Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 153-бабына түсіндірме. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту
- 1. Бұлтартпау шарасының қажеттілігі жойылған кезде оның күші жойылады немесе осы Кодекстің 136 және 138-баптарында көзделген негіздер мен мән-жайлар өзгерген кезде ол неғұрлым жеңіл немесе неғұрлым қатаң шараға өзгертіледі.
- 2. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту қылмыстық процесті жүргізетін органның уәжді қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
- 3. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында прокурормен келісу бойынша немесе оның нұсқауы бойынша таңдалған бұлтартпау шарасының күші тек прокурордың келісімімен жойылуы немесе өзгертілуі мүмкін.
- 4. Қылмыстық қудалау органы қаулысының бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою туралы шағымдану, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау осы Кодекстің 100 — 106-баптарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
- 5. Тергеу судьясы санкциялаған бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту, осы Кодекстің 145-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі.
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық істі немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешім қабылдаған кезде бұлтартпау шарасының күші прокурордың келісімімен жойылады.
- 6. Кепіл, күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою туралы қаулыға шағым жасау осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
- Ескерту. 153-бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 03.07. № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 11.07. № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 21.12. № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен енгізілген өзгерістерімен.
- Бұлтартпау шарасы, оны таңдау, күшін жою немесе өзгерту мәселесі қылмыстық процестің сатыларында қылмыстық істің қозғалысының барлық кезеңдерінде талқыланады, ал оны шешу іс бойынша нақты негіздер мен мән-жайлардың болуына байланысты болады, яғни бір кездері таңдалған бұлтартпау шарасы назардан тыс қалып, өзгеріссіз күйде қалмайды (ҚПК-нің 153-бабының 1-бөлігі).
- Бұлтартпау шарасы қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысы негізінде қолданылатындықтан, тиісінше, оның күші уәжді қаулы шығару арқылы жойылуы немесе ол өзгертілуі мүмкін (ҚПК-нің 153-бабының 2-бөлігі).
- Мысалы, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін (тұлға бұл қаулы шығарылғанға дейін ұсталған жағдайда) не кейіннен оны өзгерткен немесе толықтырған соң объективті түрде бұлтартпау шарасының күшін жоюды немесе оны өзгертуді талап етуі мүмкін жаңа мән-жайлар пайда болады.
- Алайда бұл мәселеде ҚПК-нің 153-бабының 3 және 5-бөліктерінде көрсетілген екі ерекшелік бар.
- Біріншісі. ҚПК-нің 137-бабының 1-бөлігінде көрсетілген барлық бұлтартпау шаралары, оның ішінде жеке бас бостандығын шектеуге байланысты шаралар, егер олар прокурормен келісу бойынша немесе прокурордың жазбаша нұсқауы бойынша таңдалған болса, тек прокурордың жазбаша келісімімен ғана жойылуы немесе өзгертілуі мүмкін (ҚПК-нің 153-бабының 3-бөлігі).
- Екіншісі. Тергеу судьясының санкциясымен таңдалған бұлтартпау шарасының (үйқамақ, күзетпен ұстау, кепіл) күшін жою немесе оны өзгерту мәселесі біршама өзгеше шешіледі. Бұл жерде, осылайша, бұлтартпау шараларын толық жою немесе оларды басқа шараларға не өзара өзгерту туралы сөз болып отыр. Осындай жағдайлар туындаған кезде заң қылмыстық қудалау органының прокурормен келісілген өтінішхаты негізінде және тек тергеу судьясының санкциясымен ғана бұл мәселені шешуге жол береді (ҚПК-нің 153-бабының 5-бөлігі).
- Заң тергеу судьясының санкциясын алудың қажеті жоқ жағдайларды да қарастырады: сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық істі немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешім қабылдаған кезде күзетпен ұстау, үйқамақ, кепіл түріндегі бұлтартпау шарасының күші прокурордың келісімімен жойылады.
- Келтірілген жағдайда тергеу судьясының келісімін алу талап етілмейді, өйткені қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында аяқталуына байланысты бұл бұлтартпау шараларының күшін жою дереу жүзеге асырылуға тиіс.
- ҚПК-нің 153-бабының 5-бөлігінің бірінші абзацында қамтылған ескерту ҚПК-нің 148-бабының 8-бөлігінде көзделген тәртіппен шығарылған тергеу судьясының қаулысы негізінде күдікті, айыпталушы кепіл енгізген жағдайда, аталған адамдарды күзетпен ұстаудан босату туралы қаулы қабылдау және бұл туралы тергеу судьясына, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін адамға жазбаша хабарлау міндеті заңмен іс жүзінде жүктелетін ұсталғандарды ұстау орнының немесе тергеу изоляторының бастығының өкілеттіктеріне де қолданылады. Сондай-ақ олар ҚПК-нің 145-бабының 8-бөлігіне сәйкес кепіл енгізілген жағдайда (тергеу судьясының қаулысына сәйкес) күдіктіге, айыпталушыға кепіл бойынша міндеттерді және оларды орындамаудың салдарын түсіндіруге міндетті.
- Қылмыстық қудалау органының қаулысы негізінде бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту туралы шешімге ҚПК-нің 100—106-баптарында көзделген тәртіппен прокурорға да, тергеу судьясына да шағым жасалуы және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін, ал кепіл, үйқамақ, күзетпен ұстау шараларының күшін жою туралы шешімге ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен тек тергеу судьясына ғана шағым жасалады және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралады (ҚПК-нің 153-бабының 4-бөлігі).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсіндірме. Автор: Қоғамов Марат Чекишевич, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар