігі) бұрындары дәлелдемелердің «патшайымы» болып есептелгенімен, мұндай айғақтар кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол бермеу мақсатында мұқият тексерілуге тиіс. Сондықтан тексеру барысында күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін растайтын қосымша дәлелдемелер жиналады. Олар жиынтығында қылмыстық жауаптылық пен күдіктінің кінәлілігін дәлелдеу үшін қажетті, дәлелдемелердің тиісті жүйесін құрайды және қылмыстық құқық бұзушылықты дәл осы адамның жасағанын қажетті тереңдікпен әрі дәлдікпен көрсетеді.
Жәбірленушінің, куәнің айғақтары (ҚПК 115-бабының 4–5-бөліктері) іс бойынша дәлелдеу нысанасына (ҚПК-нің 113-бабы), сондай-ақ олардың қылмыстық құқық бұзушылық субъектісімен және қылмыстық процестің өзге де қатысушыларымен қарым-қатынастарына немесе олардың жеке басы туралы деректерге қатысты болуы мүмкін. Бұл ретте айғақтар анық әрі олардың шығу көзі тиісті талаптарға сай болуы керек.
Жәбірленушінің, куәнің айғақтары болжамға, жорамалға, өсекке, қауесетке негізделген жағдайда, сондай-ақ куә өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаған жағдайларда жол берілетін дәлелдеме ретінде танылмайды. Бұдан бөлек, егер жауап алу іс бойынша процестік әрекетті жасауға өкілеттігі жоқ адаммен жүргізілсе не заңда белгіленбеген жерде, уақыт пен ұзақтықты бұза отырып (көшеде, дәмханада, бөгде пәтерде, басқа елді мекенге негізсіз алып кету арқылы, түнгі уақытта, төрт сағаттан астам үздіксіз және т.б.), кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда, жүзеге асырылса, мұндай айғақтар да жол берілетін дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар деп жауап алуды кешіктіру қылмыс іздерінің жоғалуына, оны жасаған адамдардың бой тасалауына, қылмыс салдарынан келтірілген залалды өтеу мүмкіндігінің жойылуына әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың кенеттен туындауын түсіну қажет (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 15-тармағы).
Куә ретінде жауап алуға жатпайтын адамдардың қатарына мыналар кіретінін еске салу қажет: судья; алқаби; аралық судья немесе төреші; күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның қорғаушысы, сондай-ақ олардың заңды өкілдері, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердің өкілі, сондай-ақ куәнің адвокаты; діни қызметші; өзінің жас шамасына толмауына не психикалық немесе дене кемістіктеріне байланысты іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға және олар туралы айғақтар беруге қабілетсіз адам; медиатор (заңда көзделген жағдайларды қоспағанда); ұлттық превентивтік механизмнің қатысушысы (ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда) (ҚПК-нің 78-бабының 2-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
Жәбірленушіден, куәдан, іс бойынша басқа күдіктілерден алынатын және істің өзге де материалдарында қамтылған, айыптаудың негізіне алынбайтын, бірақ қылмыстық жазаны жеңілдетуі немесе ауырлатуы мүмкін күдіктінің жеке басын сипаттайтын деректердің мазмұны ҚР ҚК-нің 53, 54-баптарында келтірілген (ҚПК 115-бабының 6-бөлігі).
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 3, 4-тармақтарында соттарды сотталушының жеке басы туралы деректерді жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағдарлайды, өйткені олардың жаза түрі мен мөлшерін айқындау үшін елеулі маңызы бар. Атап айтқанда, сотталушының денсаулық жағдайын, еңбекке қабілеттілігін, еңбекке, оқуға деген көзқарасын, сотталғандығы туралы мәліметтерді анықтау қажет.
Сотталушының отбасылық жағдайын анықтағаннан кейін соттар ҚР ҚК-нің 52-бабының 3-бөлігіне сәйкес жаза тағайындау кезінде тағайындалған жазаның оның отбасының немесе асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына ықпалын ескеруге тиіс (3-тармақ).
Бұдан басқа, сот анықтаған қылмыс жасалған кездегі өзге де мән-жайлар немесе сотталушыны сипаттайтын жағдайлар (спирттік ішімдіктерді теріс пайдалану, қоғамдағы мінез-құлық қағидаларын бұзу, отбасына, жұмысына, оқуына нашар қарау және т.б.) жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін, бірақ жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылмайды (ҚР ҚК-нің 54-бабының 1-бөлігінде көрсетілген жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың тізбесі түпкілікті болып табылады).
Сотталушының алынбаған және жойылмаған сотталғандықтары да жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін және т.б.
ҚР ҚК-нің 53, 54-баптарында көзделген белгілі бір мән-жай ҚК Ерекше бөлімінің бабының диспозициясында қылмыстың саралаушы белгілерінің бірі ретінде көрсетілген жағдайларда, ол соттар тарапынан жаза тағайындау кезінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жай ретінде қайта ескерілмеуге тиіс.
Сот талқылауының шектері сотталушыға тағылған айыппен шектеледі, ол айыптау актісін жасау кезінде тұжырымдалады. Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар айыптаудың мазмұнына енгізіледі (ҚПК 299-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы). Демек, ҚПК-нің 340-бабының талаптарына сәйкес соттың үкімде айыптау актісінде көрсетілмеген жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың бар екенін анықтауы сотталушының жағдайын нашарлатады және сот талқылауының шектерін бұзу болып табылады.
Сонымен бірге жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды тану туралы мәселені шешу айыптау шектерімен шектелмейді және басты сот талқылауы барысында анықталған істің нақты мән-жайларына негізделуге тиіс (4-тармақ).
ҚПК 115-бабының 7-бөлігінің нормалары психикалық немесе дене кемістіктеріне байланысты өзінің қорғану құқығын, оның ішінде әрекет қабілеттілігін жоққа шығармайтын психикалық бұзылуы бар адамдарды, сондай-ақ сөйлеу, көру, есту қабілетінің елеулі ақауы немесе өзге де ауыр сырқаты бар адамдарды қоса алғанда, өз құқықтарын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарға қатысты қолданылады.
Адамның (күдіктінің, айыпталушының) есінің дұрыстығына немесе психикалық не дене кемістіктеріне байланысты өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау қабілетіне күмән туындаған кезде ҚПК 271-бабы 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес сараптама тағайындау және жүргізу міндетті болып табылады (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 6 желтоқсандағы № 26 «Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық-процестік заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 10-тармағы).
Ал адамның (куәнің, жәбірленушінің) жауап алу кезінде іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға немесе жаңғыртуға және олар туралы айғақтар беруге қабілетсіз деп танылуы тек кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындау нәтижелері бойынша ғана мүмкін болады. Мұндай жағдайларда аталған сараптаманы тағайындау міндетті (ҚПК 271-бабы 1-бөлігінің 5-тармағы, ҚПК-нің 539-бабының 1-бөлігі).
Егер сараптама нәтижесінде осы мән-жай расталса, күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің айғақтары дәлелдемелік күшке ие емес деп танылады.
ҚПК 115-бабының 8-бөлігі қылмыстық қудалау органдарына құпия (жасырын) негізде көмек көрсететін адамның айғақтарын іс бойынша пайдалануға жол береді. Бұл ретте құпия көмекші куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы болуы мүмкін. Аталған адамдардан айғақтар тек олардың келісімімен алынуы мүмкін.
Сонымен қатар, егер оларға ҚПК-нің 97-бабы негізінде қауіпсіздік шаралары қолданылмаған болса, аталған адамдардан куә ретінде жауап алу сотта ҚПК 370-бабының 1–6-бөліктерінің қағидалары бойынша жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін не жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органның қызметкері қылмыстық топқа енгізген құпия көмекшілерден айғақтар алу қажет болған жағдайда өзгеше тәсіл қолданылады. Заңға сәйкес, қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында аталған адамдардың орнына жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін не жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органның басшысы куә ретінде айғақтар беруге құқылы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Қоғамов Марат Чекишевич, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық [Қылмыстық] істер [Әкімшілік] даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Статья Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар