Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 97-бабына түсініктеме. Қылмыстық процеске қатысатын жәбірленушілердің, куәлардың, күдіктілердің және өзге де адамдардың қауіпсіздік шаралары
1. Қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын куәлардың, күдіктілердің және өзге де адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процесті жүргізетін орган:
1) зорлық-зомбылық немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттер жасау қатері төнетін адамға оны қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігі туралы ресми ескерту шығарады;
2) қорғалатын адам туралы мәліметтерге қол жеткізуді шектейді;
3) оның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырма шығарады;
4) қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты зорлық-зомбылық қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкіндігін болдырмайтын бұлтартпау шараларын күдіктіге, айыпталушыға қатысты таңдайды;
5) жақындауға тыйым салу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолданады.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган шығарған ескерту адамға қолхат арқылы жарияланады.
3. Қорғалатын адам туралы мәліметтерге қол жеткізуді шектеу қылмыстық процесс басталған кезден бастап адамның өтініші бойынша жүзеге асырылуы мүмкін және қылмыстық іс материалдарынан адамның анкеталық деректері туралы мәліметтерді алып қоюдан және оларды негізгі іс жүргізуден бөлек сақтаудан, сондай-ақ осы адамның бүркеншік атты пайдалануынан тұрады. Бұл шараны қолдану туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жеке басы туралы деректерді құпия сақтау жөнінде қабылданған шешімнің себептері баяндалатын, қорғалатын адамның тергеу әрекеттерінің хаттамаларында пайдаланатын бүркеншік аты мен қолтаңбасының үлгісі көрсетілетін қаулы шығарады. Қажет болған жағдайларда қорғалатын адамның қатысуымен жүргізілетін процестік әрекеттер оны танып қоюды болдырмайтын жағдайларда жүргізілуі мүмкін. Қаулы және негізгі іс жүргізуден бөлінген материалдар мөрленген конвертке салынады, ол кейіннен қылмыстық істі тергеп-тексеретін органда сақталады және оның мазмұнымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан басқа прокурор мен сот таныса алады.
4. Қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын куәлардың, күдіктілердің, айыпталушылардың, жәбірленушілердің және өзге де адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының тәртібі заңмен айқындалады.
4-1. Қылмыстық қудалау органы Қазақстан Республикасының «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңының 7-бабының 9) тармақшасында көзделген қауіпсіздік шараларын қабылдаған кезде жиырма төрт сағат ішінде құпиялылық сақтала отырып, қадағалаушы прокурор хабардар етіледі.
5. Қауіпсіздік шараларының қабылданғанына қарамастан, қылмыстық қудалау органы жәбірленушіге, куәға, күдіктіге, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын өзге де адамға қатысты қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекетті жасау қатері анықталған жағдайда, осыған негіздер болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға міндетті.
6. Қауіпсіздік шаралары оларды қолдану қажеттілігі жойылған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органның уәжді қаулысымен не қорғалатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны анықталған жағдайда прокурордың немесе соттың қаулысымен тоқтатылады. Қорғалатын адам өзінің қауіпсіздік шараларының тоқтатылғаны немесе ол туралы деректердің қылмыстық процеске қатысатын адамдарға жария етілгені туралы дереу хабардар етілуге тиіс. Қорғалатын адамның қылмыстық процесті жүргізетін органның Қазақстан Республикасының «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңының 7-бабының 9) тармақшасында көзделген қауіпсіздік шараларын тағайындау немесе қауіпсіздік шараларын тоқтату туралы шешіміне сотқа немесе прокурорға шағым беруі шағым жасалған шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
Ескерту. 97-бапқа Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI Заңымен өзгерістер енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Комментариалдық бап қауіпсіздік шараларының түрлері мен оларды практикада іске асыру нысандарын бекітеді (ҚПК-нің 97-бабының 1–4-бөліктері). Оларды талдау қылмыстық процестің сотқа дейінгі және сот сатыларында қолданылатын қауіпсіздік шаралары процестік және процестік емес сипаттағы шараларға бөлінетінін көрсетеді. Барлық қауіпсіздік шараларын қолдану тетігі «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңда түсіндіріледі, ал оларды жүзеге асырудың тәсілдері мен әдістері құқық қорғау және арнаулы органдардың бұйрықтарында айқындалады. ҚПК-нің 97-бабының 1, 2, 4–5-бөліктерінде сөз болатын процестік қауіпсіздік шаралары қылмыстық іс материалдарында міндетті түрде көрсетілуге тиіс: қатер төндіретін адамға ресми жазбаша ескерту жасау (ҚПК-нің 97-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы); қорғалатын қатысушының жеке басы туралы деректерді құпия сақтау туралы қаулы (ҚПК-нің 97-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасы); қылмыстық құқық бұзушылық субъектісіне қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы (ҚПК-нің 97-бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасы); қылмыстық құқық бұзушылық субъектісіне жақындауға тыйым салу туралы қаулы (ҚПК-нің 97-бабы 1-бөлігінің 5) тармақшасы). Бұл қорғалатын адамдардың қатысуымен жүргізілетін процестік әрекеттердің заңдылығы мен негізділігін, сондай-ақ олардың нәтижелерінің жол берілетіндігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Осылайша, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде процестік қауіпсіздік шаралары мыналардан тұрады. Қорғалатын адамдардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне қол сұғу қатерінің бар екенін куәландыратын деректер анықталған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган зорлық-зомбылық немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттер жасау қатері төнетін адамға оны қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігі туралы ресми ескерту шығарады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган шығарған ескерту адамға қолхат арқылы жарияланады (аталған Заңның 8-бабы). Қорғалатын адам туралы мәліметтерге қол жеткізуді шектеу қылмыстық іс материалдарынан адамның анкеталық деректері туралы мәліметтерді алып қоюдан және оларды негізгі іс жүргізуден бөлек сақтаудан, сондай-ақ ол үшін бүркеншік атты пайдаланудан тұрады (аталған Заңның 9-бабы). Айыпталушы (күдікті) тарапынан қатер болған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган ҚПК нормаларына сәйкес соңғысына қатысты зорлық-зомбылық қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкіндігін болдырмайтын бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы, бұл туралы уәжді қаулы шығарады. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі. Қабылданған шешім туралы қорғалатын адам хабардар етіледі. Бұлтартпау шарасы өзгерген немесе айыпталушы (күдікті) қашып кеткен жағдайда қорғалатын адам бұл туралы дереу хабардар етілуге тиіс (аталған Заңның 10-бабы).
Сондай-ақ бұлтартпау шарасын таңдау кейде күдіктінің, айыпталушының өзін, мысалы, қылмысына белсенді түрде өкінген адамды басқа сыбайластарынан қорғау құралы ретінде де көрініс табатынын ескеру қажет. Алайда мұндай айыпталушыны тергеп-тексеру кезеңінде бас бостандығынан айыру орындарына орналастыру тергеу изоляторы немесе уақытша ұстау изоляторы әкімшілігінің оған қатысты тиісті қауіпсіздік шараларын одан әрі қолдануын жоққа шығармайды. «Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары туралы» 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңның 18-бабына сәйкес, күдіктінің немесе айыпталушының өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде не басқа күдіктілер мен айыпталушыларға қарсы жеке адамға қатысты қылмыс жасау қатері туындаған жағдайда, қамауда ұстау орындарының қызметкерлері де осындай қатер төнген күдіктінің немесе айыпталушының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде дереу шаралар қабылдауға міндетті.
Қауіпсіздік шараларының қатарында жақындауға тыйым салу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдануға заң жол береді (ҚПК-нің 97-бабы 1-бөлігінің 5) тармақшасы). Осы қауіпсіздік шарасының процестік нысаны ҚПК-нің 165-бабымен реттеледі және мынадай тәртіптен тұрады. Күдікті, айыпталушы отбасы мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қолданумен немесе оны қолдану қатерімен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған не мұндай нақты қатер болған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге де адамның жазбаша өтініші бойынша жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы сот алдында өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жолдайды. Қаулыға жақындауға тыйым салуды қолдану қажеттілігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі. Ұсынылған материалдарды қарап шыққан прокурор өтінішхатты қолдайды не оны қолдаудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Өтінішхатты қолдаған жағдайда прокурор өтінішхатты және іс материалдарының көшірмелерін сотқа жолдайды. Өтінішхатты және ұсынылған іс материалдарын қарап шыққан тергеу судьясы жақындауға тыйым салуды санкциялау немесе санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Жақындауға тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін. Жақындауға тыйым салуды бұзған жағдайда күдіктіге, айыпталушыға ҚПК-нің 159, 160-баптарында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы, сондай-ақ бұлтартпау шарасы таңдалуы мүмкін.
Қылмыстық процеске қатысушылардың жеке қауіпсіздігінің процестік емес шаралары (ҚПК-нің 97-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасы, 4-бөлігі) алуан түрлі сипатқа ие. Олар қылмыстық процесті жүргізетін органның тапсырмасы бойынша қолданылады және мынадай нысандарда іске асырылады. Мәселен, қорғалатын адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне қол сұғу қатерінің бар екенін куәландыратын деректер анықталған кезде олардың келісімімен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар олардың жеке басын, тұрғын үйі мен мүлкін күзетуді жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда қорғалатын адамның келісімімен өртке қарсы және күзет сигнализациясы құралдары, техникалық бақылау құралдары орнатылады, пайдаланылатын көлік құралдарының телефон нөмірлері мен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері ауыстырылуы мүмкін (аталған Заңның 14-бабы).
Қорғалатын адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің дәрежесін ескере отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар белгіленген тәртіппен аталған адамдарға қару, арнайы жеке қорғану құралдары, сондай-ақ өздеріне қатысты жасалатын құқыққа қайшы қол сұғушылықтарды тіркеуге және қауіп туралы хабарлауға арналған техникалық құралдар бере алады. Қорғалатын адамдарға берілген қаруды сақтау, алып жүру және қолдану «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Заңға сәйкес жүзеге асырылады (аталған Заңның 15-бабы).
Қажет болған жағдайда кәмелетке толған қорғалатын адамдар олардың келісімімен, ал кәмелетке толмағандар ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен өздерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін орындарға уақытша орналастырылуы мүмкін. Мұндай жерде болу мерзімі қорғалатын адамдар мен қорғауды қамтамасыз ететін орган арасында келісіледі (аталған Заңның 16-бабы). Осы қауіпсіздік шарасын қабылдау туралы да жиырма төрт сағат ішінде құпия түрде қадағалаушы прокурор міндетті түрде хабардар етіледі (ҚПК-нің 97-бабының 4-1-бөлігі). Аталған қауіпсіздік шарасын тағайындау туралы шешімге (бұл ретте оның орындалуы тоқтатыла тұрады) қорғалатын адам сотқа немесе прокурорға шағым жасай алады (ҚПК-нің 6-бабының 6-бөлігі, 97-бабы).
Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органның шешімі бойынша өзі айқындайтын мерзімге қорғалатын адамдардың жеке басы, олардың тұрғылықты жері және олар туралы өзге де мәліметтер жөніндегі деректерді ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мекенжай бюроларынан, паспорт қызметтерінен, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелерінен, автоматты телефон байланысының анықтамалық қызметтерінен және басқа да ақпараттық-анықтамалық қорлардан беруге тыйым салынуы мүмкін. Бұған басқа қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге байланысты осындай мәліметтер белгіленген тәртіппен анықталатын жағдайлар кірмейді (аталған Заңның 17-бабы).
Қорғалатын адамдардың келісімімен немесе олардың өтініші бойынша олар басқа уақытша немесе тұрақты жұмысқа (қызметке), не оқу орнына ауыстырылуы, басқа уақытша немесе тұрақты тұрғылықты жерге көшірілуі мүмкін. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар өз құзыреті шегінде қорғалатын адамдарды жұмысқа орналастыруға және оқуға орналастыруға жәрдем көрсетуге міндетті (аталған Заңның 18-бабы).
Қорғалатын адамдардың өтініші бойынша немесе олардың келісімімен оларға өзгертілген анкеталық деректері бар жеке басын куәландыратын құжаттар және өзге де құжаттар берілуі мүмкін. Жаңа анкеталық деректер қорғалатын адаммен міндетті түрде келісіле отырып таңдалады немесе оны қорғалатын адамның өзі таңдайды, ал кәмелетке толмағандар үшін олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімі қажет (аталған Заңның 19-бабы).
Қорғалатын адамның қауіпсіздігін басқа шаралармен қамтамасыз ету мүмкін болмайтын айрықша жағдайларда, оның өтініші бойынша немесе келісімімен, ал кәмелетке толмаған адам үшін оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен оның сыртқы келбетін өзгертуге жол беріледі (аталған Заңның 20-бабы).
Қауіпсіздік шараларын тоқтатуға қылмыстық процесті жүргізетін орган нақты бір қылмыстық процеске қатысушының қауіпсіздігіне ешқандай қатер төнбейтіні туралы деректер болған жағдайда ғана жол беріледі. Бұл ретте адамды қауіпсіздік шараларының тоқтатылғаны немесе ол туралы деректердің іс бойынша іс жүргізуге қатысатын адамдарға жария етілгені туралы дереу хабардар ету өте маңызды (ҚПК-нің 97-бабының 6-бөлігі). «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын тоқтату туралы шешімге қорғалатын адам сотқа немесе прокурорға шағым жасай алады, бұл оның орындалуын тоқтата тұрады (ҚПК-нің 97-бабының 6-бөлігі).
Жалпы қағида бойынша қауіпсіздік шарасын қолдану туралы шешім қабылдаған орган оны тоқтатады. ҚПК мен «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заң нормаларының мәні бойынша, қабылданған шешім негізінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету іс бойынша іс жүргізудің бүкіл кезеңінде, қылмыстық істің қай сатыда қаралып жатқанына қарамастан, негізінен, сотқа дейін қылмыстық іс өз өндірісінде болған қылмыстық қудалау органдарының тиісті бөлімшелеріне жүктеледі. Қажет болған жағдайда қауіпсіздік шараларының жекелеген түрлерін қамтамасыз етуге басқа да мемлекеттік органдар тартылуы мүмкін (мысалы, сыртқы келбетін өзгерту қажет болған кезде денсаулық сақтау органдары; басқа тұрғылықты жерге көшіру, жұмыс немесе оқу орнын ауыстыру қажет болған кезде жергілікті атқарушы органдар және т.б.).
Жедел-іздестіру қызметі туралы заңға сәйкес (23-бап), қылмыстық процестің іс бойынша анықталуға жататын мән-жайларды дәлелдеу мүмкіндіктерін толықтыра отырып, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтар да мемлекеттік қорғауда болады. Азаматтардың жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесуіне байланысты олардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне құқыққа қайшы қол сұғудың нақты қатері туындаған кезде бұл органдар құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу, кінәлі адамдарды анықтау және оларды жауаптылыққа тарту, сондай-ақ қажет болған жағдайда осы адамдарды қорғау жөніндегі арнаулы іс-шараларды заңдарға сәйкес жүргізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы Қылмыстық-процестік кодексіне түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік қаулы Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік даулар Қорғау Төрелік даулар Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар